Патшалықтар 3-ж. 5
5
Сүлейменнің киелі үй құрылысына дайындық жасауы
1Ливан еліндегі Тир патшасы Хирам Сүлейменнің әкесінің орнына патша болып тағайындалғаны туралы естігенде, оны құттықтауға елшілерін жіберді. Өйткені Хирам өмір бойы Дәуіттің досы болып келген еді.#5:1 2:3; Пат2 5:11.
2Содан Сүлеймен Хирамға сәлемін жолдап былай деді:
3«Өзіңіз білетініңіздей, әкем Дәуіт өзінің сиынған Құдайы Жаратқан Иенің атына арнап ғибадат ететін киелі үйді сала алмай кетті, себебі оған қарсы жан-жақтан соғыс жүргізіліп отырды. Жаратқан Ие жауларын табанының астына салып бергенге дейін киелі үйді тұрғызу мүмкін болмады. 4Ал енді, Құдайым Жаратқан Ие маған жан-жағымнан тыныштық сыйлап, жаудан да, апат атаулыдан да аманбыз. 5Жаратқан Ие әкем Дәуітке былай деп уәде еткен: «Сенің орныңа ұлыңды патшалық тағыңа отырғызамын. Менің есіміме арнап киелі үйді салатын сол болады». Соған сәйкес#5:5 Пат2 7:13. менің Құдайым Жаратқан Иенің атына арнап ғибадат ететін киелі үй тұрғызатын ниетім бар.
6Сондықтан да маған арнап Ливан тауларынан самырсын ағаштарын құлатып беру жайлы бұйрық берсеңіз екен. Сіздің қызметшілеріңізбен бірге жұмыс істеуге өз адамдарымды да жіберемін. Қызметшілеріңіздің жұмысы үшін қандай ақы сұрасаңыз да төлеуге дайынмын. Өз арамызда Сидондағыдай#5:6 Сидон Финикия (Ливан) жеріндегі Тирмен көршілес аймақты қала мен ел еді (Жар 10:15; Езр 3:7). ағаш құлатудың шеберлері жоқ, мұны өзіңіз де білесіз».
7Хирам патша Сүлейменнің жолдаған сәлемін естігенде қатты қуанып: «Осы ұлы халықтың үстінен патша болуға Дәуітке дана ұл сыйлаған Жаратқан Ие мадақталсын!» — деді. 8Содан Хирам Сүлейменге мынадай жауабын жіберді:
«Маған жолдаған сәлеміңізді алдым. Сізді самырсын және қарағай ағаштарымен қамтамасыз ету үшін қалағаныңыздың бәрін де орындаймын. 9Қызметшілерім оларды Ливан тауларынан Жерорта теңізінің жағалауына алып барады. Оларды бір-біріне байластырып сал жасап, өзіңіз айтатын жерге теңіз арқылы жеткізіп беремін. Әрі қарай алып кете алуыңыз үшін салдарды сол жерде ажыратып бөлектетемін. Сіз де менің өтінішімді орындап сарайымды азық-түлікпен қамтамасыз етсеңіз екен».
10Осылай Хирам Сүлейменге бар қалағанынша самырсын мен қарағай бөренелерін жіберіп отырды. 11Ал Сүлеймен Хирамның сарайына арнап жыл сайын жиырма мың қаптан бидай әрі жиырма мың күбіден#5:11 Немесе: 20 күбіден. ең таза зәйтүн майын#5:11 (Мыс 29:40; Рул 28:5) Яғни келіде түйіп шығарылған ең таза әрі қымбат зәйтүн майын. жіберіп отырды. 12Жаратқан Ие Өзі уәде еткендей Сүлейменге асқан даналық сыйлаған болатын. Сүлеймен мен Хирамның арасында бейбіт қарым-қатынас орнап, екеуі өзара келісім жасасты.
13Сүлеймен бүкіл Исраил елінен жұмыскерлер жинап, олардың жалпы саны отыз мың адам болды. 14Ол он мың адамды кезекпен бір айға жіберіп отырды, осылайша олар бір ай Ливанда жұмыс істеп, екі ай үйлерінде жүрді. Бұл жұмысты басқару Адонирамға жүктелді.
15Сүлейменнің тағы жетпіс мың адамы жүк тасушы және сексен мың адамы тауда тас қашаушы болды. 16Солардың үстінен қарап жұмыстарын бағыттауға Сүлеймен үш мың үш жүз адамды басқарушы етіп тағайындады. 17Жұмыскерлер патшаның әмірі бойынша ғибадатхананың негізін қалау үшін тас қазып, қашайтын орыннан үлкен, сапалы тастар қашап, тасып әкелді. 18Сонымен қатар Сүлеймен мен Хирамның жұмысшылары Гебалдың#5:18 Гебал: Ливан елінің солтүстігіндегі Библос қаласы. адамдарымен бірге киелі үйдің құрылысына арналған бөренелерді кесіп, тастарды қашап дайындады.
Currently Selected:
Патшалықтар 3-ж. 5: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.