YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 1-ж. 9

9
Самуилдің Саулмен алғашқы рет кездесуі
1Сол кезде Бунямин руында Қиш есімді абыройлы да ауқатты бір адам бар болатын. Ол Әбиелдің ұлы, Серордың немересі, Бехораттың шөбересі, Афияхтың шөпшегі еді. 2Қиштың Саул#9:2 Саул Талут деп те аталады. атты аса келбетті ұлы болды. Исраилдіктердің ішінде оған тең келетіндей денелі жігіт жоқ еді. Кез келген адамның бойы оның иығынан ғана келетін.
3Бірде Қиштың есектері адасып, жоғалып кетті. Сонда ол Саулды: «Балам, қызметші жігіттердің біреуін ертіп алып, есектерді іздеуге шықсаңшы», — деп жұмсады. 4Олар Ефрем руының таулы жерін және Шалишаның маңайын аралап шыққанмен таба алмады. Содан Шағалимға барғанда есектері сол аймақта да жоқ болып шықты. Кейін Буняминнің#9:4 Немесе: Яминнің. жерін шарлап, жоқтарының ізіне түсе алмады.
5Ақырында Сұфтың үрім-бұтағы мекендеген жерге жеткенде Саул өзіне еріп жүрген қызметшіге:
— Енді үйге қайтайық. Әйтпесе әкем есектерді емес, бізді уайымдап жүрер, — деді. 6Ал қызметші:
— Осы қалада Құдайдың тағайындаған адамы#9:6 Яки: Құдайдың пайғамбары (2:27; 9:9-10). тұрады, солай емес пе? Ол өте беделді, айтқандарының барлығы да шындыққа айналады. Кәне, соған барайық. Мүмкін, қайдан іздеу керек екенін айтып берер, — деп ұсыныс жасады. 7Саул:
— Жарайды, барайық, бірақ оған не сыйлаймыз? Дорбаларымызда нан да қалмады. Енді Құдайдың адамына сыйлайтындай еш тартуымыз жоқ. Әлде бірдеңеміз бар ма? — дегенде, 8қызметші:
— Менде бір ширек мысқалдай#9:8 Ширек мысқалдың салмағы үш грамдай. күміс бар. Соны Құдайдың адамына сыйға тартып, есектерімізді қай жерден іздеу керек екенін сұрап, біліп алайық, — деп жауап берді.
9-10— Жақсы, жүр, кеттік! — деп Саул келісті. Сонымен олар Құдайдың адамы тұратын қалаға жетті.
Бұрын Исраилде біреу Құдайдан бір нәрсені сұрап білгісі келгенде: «Жүр, Тәңір Ие аян беретін көріпкелге барайық!» — дейтін. Себебі қазір «пайғамбар» делінгендер сол заманда «Тәңір Ие аян беретін көріпкел» деп аталатын. 11Сонымен Саул мен қызметші жігіт қала орналасқан төбеге көтеріліп бара жатқанда, су алуға шыққан бойжеткендерді кездестіріп, олардан:
— Тәңір Ие аян беретін көріпкел осында ма? — деп сұрады.
12— Иә, осында, алдарыңызда кетіп бара жатыр, — деп жауап берді олар. — Тезірек барыңыздар. Ол қаламызға бүгін ғана келді. Қазір халық ғибадат ететін биіктеу орында#9:12 (9:19; Пат3 3:2-4) Немесе: төбе басындағы ғибадат орнында. құрбан шалмақшы. 13Қалаға кіре салысымен оны құрбандық асына кетіп қалмас бұрын тауып алыңыздар. Ол келіп, батасын бермейінше асқа шақырылғандар тамақтан ауыз тимейді. Ал енді, жоғары өрлей беріңіздер, оған әлі де кездесіп қаларсыздар. — 14Екеуі қалаға көтеріліп, кіре бергенде ғибадат орнына бармақшы болған Самуил оларға қарсы ұшырасты.
15Ал Жаратқан Ие Саулдың келерінен бір күн бұрын Самуилге аян беріп былай деген болатын: 16«Ертең осы уақытта саған Бунямин жерінен бір адамды жіберемін. Оған май жағу рәсімін жасап, оны меншікті халқым Исраилдің басшысы етіп тағайында!#9:16 10:1; Түсіндірмедегі «Май жағу рәсімін» де қараңыз. Ол халқымды філістірлердің қол астынан азат етеді. Халқымның қиналған айқайы құлағыма жетіп, оларға назар аударып келемін».#9:16 Мыс 3:7,9.
17Енді Самуил Саулды көргенде, Жаратқан Ие оған: «Саған айтқан адамым, міне, осы. Ол халқымды басқаратын болады», — деп білдірді. 18Сол сәтте-ақ қала қақпасының тұсында Саул Самуилдің қасына келіп:
— Тәңір Ие аян беретін көріпкелдің үйі қайда екенін айтып жібермейсіз бе? — деп өтінді. 19Самуил оған:
— Сол кісі менмін. Менен бұрын қаланың биіктеу жеріндегі ғибадат орнына көтеріле бер. Бүгін сендер құрбандық асына менімен бірге қатысасыңдар. Ертең ертемен жолға шығарып, көкейіңдегі мәселелеріңнің бәрін айтып беремін. 20Осыдан үш күн бұрын жоғалып кеткен есектерің туралы уайымдамай-ақ қой, олар табылды. Ал енді, бүкіл Исраил елінің қалаулысы өзің және әкеңнің әулеті емессіңдер ме? — деді. 21Бірақ Саул:
— Мен шыққан Бунямин руы Исраил руларының ішіндегі ең кішісі, әулетім де сол рудың ішіндегі ең шағыны. Маған мұны неліктен айтып тұрсыз? — деп сұрады.
22Ғибадат орнына жеткен соң Самуил Саул мен оның қызметшісін отыз шақты қонақ жиналған үлкен бөлмеге кіргізіп, төрге отырғызды. 23Аспазға: «Мен өзіңе бөлек алып қой деп берген етті әкел!» — деп тапсырды. 24Аспаз сан етін түгелімен әкеліп,#9:24 Осы үлес әдетте Құдайға бағышталған діни қызметкерлерге арналатын (Мыс 29:22,27). Бұл жерде Самуил Саулдың да енді Құдайдың қызметіне бағышталатынын білдірді. Саулдың алдына қойды. Самуил:
— Мынау саған арнап бөлек қойылған ет. Алып, жей бер. Мен: «Жұртты қонаққа шақырдым» деген кезден бастап ол саған арналып, дәл осы сәт үшін бөлек қойылды, — деді.
Осылайша Саул Самуилмен дастарқандас болды. 25Кейін олар ғибадат орнынан төмен түсіп, қалаға қайтты. Сол жерде Самуил Саулмен үйінің төбесіндегі жайпақ шатырда отырып#9:25 Сол елдегі үй төбелері жайпақ, әрі шығып демалуға ыңғайлы болатын. Кейде қонақтарға арналған күрке тігіліп, бөлмелер де салынатын (9:26; Пат2 11:2). әңгімелесті.
Саулдың басшылыққа тағайындалуы
26Келесі күні таң ата Самуил үй төбесіндегі қонақ бөлмеде түнеп шыққан Саулға: «Түрегел, мен сені шығарып салайын», — деп дауыстады. Саул орнынан тұрған соң, Самуил оны ертіп, сыртқа шықты. 27Олар төмен түсіп, қала шетіне жеткенде Самуил: «Қызметшің алға қарай жүре берсін, — деп бұйырды. Қызметші ілгері кеткеннен кейін Самуил Саулға: — Енді өзің кідіре тұр, саған Құдайдың не айтқандарын білдірейін», — деді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 1-ж. 9