Патшалықтар 1-ж. 14
14
Патшазада Жонатан батырдың жалғыз өзі жауға қарсы шабуы
1Бір күні Саулдың ұлы Жонатан өзінің қару-жарағын көтеріп жүретін нөкер жігітіне: «Жүр, арғы беттегі філістірлердің жасақшылар тобына#14:1 Яки: солтүстік жақтағы қарауылшылар тобына (13:23). қарай өтіп барайық», — деді. Жонатан әкесіне бұл туралы ештеңе айтпаған болатын.
2Саул сол кезде Гибея қаласының шетіндегі Мигронда бір анар ағашының саясында отырған еді. Оның қасында алты жүздей адамы және 3діни қызметкер Ахиях болды. Ахиях Иқабодтың ағасы Ахитұбтың ұлы, Пінехестің немересі, Елидің шөбересі еді. Ели кезінде Шилодағы ғибадатханада Жаратқан Иенің діни қызметкері болған еді. Енді Ахиях діни қызметкердің жеңсіз сырт киімін киіп жүрді.#14:3 14:18. Ал Жонатанның кетіп қалғанын ешкім білмей қалды.
4Філістірлердің жасақшылар тобына жету үшін Жонатан екі жағы да шыңырау, тік жартасы бар асу арқылы өтуі керек болды. Жартастар Босес және Сенех#14:4 Босес «Жылтыраған», ал Сенех «Ошағанды» дегенді білдіреді. деп аталатын, 5біреуі асудың солтүстік, Миқмас жағында, екіншісі оның оңтүстік, Геба жағында тұрған болатын.
6Жонатан нөкеріне былай деді:
— Жүр, мына құдайсыздардың#14:6 (31:4) Яки: сүндеттелмегендердің. (Сол заманда сүндеттелу Құдайдың өз халқымен жасаған Келісімінің сыртқы белгісі болатын: Жар 17:10.) тобына барайық. Мүмкін, Жаратқан Ие бізге көмектесер. Не аз, не көп адам арқылы болсын, бәрібір Жаратқан Ие құтқара алады! — 7Әлгі жігіт:
— Жарайды, ойға алғаныңызды орындаңыз. Қайда барсаңыз да, сізді жан-тәніммен қолдаймын, — деп жауап берді.
8Сонда Жонатан ойындағысын білдірді:
— Бері қара, аналардың жағына қарай өтіп барып, оларға көрінейік. 9Егер олар: «Біз төмен түсіп келгенше күте тұрыңдар» десе, онда тұрған жерімізде қала берейік. 10Ал егер: «Бізге қарай жоғары көтеріліңдер» десе, солай істейміз. Бұл Жаратқан Иенің оларды қолымызға табыстағанының белгісі болмақ.
11Осылайша екеуі філістір жасақшылары өздерін көре алатындай жерге жетті. Оларды байқап қалған філістірлер өзара: «Қараңдаршы, бір-екі исраилдік#14:11 Немесе: еберлік. Яки: жалданушы көшпенді (13:3). тығылып қалған қуыстарынан шығып келе жатыр», — десіп, 12екеуін: «Бері шығыңдар, сендерге бір нәрсе көрсетеміз!» — деп дауыстап шақырды.
Сонда Жонатан нөкеріне: «Маған ілес! Жаратқан Ие оларды Исраилдің қолына берді!» — деп, 13тырмысып жоғары өрмелей бастады. Қасындағы жігіт соңынан қалмай ілесіп отырды. Жонатан жоғары шығып алған соң, дұшпандар оның алдында құлап түсті. Артынан ерген нөкері оларды өлтіріп отырды.
14Осы бірінші шабуылда Жонатан, нөкері екеуі шағын жер танабында#14:14 Яки: бір пар өгіз жарты күнде жыртып шығатын жердің көлемінде. жаудың жиырма шақты адамының көзін құртты. 15Әскер қосында және далада жүрген барлық філістір жасақшыларының зәрелері ұшып, қарауылдағы және елді тонаушы топтар да қалшылдап қорықты. Жер де сілкінді. Бұл Құдайдың жіберген өте үлкен үрейі болды.
16Бунямин жеріндегі Гибеяда Саулдың бақылаушылары філістір жасағының жан-жаққа тым-тырақай қашып жатқанын байқады. 17Саул қасындағыларына: «Сарбаздарды түгелдеңдер! Арамыздан тыс кеткен біреу бар ма екен?» — деп бұйырды. Сонда Жонатан мен оның нөкерінің жоқ екендігі анықталды. 18Саул діни қызметкер Ахияхқа: «Жеңсіз сырт киімді осында алып келіңіз», — деді.#14:18 Патша Құдайдың еркін білгісі келіп, діни қызметкерге ресми жеңсіз сырт киімінің үстінен киілетін төс қалтада сақталатын қасиетті жеребелерді салдырмақ болды (14:19; 23:6-8; Мыс 28:15,30). Себебі сол кезде Ахиях оны исраилдіктердің алдында киіп жүретін.#14:18 Немесе: «Құдайдың сандығын осында алып келіңіз», — деді. Себебі сандық сол кезде исраилдіктердің араларында болатын.
19Бірақ Саул онымен сөйлесіп тұрған сәтте філістір қосындағы абыржудың үдеп кеткені сонша, Саул діни қызметкерге: «Қолыңызды салмай-ақ қойыңыз!» — деді де, 20сарбаздарын жинап алып, жауға қарсы ұрысқа шықты. Қараса, асып-сасқан філістірлер аласапыран болып бір-бірімен шайқасып жатыр екен! 21Філістірлермен бірге жүрген, олардың жағына бұрынырақ өтіп кеткен жалдамалылар#14:21 Немесе: өтіп кеткен исраилдіктер; яки: өтіп кеткен еберліктер (13:3; 14:11). енді бұрылып, Саул мен Жонатанның қасындағы исраилдіктерге келіп қосылды.
22Ефрем руының таулы жерінде тығылып жатқан барлық исраилдіктер де філістірлердің қаша бастағаны туралы естіп, олардың соңына түсіп, қуып кетті. 23Осылай Жаратқан Ие исраилдіктерді сол күні жау қолынан құтқарды.#14:23 Яки: сол күні жеңіске жеткізді (14:45). Шайқас тіпті Бет-Әбеннен әрі қарай жайылды.
Саул патшаның албырттықпен ант етуі
24Бірақ исраилдіктер сол күні қатты шаршап, қиналған болатын. Себебі Саул оларға: «Кеш батқанға дейін, мен жауымнан кегімді алып болмайынша, тамақтан ауыз тиген әркімді қарғыс атсын!» — деп тыйым салып, онысын антпен бекіткен еді. Сондықтан жасақшылар күн ұзағына нәр татпады.
25-26Кейін бүкіл жасақ бір орманға кірді. Міне қызық, жер-жерде жабайы араның балы ағып тұрды! Алайда сарбаздары Саулдың антынан қорқып, ешқайсысы дәм татуға батпады. 27Бірақ әкесінің жасақты антпен байлап қойғаны туралы естімеген Жонатан қолындағы таяғының ұшын балауызға тығып алып, біраз бал жеді. Сонда ол біршама әлденіп, көздері жайнап шыға келді.
28Сарбаздардың біреуі оған:
— Әкеңіз бүкіл жасақты: «Бүгін тамақтан ауыз тиген әркімді қарғыс атсын!» деп қатаң антпен байлап қойған болатын. Халықтың қалжырап қалғаны да осыдан, — деді. 29Жонатан:
— Әкем елді ауыртпалыққа салды. Қараңдаршы, мына балдан біразырақ жегенімде әлденіп, көзім жайнап қоя берді. 30Егер де бүгін халық жаудан түскен олжадан тамақ жеп, әлденіп алғанда, қазір філістірлерге берген соққымыз бұдан да зор болған болар еді! — деп қынжылды. 31Сол күні Исраилдің сарбаздары жауды Миқмастан Аялонға#14:31 Аялон філістірлер мекендеген жазықтың шет жағындағы қала еді. дейін қуып, талқандап, қатты қалжырады.
32Сол себепті олар (кешке қарай) қолдарына түскен олжаға бас салып, сол жерде-ақ қой, өгіз, бұзауларды сойып, етін қанымен#14:32 Яғни сойғанда қанын түгелдей ағызып тастамай. (Исраилдіктерге қаннан ауыз тиюге тыйым салынған еді: Жар 9:4; Леу 3:17.) бірге жей бастады. 33Біреу Саулға:
— Білесіз бе, халық етті қанымен бірге жеп, Жаратқан Иенің алдында күнә жасап жатыр, — дегенде, ол:
— Бұларың барып тұрған опасыздық! Маған осы жерге бір үлкен қойтасты домалатып алып келіңдер! — деп бұйырды. 34Содан соң ол: — Халықтың арасына барып: «Әрқайсың ірілі-ұсақты малдарыңды қасыма алып келіп, осы жерде сойып, жеңдер! Етті қанымен жеп, Жаратқан Иенің алдында күнә жасамаңдар!» деген жарлығымды таратыңдар! — деп әмір етті.
Сол түні әрбір адам қолына түскен мүйізді ірі қара малын алып келіп, сол жерде бауыздады. 35Бұдан кейін Саул Жаратқан Иеге арнап құрбандық жасайтын орын тұрғызды. Ол мұны сол жолы алғашқы рет істеді.
Патшазада Жонатанның өлімге бұйырыла жаздауы
36Содан соң Саул:
— Осы түні філістірлердің соңынан түсіп, таң атқанша олардың мал-мүлкін олжалап, ешкімді тірі қалдырмайық! — деді. Сарбаздары:
— Дұрыс деп тапқаныңыздың бәрін істеңіз, — деп жауап берді. Ал діни қызметкер:
— Алдымен Құдайдың еркін сұрап-біліп алайық! — деп кеңес берді. 37Саул Құдайдан: «Філістірлердің соңынан түсіп қуайын ба? Сен оларды Исраилдің қолына түсіресің бе?» — деп сұрағанда, Құдай еш жауап бермеді. 38Сонда Саул:
— Жасақтың күллі басшылары, осында жиналыңдар! Бүгін қандай күнә жасалғанын анықтайық! — деп бұйырды. 39Содан ол: — Исраилдің Құтқарушысы — мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамын: осы күнәні жасаған әркім, тіпті өз ұлым Жонатан болса да, өлуге тиіс! — деп ант етті. Бірақ бүкіл жасақтағы бірде-бір адам үндемеді. 40Сонда Саул бүкіл Исраилге:
— Сендер барлығың бір жаққа, ұлым Жонатан екеуіміз келесі жаққа шығып тұрайық, — деді. Олар:
— Мақұл, — деп айтқанына көнді.
41Саул Исраилдің Құдайы — Жаратқан Иеге сиынып: «Анық білдірте көр», — деп өтінді. Жеребе тасталып, ол Жонатан мен Саул жаққа түсті, ал сарбаздары ақталып шықты. 42Саул: «Енді жеребені ұлым Жонатан екеуімізге салыңдар!» — деп бұйырып, жеребе Жонатанға түсті. 43Саул одан:
— Сен не істеп қойдың, соны маған мойындап айтшы, — деп сұрағанда, Жонатан:
— Мен қолымдағы таяғымның ұшымен балдан аздап дәм татқан едім. Енді, міне, өлмекпін, — деп жауап берді. 44Сонда Саул:
— Жонатан, сен міндетті түрде өлесің! Әйтпесе Құдай мені жазалаған үстіне жазаласын! — деп ант етті. 45Алайда жасақшылар:
— Исраилді осындай ұлы жеңіске#14:45 Яки: құтқарылуға (14:23). жеткізген Жонатан қалайша өлуге тиіс? Олай болмайды! Мәңгі тірі Жаратқан Иенің алдында шын айтамыз: оның басындағы тіпті бір тал шашын да түсіруге болмайды! Ол бүгін бәрін Құдайдың қолдауымен істеді, — деп, Жонатанды өлімнен құтқарып қалды. 46Ал Саул філістірлерді қууын тоқтатып, қайта оралды. Олар да өз жерлеріне қайтып кетті.
Саулдың жеңістері, өз әулеті мен жасағы
47Саул Исраилге патшалық құруын нығайтқаннан кейін айналасындағы барлық жауларымен: Моаб, Аммон, Едом халықтарымен, (Арамадағы) Собаның#14:47 (Пат2 8:3-4) Яки: Цованың. патшаларымен және філістірлермен соғысты. Саул қарсы аттанған барлық дұшпандарының зұлымдықтарын жазалады. 48Патша ерлікпен соғысып, Амалектің жасағын да жеңді. Осылай ол Исраилді тонаушыларынан азат етті.
49Саулдың Жонатан, Ишуи, Мәлхисуа деген үш ұлы және үлкені Мераб, кішісі Михол атты екі қызы болды. 50Оның әйелі Ахимағас қызы Ахиноғам еді.
Патшаның жасағын әкесінің туған бауыры Нердің ұлы Әбенир басқарды. 51Саулдың әкесі Қиш пен Әбенирдің әкесі Нер екеуі Әбиелдің ұлдары болатын.
52Саулдың кезінде філістірлермен кескілескен соғыс толассыз жүріп жатты. Сол себепті Саул мықты да қайратты жігіттерге кездессе, оларды өз жасағына қосып алатын.
Currently Selected:
Патшалықтар 1-ж. 14: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.