Патшалықтар 1-ж. 12
12
Самуилдің би ретіндегі қоштасу сөзі
1Самуил бүкіл Исраил елінен жиналып тұрғандарға былай деп сөз сөйледі:
— Уа, халайық, мен айтқандарыңның бәріне құлақ асып, патша тағайындап бердім. 2Енді, міне, сендерді бастап жүретін патшаларың осы. Ал мен қартайдым, басымды ақ қырау шалды. Ұлдарым да осында, сендердің араларыңда. Жас шағымнан осы күнге дейін мен өздеріңді басқарып келдім.
3Қазір алдарыңда тұрмын. Жаратқан Иенің және Оның тағайындаған патшасының алдында#12:3 Яки: Оның май жағу рәсімінен өткізілген адамының («мәсіхтің») алдында (2:10,35; 10:1). маған қарсы куә болыңдар: мен кімнің өгізін не есегін тартып алдым? Кімге қулық-сұмдық жасап, жәбір көрсеттім? Кімнен пара алып, әділдікті бұрмаладым? Егер солай істеген болсам, оның бәрін қайтарып беруге дайынмын. — 4Жиналып тұрғандар:
— Сіз біздің ешқайсымызға қулық-сұмдық жасап, жәбір көрсеткен жоқсыз. Ешкімнен ешқандай пара алған да емессіз, — деп жауап берді. 5Сонда Самуил:
— Ендеше сендердің маған тағатын ешбір айыптарыңның жоқ екендігіне Жаратқан Иенің Өзі және Оның тағайындаған патшасы бүгін куә болсын! — деді. Халық:
— Жарайды, куә болсын! — деп жауап бергенде, 6Самуил оларға былай деді:
— Мұса мен Һаронды тағайындап, арғы аталарыңды Мысырдан алып шыққан Жаратқан Ие куә! 7Ал енді, осы жерде тұра тұрыңдар. Мен Жаратқан Иенің алдында Оның сендерге және ата-бабаларыңа жасаған барлық әділ істерін естеріңе салып, дәлел келтірейін. 8Түп атамыз Жақып Мысырға көшіп кеткеннен кейін ата-бабаларың Өзіне дауыстап жалбарынғанда, Жаратқан Ие Мұса мен Һаронды жіберді. Олар ата-бабаларыңды Мысырдан бастап алып шығып, осы жерге қоныстандырды.
9Бірақ ата-бабаларың өздерінің Құдайы — Жаратқан Иені менсінбей, ұмытып кетті. Сол себепті Ол халқынан бас тартып, оларды өздеріне қарсы соғыс ашқан Хасор қаласының қолбасшысы Сісераның әрі філістірлердің және Моаб патшасының қолдарына берді. 10Сол кездерде олар Жаратқан Иеге дауыстап жалбарынып: «Біз күнә жасадық. Сенен, Жаратқан Иемізден, безіп кетіп, Бағал мен Астартаның мүсіндеріне#12:10 (7:3; Бил 2:12-13; 10:10) Немесе: Бағал мен Астарта атты жалған тәңірлерге. құлшылық етіп келеміз. Ал енді, бізді жау қолынан құтқара гөр, Өзіңе қызмет ететін боламыз», — дейтін. 11Сонда Жаратқан Ие сендерге Еруб-Бағал, Бедан, Ефтах, Самуилді#12:11 Яки: Гедеон, Барақ, Ефтах, Самсонды (Бил 7:1; 4:15; 12:1; 15:20). жіберіп, айнала қоршаған барлық жауларыңнан азат етті. Осылай тыныштықта өмір сүрдіңдер.
12Бірақ аммондықтардың патшасы Нахаш сендерге қарсы шабуылға шыққанда: «Бізді бір патша басқарсын!» — деп маған талап қойдыңдар. Алайда сендердің Құдайларың Жаратқан Ие өз Патшаларың ғой! 13Ал енді, міне, өздерің таңдап алып, талап еткен патшаларың! Жаратқан Иенің сендерге берген патшасы осы.
14Лайым Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған қызмет етіңдер, Оның айтқандарына құлақ асып, берген өсиеттеріне қарсы бас көтермеңдер! Осылайша өздерің де, басқаратын патшаларың да Құдайларың — Жаратқан Иенің тура жолымен жүріңдер! 15Ал егер Жаратқан Иенің айтқандарына құлақ аспай, Оның өсиеттеріне қарсы шықсаңдар, Ол ата-бабаларыңды қалай жазалаған болса, сендерді де солай жазалайтын болады.
16Енді осы жерде тұрып, көз алдарыңда Жаратқан Иенің жасайтын зор кереметін көріңдер! 17Қазір бидай орылып жатқан кез. (Осы мерзімде біздің елімізде жауын жаумайтынын білесіңдер.) Бірақ мен Жаратқан Иеге сиынып өтінгенде, Ол күн күркіретіп, жаңбыр жауғызады. Осылай сендер өз беттеріңше#12:17 Яки: өздерің үшін (8:5-8). патша талап еткендіктерің арқылы Жаратқан Иенің алдында қандай өрескел жамандық жасағандықтарыңа көз жеткізесіңдер.
18Содан соң Самуил Жаратқан Иеге дауыстап сыйынғанда, Ол күн күркіретіп, жаңбыр жауғызды. Осыны көрген бүкіл халық Жаратқан Ие мен Самуилден қатты сескеніп, оларды терең қастерлейтін болды. 19Олар Самуилден өтініп:
— Құдайыңыз — Жаратқан Иеге бізді өлтірмесін деп пенделеріңіз үшін сиына көріңізші, тақсыр. Жасаған басқа күнәларымызға қоса біз өз бетімізше патша талап етіп, тағы бір рет күнәға баттық, — деді. 20Самуил былай деп жауап берді:
— Қорықпаңдар! Сендер расында да жамандық жасадыңдар, алайда бұдан былай Жаратқан Иеден бас тартпаңдар! Керісінше, Жаратқан Иеге шын жүректен мойынсұнып, қызмет етіңдер! 21Жалған тәңірлердің соңынан еріп кетпеңдер! Жалған деген аттары бар, сондықтан ешкімді құтқара да алмайды, олардан ешқандай пайда да жоқ.#12:21 Яки: Олар шынында түкке тұрғысыз (Ерм 2:5). 22Жаратқан Ие сендерді өз халқы етіп таңдап алған болатын. Енді Ол Өзінің ұлы даңқына бола#12:22 Яки: Өзінің ұлы атына бола (Мыс 9:16; 20:24). меншікті халқын тастамақ та емес.
23Мен де сендер үшін Жаратқан Иеге жалынып сиынуды қойып, Оған қарсы күнә жасаудан аулақ болайын! Қайта, сендерге ізгі де әділ жолды көрсете бермекпін. 24Сонымен, әрқашан Оның сендер үшін жасаған зор кереметтерін есте тұтып, Жаратқан Иені терең қастерлеп, шын жүректен Оған қызмет етіңдер! 25Ал егер жамандық істей берсеңдер, онда патшаларыңмен қоса өздерің де құрып кетесіңдер.
Currently Selected:
Патшалықтар 1-ж. 12: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.