Патшалықтар 1-ж. 11
11
Саулдың Ябес қаласын жау қолынан құтқаруы
1Сол шамада Аммон халқының патшасы Нахаш соғысқа аттанып, Исраилдің Ғилақад аймағындағы Ябес қаласына қарсы әскерін орналастырды. Қала тұрғындары оған:
— Бізбен бітім жасасыңыз, сонда сіздің билігіңізге мойынсұнамыз, — деген өтініш жасады. 2Ал Нахаш:
— Жарайды, бітім жасасайық. Тек бір шартым бар: әрқайсыларыңның оң көздеріңді ойып аламын. Осылай бүкіл Исраилді масқараламақпын, — деп жауап берді. 3Сонда Ябес қаласының басшылары:
— Бізге Исраилдің барлық жеріне хабаршыларымызды жіберуге жеті күнге мұрсат беріңіз. Егер бізді құтқаратын ешкім табылмаса, онда алдыңыздан шығамыз, — деді.
4Хабаршылар Саул тұратын Гибея қаласына да келіп, осы жайтты күллі халыққа айтып берді. Сонда барлығы да дауыстап жылай бастады. 5Осы кезде Саул өгіздерін айдап, егін даласынан келе жатқан еді. Ол: «Мына халыққа осыншама еңіреп жылайтындай не болған?» — деп сұрады. Жұрт оған ябестіктердің хабарын жеткізді.
6Саул бұл сөздерді естігенде Құдайдың Рухы оған қонып, бойын қатты ашу кернеді. 7Ол бір пар өгізді сойып, шауып бөлшектеді. Олардың бөліктерін хабаршыларға үлестіріп берді. Соларды Исраилдің шет-шетіне жұмсап, оларға мына хабарды жар салып жеткізуге бұйырды: «Кімде-кім Саул мен Самуилдің соңынан еріп аттанбаса, соның өгіздерімен де дәл осылай болады!»
Сонда Жаратқан Иенің жіберген қорқынышы бүкіл халықты билеп, барлығы бір адамдай жорыққа аттанды. 8Саул оларды Безек деген жерде жинап, түгендеп санап шықты. Исраилдің басқа руларынан үш жүз мың, ал Яһуда руынан отыз мың адамның#11:8 Немесе: Исраил халқынан үш жүз, ал Яһуда руынан отыз әскери бөлімнің (яки: әулеттің ер адамының). шыққаны белгілі болды.
9Олар Ғилақадтағы Ябестің халқына келген хабаршылары арқылы: «Ертең күн қыза құтқарыласыңдар!» — деген сәлем жіберді. Хабаршылардың осы сөздерін естіген қала тұрғындары қатты қуанып, 10аммондықтарға: «Ертең алдыңыздан шығамыз, сонда бізге дұрыс деп тапқандарыңызды істерсіздер», — деген хабар жолдады.
11Келесі күні Саул жасақшыларын үш топқа бөлді. Таң ата олар аммондық әскердің орналасқан жеріне кенеттен лап қойып, күн қызғанша олардың күл-талқанын шығарды. Тірі қалғандары бас сауғалап, бір-бірден бытырап қашып кетті.
Саулдың патша болуға қайтадан бекітілуі
12Содан соң халық Самуилге:
— «Бізге патша болатын Саул ма?» деген адамдар қайда? Оларды қолымызға табыстаңыз, көздерін құртайық! — деді. 13Бірақ Саул:
— Бүгін ешкімді өлтіруге болмайды, себебі осы күні Жаратқан Ие Исраилді құтқарды ғой! — деп қарсы болды. 14Ал Самуил халыққа былай деп үндеу салды: «Ғылғалға барып, жаңа патшаны қайтадан бекітейік!»
15Барлығы Ғылғалға барып, сол жерде Жаратқан Иенің алдында Саулды патша етіп бекітті. Олар Жаратқан Иеге арнап ризашылық құрбандықтарын#11:15 Мыс 20:24; Леу 7:12-17; 22:18-30. ұсынып, Саул мен барлық исраилдіктер үлкен той жасады.
Currently Selected:
Патшалықтар 1-ж. 11: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.