YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 18

18
Патшазада Жонатанның Дәуітпен достасуы
1Дәуіт Саулмен сөйлесіп болғанда, патшазада Жонатан оны қатты ұнатып, жанындай жақсы көріп қалды.#18:1 Яки: Жонатанның жаны Дәуіттің жанымен байланысып, оны өзіндей жақсы көріп қалды. 2Саул сол күннен бастап Дәуітті өзінің қасында қалдырып, әкесінің үйіне қайтармай қойды. 3Дәуітті сондай жақсы көріп қалған Жонатан онымен серттесіп дос болып, 4үстіндегі шапанын, қару-жарағын, тіпті семсерін, садағы мен белдігін де шешіп сыйлады.
5Саул Дәуітті қай тапсырмамен жұмсамасын, ол бәрін де ақыл-парасатпен#18:5 Яки: табыспен. орындап шығатын. Сол себепті Саул оны бір топ сарбаздың басшысы етіп қойды. Бұл шешім бүкіл халыққа да,#18:5 Немесе: бүкіл жасаққа да. Саулдың нөкерлеріне де ұнады.
Саулдың Дәуітті көре алмай, өлтіруге ұмтылуы
6Дәуіт філістірдің көзін құртып, бүкіл жасақ елге қайтып келе жатқанда, Саул патшаны қарсы алу үшін Исраилдің барлық қалаларынан әйелдер алдарынан шықты. Олар ән айтып, би билеп, даңғыраларда#18:6 Яки: қол барабандарда. ойнап, қуана әндетіп, үш ішекті аспаптарды шертіп ойнап жүрді. 7Әйелдер би билеп:
«Саул мыңдаған жауын жеңіп жойды,
Ал Дәуіттің жойғаны он мың болды!»
— деп дауыстап ән салды.
8Ал Саул қатты ашуланып, бұл сөздерді тіпті жақтырмай: «Олар Дәуітке он мыңдаған, ал маған не бары мыңдаған жеңілген жау үшін мақтау айтты! Енді оған жетпей тұрғаны патшалық билік қана!» — деп налыды. 9Сол күннен бастап Саул Дәуітке қызғанышпен қарайтын болды.
10Келесі күні Құдай жіберген қинайтын рух Саулға қайтадан бас салып, ол сарайында ерекше көңіл күйіне түсіп мазасызданды. Дәуіт оны тыныштандыру үшін бұрынғыша күй тартып отырды. Саулдың қолында сүңгісі бар болатын. 11«Дәуітті қабырғаға қадап тастайыншы!» деген оймен патша сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Бірақ Дәуіт жалтарып үлгерді, екінші ретте де солай болды.
12Саул Дәуіттен қорқа бастады, себебі Жаратқан Иенің өзін тастап, Дәуітке жар болғанына көзі жетті. 13Оны қасынан алыстатып, мыңбасы етіп қойды. Бұдан былай Дәуіт сарбаздарын жорықтарға бастап жүрді. 14Ол қай істе де парасаттылық танытып отырды, өйткені Жаратқан Ие оған жар болды. 15Дәуіттің табыстарын көргенде Саул одан бетер сескенді. 16Бірақ бүкіл Исраил мен Яһуданың халқы өздерін жорықтарға бастап шығатын Дәуітті жақсы көрді.
Жеңімпаз Дәуіттің патша қызы Михолға үйленуі
17Сол кезде Саул: «Мен оған қол жұмсамай-ақ қояйын, соны філістірлерге қалдырайын!» деген айлалы оймен Дәуітке:
— Тек ерлікпен маған қызмет етіп, Жаратқан Ие үшін шайқаса бер! Саған үлкен қызым Мерабты әйелдікке беремін! — деп уәде етті. 18Дәуіт:
— Патшаның күйеу баласы болатындай мен кіммін, отбасым мен шыққан әулетім де кім, сонша?! — деп кішіпейілділік танытты.
19Алайда Саул қызы Мерабты Дәуітке ұзататын уақыты келгенде, оны Дәуітке емес, мехолалық Әдіриел деген біреуге берді.
20Ал Саулдың басқа қызы Михол#18:20 Ол Мелхола деп те аталады. Дәуітке ғашық болатын. Осы туралы хабар алған Саул соны мақұл көріп, 21«Дәуітке Михолды беремін. Осылай оны тұзаққа түсіріп, філістірлер арқылы көзін құртамын» деген айлалы жоспар құрды. Дәуітке екінші рет: «Қызыма үйлен», — деп ұсыныс жасап, 22қызметшілеріне де мынадай бұйрық берді: «Дәуітпен жеке сөйлесіп, оған: Сені патша қатты ұнатады, оның барлық нөкерлері де сені жақсы көреді. Ендеше патшаның қызына үйленсеңші деңдер!»
23Саулдың қызметкерлері оның бұл сөздерін Дәуітке жеткізгенде ол: «Патшаның күйеу баласы болуды болмашы нәрсе көріп отырсыңдар ма?! Мен кедеймін, беделім де зор емес!» — деп жауап берді. 24Қызметкерлер мұны Саулға хабарлағанда, 25ол: «Дәуітке былай деп айтыңдар: Патша сенен қалыңмал ретінде тек жүз філістірді өлтіріп, соның дәлелдерін#18:25 Яки: өлтіріп, сүндет терілерін. (Бұлар філістірлердің Құдайға бағынбағандықтарының белгісі болатын: 14:6.) алып келуіңді ғана тілейді. Ол жауларынан осылай кек алмақшы», — деді. Ал шынында Саул Дәуітті філістірлердің қолымен құртпақ болды.
26-27Нөкерлер Дәуітке осы шартты білдіргенде, ол патшаның қызына үйленуді дұрыс көрді. Белгіленген күндер өтпей жатып, Дәуіт қарауындағы адамдарымен жорыққа аттанып, екі жүз філістірді өлтірді. Қызына үйлену үшін Дәуіт патшаға батырлық ісінің дәлелдерін түгелдей алып келіп берді. Сонда Саул оған қызы Михолды қосты.
28Саул Жаратқан Иенің Дәуітке жар болғанын және өзінің қызы Михолдың оны жақсы көретінін түсініп, 29Дәуіттен бұрынғыдан бетер қорқатын болды. Оны өле-өлгенше өзінің қас жауындай көрді.
30Філістірлердің қолбасшылары елге шабуыл жасаған сайын Дәуіт Саулдың басқа қызметкерлеріне қарағанда әлдеқайда парасатты әрекет жасап, даңқы өскен үстіне өсе түсті.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in