YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 10

10
1Самуил майға толған құтысын алып, одан Саулдың басына құйды. Оның бетінен сүйіп, былай деді:
— Біліп қой, Жаратқан Ие сені Өзінің меншігінің басшысы етіп тағайындады! 2Соның белгісі мынау болады: сен қазір қасымнан кетіп, Бунямин жерінің шекарасындағы Селсаққа жеткенде, Рахиланың қабірінің жанында екі адамды кездестіресің. Олар саған: «Сен іздеген есектер табылды. Бірақ әкең енді оларды емес, сені ойлап, балама не болды екен деп уайымдап жатыр» дейтін болады.
3Әрі қарай жүріп, Табордағы еменді тоғайға#10:3 Немесе: Табордағы үлкен емен ағашына. жеткеніңде саған Бетелге#10:3 Жар 28:19. Құдайға құлшылық етуге бара жатқан үш адам жолығады. Біреуі үш жас лақ, екіншісі үш күлше нан, үшіншісі бір торсық шарап көтеріп бара жатады. 4Олар сенімен амандық сұрасып, екі нанын сыйға тартады. Бергенін қабылдап ал.
5Содан кейін сен Құдайдың Гибея қаласына#10:5 Немесе: Құдайға бағышталған төбеге. (Түпнұсқадағы Гибея сөзі «төбе» дегенді білдіреді. Гибея (яки: Геба) Саул тұрған қала болғандықтан, кейін «Саулдың Гибеясы» деп те аталатын: 10:10,26; 11:4; 15:34.) барасың. Сол жерде філістірлердің жасақшылар тобы#10:5 Яки: (елге үстемдік жүргізуші) філістірлердің жасақшылар тобы (13:3,4,23). да орналасқан. Оған жақындағанда пайғамбарлар қауымының бір тобын#10:5 19:20; Пат4 2:3,5. кездестіресің. Олар ғибадат орнынан төмен түсіп, шертер, даңғыра, сыбызғы және жетіген#10:5 Мыс 15:20; Пат2 6:5. тартып, ерекше көңіл күйімен Құдайды мадақтап келе жатады. 6Сонда Жаратқан Иенің Рухы саған құдіретпен қонып, сен де олармен бірге ерекше күйге еніп, Құдайды мадақтайсың. Сол сәтте жан дүниең өзгеріп, басқа адам болып кетесің. 7Осының бәрі орындалғанда өзің дұрыс дегеннің барлығын істей бер. Себебі Құдай саған жар болады.
8Мұнан кейін менен бұрын Ғылғалға бар. Өзім де міндетті түрде сол жерге қасыңа барып құрбандық шалып, Құдайға арнап өртеп жіберемін. Сондай-ақ, ризашылық құрбандықтарын да шаламын. Мен келгенше бір жеті күт! Сол жерде бұдан былай не істейтініңді айтамын.
Саулдың Құдайды пайғамбар іспетті мадақтауы
9Содан Саул Самуилдің қасынан бұрылып, әрі қарай кетісімен-ақ, Құдай Саулдың жан дүниесін өзгертіп, оны басқа адам етіп қойды.#10:9 Немесе: Құдай Саулға басқа жүрек (яки: жан дүниесін) сыйлады (10:6; Жыр 50:12). Самуилдің алдын ала айтқан өзге белгілерінің барлығы да сол күні іске асты. 10Қызметші екеуі Гибеяға жеткенде бірден алдарынан пайғамбарлар тобы жолықты. Құдайдың Рухы#10:10 10:6; 11:6; 19:20; Жыр 50:13. кенеттен Саулға қонып, ол пайғамбарлардың арасында ерекше көңіл күйіне еніп, Құдайды мадақтай бастады.
11Саулды бұрыннан танитындар оның пайғамбарлармен бірге ерекше күйге түсіп, Құдайды мадақтап жүргенін көргенде: «Қиштың ұлына не болған? Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» — десті. 12Сол жердегі бір адам: «Ал солардың әкесі кім екен?» — деп сұрады.#10:12 Бұл, пайғамбарлар тобын не Самуилдің өзін кекете айтылған сөз шығар. (Саулдың әкесі Қиш өте беделді адам болатын: 9:1.) «Саул да пайғамбарлардың қатарына қосылған ба?» деген мәтел осылай пайда болды. 13Бойын билеген ерекше көңіл күйі тынышталғаннан кейін Саул Құдайға құлшылық ететін төбе басына көтерілді.
14Бұдан кейін немере ағасы Саул мен оның қызметшісіне кездесіп:
— Сендер қайда барып келдіңдер? — деп сұрады. Саул:
— Біз есектерді іздедік. Оларды таба алмаған соң Самуил ағаға кіріп шықтық, — деді.
15— Ол сендерге не деді? Айтып берші, — деп сұрады ағасы.
16— Бізге: «Есектерің табылды!» деп нық айтты. — Бірақ Саул ағасына Самуилдің өзіне патшалық туралы айтқандары жайлы тіс жармады.
Саулдың патшалыққа тағайындалуы
17Содан соң Самуил Исраил халқын Жаратқан Иенің алдына Миспаға жиналуға шақырды. 18Сол жерде оларға былай деді:
— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: «Исраилдің үрім-бұтағы, сендерді Мысырдан алып шығып, мысырлықтардың және өздеріңді қанаған барлық басқа да патшалықтардың езгісінен азат еткен Менмін!»
19Алайда сендер бүгін Құдайларыңнан — өздеріңді күллі пәлелер мен қиыншылықтардан құтқаратын Оның Өзінен бас тартып, Оған: «Бізге патша тағайындап бер!» — дейсіңдер. Олай болса, ру, әулеттеріңнің ретімен Жаратқан Иенің алдына келіп, тұрыңдар!
20Самуил Исраилдің барлық руларының басшыларын алға шығарғанда, Бунямин руы таңдалды.#10:20 Таңдалу не қасиетті жеребе бойынша, не Құдайдың пайғамбарға білдірген сөзі арқылы болған шығар (14:36-42; Мыс 28:30). 21Содан ол Бунямин руының өкілдерін алға шығарды. Сонда Матридың үрім-бұтағы, ал соңында сол әулеттің ішінен Қиш ұлы Саул таңдалды. Бірақ олар Саулды іздегенде, ол жоқ болып шықты. 22Сонда халық Жаратқан Иеден: «Сол адам тіпті мұнда келді ме екен?» — деп сұрағанда, Оның жауабы мынау болды: «Иә, ол қазір жүктің арасында жасырынып жатыр». — 23Олар сол жерге жүгіріп барып, оны алып келді. Саул халықтың ортасында тұрғанда барлығының бойы оның иығынан ғана келді. 24Самуил халыққа:
— Жаратқан Иенің таңдаған адамын көріп тұрсыңдар ма? Халық арасында оған сай келетін ешкім жоқ! — деді. Сонда күллі халық:
— Патша жасасын! — деп ұрандап айқай салды.
25Содан Самуил бүкіл халыққа патшаның құқықтары мен міндеттері туралы баяндап айтып берді. Соларды бір кітапқа жазып, оны Жаратқан Иенің алдына сақтап қойды.#10:25 Яки: оны (діни қызметкерлердің қолдарына тапсырып) Жаратқан Иенің алдына сақтап қойғызды. Бұдан соң жиналысты таратып, халықты үйлеріне жіберді.
26Саул да Гибеяға үйіне қайтты. Құдай бірнеше қайратты жігіттердің жүректеріне әсер етіп, олар Саулға ілесіп нөкерлері болды. 27Бірақ кейбір арсыздар: «Немене, бізді құтқаратын осы ма?» — деп, Саулды менсінбей, ешбір сыйлық ұсынбады. Алайда Саул олардың мұнысын байқамағандай болып үндемеді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 1-ж. 10