YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 3-ж. 9

9
Жаратқан Иенің Сүлейменге қайтадан аян беруі
1Сүлеймен Жаратқан Иеге киелі үй, өзіне патшалық сарай салып, барлық қалағандарын жүзеге асырып болғанда, 2Жаратқан Ие оған екінші рет аян берді. Оған бұрынырақ Гибеонда да аян берген болатын.#9:2 3:5. 3Бұл жолы Жаратқан Ие Сүлейменге былай деді:
— Маған бағыштаған мінажатың мен өтініш-тілектерің құлағыма жетті. Сен салған мына үйді Менің есімім сонда әрдайым орнықсын деп Өзіме бағыштадым. Оны ұдайы жүрегімде ұстап, көзімнен таса қылмаймын.
4Егер сен әкең Дәуіт сияқты, жүрегің таза, әділ болып жүріп, өзіңе берген өсиеттерімді көз алдымда орындап, ережелерім мен шешімдеріме бағынатын болсаң, 5онда Мен Исраил елінде Сенің патшалық тағыңды мәңгілікке берік етемін. Өйткені көзі тірісінде әкең Дәуітке: «Әрдайым сенің ұрпақтарыңның біреуі Исраилдің патшалық тағында отыратын болады», — деп уәде берген едім.
6Алайда егер өзің және кейінгі ұрпақтарың Менен теріс бұрылып, өздеріңе тапсырған өсиеттерім мен ережелерімді орындамай, басқа тәңірлерге құлшылық етіп табынатын болсаңдар, 7онда Мен Исраилді Өзім табыстаған осы елден қуып шығамын, әрі өз есіміме бағыштаған бұл киелі үйді де қасымнан алып тастаймын. Осылайша барлық басқа халықтар Исраилді мысалға келтіріп, табалап мазақтайтын болады. 8Осы киелі үй қазір салтанатты болып тұрғанмен қиратылып, үйінді болып қалады. Сонда оның қасынан өткен-кеткен әркім аңтарыла жаны түршігіп: «Жаратқан Ие неліктен бұл ел мен мына киелі үйге осындай қорқынышты нәрсені істеді екен?» — деп мұрнын шүйіріп, ысқыратын болады. 9Сонда жұрт: «Себебі олар ата-бабаларын Мысырдан бастап алып шыққан Құдайы — Жаратқан Иені елемей тастап кетіп, бөтен тәңірлерге бет бұрды да, соларға табынып, құлшылық ететін болды. Сондықтан Жаратқан Ие олардың бастарына осы бақытсыздықтың барлығын үйіп-төкті!» деп мысалдайтын болады.
Сүлейменнің Хирам патшамен жасаған саудасы
10Сүлеймен екі ғимаратты: Жаратқан Иенің киелі үйін және өзінің патшалық сарайын жиырма жылда салып бітірді. 11Осы кезеңнің ішінде Тир патшасы Хирам Сүлейменді қалаған барлық самырсын, қарағай#9:11 Немесе: арша; яки: кипарис. ағаштарымен және алтынмен қамтамасыз етіп отырды. Сол үшін Сүлеймен Тир патшасына Ғалилея аймағынан жиырма қаланы берді.
12Ал Хирам Тирден келіп, Сүлеймен берген осы қалаларды аралап көргенде, олар оған ұнамады. 13Хирам: «Маған бергендерің не деген қалалар өзі, бауырым?!» — деп наразылығын білдіріп, осы өңірге «Қабул жері» (демек, «түкке тұрғысыз жер») деген ат қойды.#9:13 Кейін Хирам осы қалаларды Сүлейменге қайтарып берген болса керек (Шеж2 8:2; Еш 19:27). Сол өңір әлі күнге дейін осылай аталып келеді. 14Себебі Хирам Сүлеймен патшаға жүз жиырма ат басындай#9:14 Шамамен төрт тонна. алтын жіберген болатын.
Сүлейменнің өзге іс-әрекеттері
15Сонымен Сүлеймен патша Жаратқан Иеге киелі үй, өзіне патшалық сарай салып, қорғанның саты тәрізді беткейін,#9:15 Немесе: Милло есімді бекіністі (9:24; 12:27; Пат2 5:9; Шеж2 32:5). Иерусалим қамалының қабырғаларын, әрі Хазор, Мегидо, Гәзер қалаларын бекітіп қойған еді. Осы үшін патша міндетті жұмысқа қызметшілер жинаған болатын. Бұл туралы мәлімет төменде берілген.
16Гәзер қаласын Мысыр патшасы перғауын басып алып, өртеп, оның қанахандық тұрғындарының көздерін құртқан еді. Перғауын қызын Сүлейменге ұзатқанда, осы қаланы қызына еншісі ретінде сыйлады. 17Сонда Сүлеймен Гәзер қаласын қайтадан салғызды.
Ол содан басқа төменгі Бет-Хорон, 18Бағалат және (Яһуда) жеріндегі елсіз далада орналасқан Тамар#9:18 Яки: Тадмор. атты қалаларды бекіткізіп салғызды. 19Патша, сондай-ақ, астық сақтау үшін қойма қалаларын және соғыс күймелері мен атты әскерінің жылқылары үшін арнайы қалаларды да салғызды. Жалпы, ол Иерусалимде, Ливан тауларында және өзінің билігіне бағынатын барлық жерде саламын дегендерінің бәрін де жүзеге асырды.
20Елдің Исраил халқына жатпайтын байырғы тұрғындары, яғни аморлық, хеттік, перездік, хевтік, ебустік ұлттар да болды. 21Солардың исраилдіктер елді иемденіп алғанда құртып жібере алмаған ұрпақтарының бәрін Сүлеймен жұмыс істеуге мәжбүрледі. Бұл жағдай әлі күнге дейін сақталып келеді. 22Ал патша исраилдіктердің ешқайсысын малайы етпеді. Бұларды жасақшылары, нөкерлері, әміршілері,#9:22 Немесе: уәзірлері, лауазымды қызметкерлері. әскери бөлім басшылары, соғыс күймелері мен атты әскерлерінің жетекшілері етіп тағайындады. 23Сүлеймен патшаның түрлі жұмыстарын басқарған бес жүз елу қызметкері де осылардың арасынан еді.
24Сүлеймен өзінің жұбайы — Мысыр патшасы перғауынның қызына арнап сарай салғызып, оны Дәуіттің шаһарынан сол сарайға көшірді. Мұнан кейін ол қорғанның саты тәрізді беткейін#9:24 9:15. бекітіп салғызды.
25Сүлеймен жылына үш рет Жаратқан Иеге арналған құрбандық үстелінде шалынып, түгелдей өртелетін және Онымен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықтарын ұсынып, Жаратқан Иенің алдындағы арнайы үстелде хош иісті заттарды да түтететін. Сонымен ол Жаратқан Иенің киелі үйін салып бітірді.
Алыс елдермен жасалған сауда байланысы
26Сүлеймен патша Едом жерінің Қызыл теңіз жағалауында орналасқан Елат#9:26 Ақаба шығанағының солтүстік шетіндегі кемежай қаласы (Заң 2:8; Шеж2 8:17). Оның аты Эйлат деп те жазылады. қаласының жанындағы Есион-Гәберде кемелер де жасатты. 27Хирам патша өзінің тәжірибелі теңізшілерін сол кемелерде Сүлейменнің қызметшілерімен бірге қызмет етуге жіберді. 28Олар кемемен (Қызыл теңіз арқылы) Опыр#9:28 Оңтүстік Арабияда, шығыс Африкада не Үндістанда орналасқан жер (Шеж2 8:18). Оның аты Офир деп те жазылады. жеріне жүзіп барып, сол жақтан төрт жүз жиырма ат басындай#9:28 Шамамен он бес тонна. алтын алып келіп, Сүлеймен патшаның қолына тапсырды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Videos for Патшалықтар 3-ж. 9