YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 19

19
Саулдың Дәуітті өлтіруге бұйырып, Жонатанның оған ара түсуі
1Содан Саул өзінің ұлы Жонатан мен нөкерлеріне: «Дәуіттің көзін құрту керек!» — деп бұйырды.#19:1 Немесе: Жонатан мен нөкерлеріне өзінің Дәуіттің көзін құртпақшы екенін айтты. Бірақ Дәуітті қатты ұнататын 2Жонатан оны сақтандырып:
— Әкем сені өлтіруге тырысып жүр! Ертең таңертең сақ бол. Жасырын жерге тығылып, сонда қал. 3Мен де әкеммен бірге сол жақтағы далаға шығып, онымен сен туралы сөйлесемін. Оның ойын біліп алып, кейін саған айтып беремін, — деді.
4Жонатан әкесіне Дәуітті мақтай сөйлеп былай деді:
— Патшам, қызметшіңіз Дәуітке қарсы күнә жасай көрмеңіз! Оның сізге жасаған ешбір жамандығы жоқ. Керісінше, істегендерінен өзіңіз көп жақсылық көрдіңіз. 5Ол сол філістірді өлтіргенде өз басын тәуекелге тікті. Бұл арқылы Жаратқан Ие бүкіл Исраилді жауынан құтқарды. Сіз осыны көріп, шаттанған едіңіз. Ендеше, неліктен себепсізден-себепсіз Дәуітті өлтіріп, жазықсыз жанға қарсы күнә жасамақсыз?
6Саул ұлының сөзіне құлақ асып:
— Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: Дәуіт өлтірілмейді! — деп ант етті. 7Жонатан Дәуітті шақырып алып, осы сөздерді түгел айтып берді. Оны Саулға ертіп апарып, Дәуіт бұрынғыдай қызметіне кірісті.
Михолдың Дәуітке қашып құтылуға көмектесуі
8Соғыс қайтадан бұрқ ете қалды. Дәуіт те філістірлермен шайқасуға шығып, оларды қатты соққыға ұшыратып, қашуға мәжбүр етті. 9Кейін Саул сарайында отырғанда Жаратқан Ие жол берген қинайтын рух оған тағы да қонып, Дәуіт домбырасын тартты. Саулдың қолында сүңгісі бар еді. 10Кенет Саул Дәуітті қабырғаға қадап өлтірмек болып, сүңгісін оған қарай лақтырып жіберді. Дәуіт жалтарып үлгеріп, аман қалды. Сүңгі қабырғаға қадалды. Сол түні Дәуіт қашып кетіп құтылды.
11Сонда Саул Дәуіттің үйін күзеттіріп, таң атысымен-ақ оны өлтіру үшін сарбаздарын жіберді. Әйелі Михол Дәуітке: «Бүгін түнде бас сауғалап, қашпасаң, ертең таңертең сені өлтірейін деп отыр!» — деп ескертіп, 12оны терезеден төмен түсіріп жіберді. Осылай Дәуіт қашып құтылып кетті. 13Михол бір мүсінді#19:13 Немесе: бір жалған тәңірдің мүсінін (Жар 31:19). алып, төсекке жатқызып, үстін жамылғымен жапты да, бас жағына ешкі жүнінен тоқылған перде қойды. 14Саулдың Дәуітті қолға түсіру үшін жіберген сарбаздарына ол: «Дәуіт ауырып#19:14 Яки: қатты шаршап. жатыр», — деді. 15Сонда Саул адамдарын Дәуіттің өзін көруге жіберіп, оларға: «Оны төсегімен бірге көтеріп алып келіңдер, мен көзін жоямын!» — деп бұйырды. 16Олар үйге кіріп, қараса — төсекте жатқан жай ғана мүсін, бас жағында жатқан ешкі жүнінен тоқылған перде екен! 17Саул Михолға:
— Мені неге соншама алдап, жауымды қашырып жібердің? — деп зекігенде, қызы былай деп жауап берді:
— Ол: «Мені жібер! Әлде сені өлтірейін бе?» деп тұрып алды.
Дәуіттің Самуил пайғамбардың үйінде бас сауғалауы
18Ал Дәуіт қашып құтылып, Рамақтағы Самуилге барып, Саулдың өзіне істегендерінің бәрін айтып берді. Содан ол Самуилге еріп Найотқа#19:18 Набат деп те аталған бұл жерде Самуил пайғамбардың шәкірттері тұратын (19:20). барып, сол жерде тұратын болды. 19«Дәуіт Рамақтағы Найотта тұрып жатыр екен» деген хабар Саулдың құлағына жеткенде, 20патша Дәуітті қолға түсіру үшін адамдарын жіберді. Бұлар келіп, ерекше көңіл күйіне түскен пайғамбарлар тобын және оларды бастап жүрген Самуилді көргенде, Құдайдың Рухы Саулдың адамдарына қонып, солар да ерекше күйге түсті.#19:20 Немесе: ерекше көңіл күйіне түсіп, Құдайды мадақтады (10:5). 21Саул осы туралы естіп, басқа кісілерін жұмсап, бұлар да ерекше күйге түсті. Патша үшінші рет нөкерлерін жібергенде олармен де солай болды.
22Енді Саулдың өзі Рамаққа барып, Секудегі үлкен құдыққа жеткенде: «Самуил мен Дәуіт қайда?» — деп сұрастырып, «Рамақтағы Найотта!» — деген жауап алды. 23Сол жерге бара жатқан кезде Саулға да Құдайдың Рухы қонып, оны ерекше көңіл күйіне түсіріп, ол Рамақтағы Найотқа жеткенше солай болды. 24Бұл жерде Саул сырт киімін шешіп тастап, Самуилдің алдында пайғамбар іспетті ерекше күйде болып, жерге құлап түсті. Бұл күні және түні бойы патша сырт киімсіз жатып шықты. Сол себептен де жұрт: «Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» деп айтады.#19:24 10:11-12.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in