Патшалықтар 3-ж. 6
6
Ғибадатхана құрылысын бастау
1Сүлеймен исраилдіктер Мысыр елінен көшіп шыққаннан кейін төрт жүз сексен жыл өткенде, өзінің Исраилге патшалық құрған төртінші жылының#6:1 Б.з.д. 966 ж. сәуір айында#6:1 Немесе: жылының екінші айында, демек, зиф айында. (Сол заманғы күнтізбе бойынша зиф айы жылдың екінші айы, қазіргі сәуір айы, болатын.) Жаратқан Иенің киелі үйінің құрылысына кірісті.
2Сүлеймен патша Жаратқан Иеге арнап салған киелі үйдің ұзындығы алпыс, ені жиырма, биіктігі отыз шынтақ болды.#6:2 Яки: ұзындығы 31,5 м, ені 10,5 м, биіктігі 15,75 м шамасында болды. (Осында қолданылған шынтақтың көне өлшемі шамамен 52,5 см болатын: Шеж2 3:3; Езк 40:5). 3Киелі үйдің негізгі ғимаратының алдыңғы жағындағы бағаналы кіреберістің ені ғимараттың еніндей жиырма шынтақ болды. Бағаналы кіреберіс ғибадатханадан алға қарай он шынтақтай шығып тұрды. 4Сүлеймен ғимараттың қабырғаларында сыртқа қараған жағы тарлау, ішке қараған жағы кеңдеу етіп ойылып жасалған#6:4 Немесе: торларымен безендірілген жақтаулары бар. терезелерді орнатты. 5Сондай-ақ, ол киелі үйдің екі жағы мен арт жағын жанамалап, (үш қабатты етіп) қосалқы бөлмелер салды. 6Төменгі қабаттың ені бес, ортаңғы қабаттың ені алты, жоғарғы қабаттың ені жеті шынтақ болды. Осы бөлмелер ғимаратқа арқалық бөренесіз сүйеніп тұра алулары үшін ғимараттың қабырғалары әр қабат сайын кертпештеніп салынды.#6:6 Яки: Қосалқы бөлмелердің төбелерін көтеріп тұратын бөренелер қабырғаға салынған арнайы кертпештерге (шығыңқы жерлерге) сүйеніп тұрды.
7Ғимарат тас қазып, қашайтын орында өңделіп дайындалған тастардан салынды. Сол себепті салынып жатқан киелі үйден балға, балта сияқты темір құралдардың дыбысы естілмеді.
8Қосалқы бөлмелердің төменгі қабатына кіретін жер ғимараттың оңтүстік жағында болды. Сол жерде бірінші қабаттан баспалдақпен ортаңғы, одан жоғарғы қабаттарға да көтерілуге болатын. 9Сонымен Сүлеймен үйдің құрылысын аяқтап, оның төбесін самырсын бөренелерімен және тақтайларымен қаптады. 10Сол сияқты, ол бүкіл киелі үйді айналдыра үш қабатты қосалқы бөлмелер салдырды. Олар ғибадатхананың қабырғаларына самырсын бөренелерімен бекітілді.
11Содан соң Жаратқан Ие Сүлейменге былай деп сөзін арнады: 12«Өзің құрылысын салып жатқан осы үй туралы Менің айтарым мынау: Егер Менің барлық ережелерімді орындап, шешімдерім мен өсиеттерімді ұстанып жүретін болсаң, онда әкең Дәуітке берген уәдемді өзің арқылы жүзеге асырамын. 13Мен исраилдіктердің арасында тұратын боламын, әрі халқым Исраилді ешқашан тастап кетпеймін!»
Ғибадатхананың ішкі жағы
14Осылайша Сүлеймен киелі үйді салып бітірді. 15Патша ғибадатхананың ішкі қабырғаларын еденнен төбесіне дейін самырсын тақтайларымен қаптап, еденді қарағай тақтайларынан жасады. 16Киелі орын деп аталатын ең қасиетті бөлме ғимараттың төр жағынан салынды. Бұл бөлме еденнен төбеге дейін жетіп жатқан самырсын тақтайларымен бөлініп тасталды. 17Осы қасиетті бөлменің алдында орналасқан қасиетті бөлменің ұзындығы қырық шынтақ болды. 18Самырсын тақтайларға асқабақтар мен ашылған гүлдер тәрізді өрнектер ойылып салынды. Киелі үйдің ішкі қабырғалары ешбір тасы көрінбейтіндей болып түгелдей самырсын тақтайлармен қапталды.
19Патша, сондай-ақ, киелі үйдің ішіндегі ең қасиетті бөлмені Жаратқан Иенің Келісім сандығын орналастыруға дайындады. 20Осы ішкі бөлменің ұзындығы, ені, биіктігі жиырма шынтақтан болды. Сүлеймен оны саф алтынмен қаптады. Ол самырсыннан жасалған түтету үстелін де алтынмен қаптады. 21Сүлеймен киелі үйдің ішін түгелдей саф алтынмен қаптады. Ол алтынмен қапталған ең қасиетті бөлменің алдыңғы жағына кесе көлденеңінен алтын шынжыр іліп қойды. 22Сонымен киелі үйдің ішкі жағы түгелдей алтынмен қапталды. Патша, сондай-ақ, ең қасиетті бөлменің алдындағы түтету үстелін де толықтай алтынмен қаптады.
23Ең қасиетті бөлмеде биіктігі он шынтақ болатын, керуб делінген күзетші періштелердің#6:23 Немесе: керубтердің (Мыс 25:18). екі мүсінін зәйтүн ағашынан ойып жасады. 24Әр керуб мүсінінің екі қанаты, ал әр қанатының ұзындығы бес шынтақ, қос қанатының арасындағы қашықтық он шынтақ болды. 25Екі керубтің де өлшемдері мен сырт қалыптары бірдей еді. 26Әр керубтің биіктігі он шынтақтан болатын. 27Сүлеймен олардың екеуін де ең қасиетті бөлмеге орналастырды. Жайылған қанаттарының бір шеті бөлменің ортасында өзара түйісіп, екінші шеттері бөлменің екі жақ қабырғаларына тиіп тұрды. 28Сүлеймен керуб мүсіндерін алтынмен қаптатты.
29Киелі үйдің ішкі және сыртқы бөлмелерінің барлық қабырғаларына айналдыра керубтердің, құрма ағаштарының әрі ашылған гүлдердің бейнелері ойылып салынды. 30Киелі үйдің ішкі және сыртқы екі бөлмесіндегі едендер де алтынмен қапталды.
31Ең қасиетті бөлменің ішкі кіреберісіне зәйтүн ағашынан жарма есіктер жасалып, маңдайшасы мен жақтаулары бес қырлы етіп орнатылды. 32Зәйтүн ағашынан жасалған осы екі есікке керубтердің, құрма ағаштарының және ашылған гүлдердің бейнелері ойылып салынды. Есіктердегі бейнелер алтынмен қапталды. 33Сол сияқты патша үлкен бөлменің кіреберісіне де осылай етіп зәйтүн ағашынан төрт қырлы жақтау жасады. 34Ол қарағайдан екі жарма есік жасап, жақтаудың екі жағынан айналмалы топсаға іліп қойды. 35Есіктерге періштелер, құрма ағаштары және ашылған гүлдер ойылып салынды да, олардың үстін балғамен соғып алтынмен тегістеп қаптады.
36Содан соң патша үш қабат өңделген тастардан әрі бір қабат самырсын бөренелерінен ішкі ауланың дуалын қаластырып салды.
37Сүлейменнің патшалық құрған төртінші жылының сәуір айында#6:37 6:1. Жаратқан Иенің киелі үйінің негізі қаланды. 38Ал он бірінші жылдың қазан айында#6:38 Немесе: жылдың бул айында, демек, сегізінші айда. (Сол заманғы күнтізбе бойынша бул айы сегізінші ай, қазіргі қазан айы, болатын: 6:1.) киелі үйдің барлық бөліктері өз ерекшеліктеріне сай салынып бітті. Сонымен Сүлеймен киелі үйдің құрылысын жеті жылда аяқтады.
Currently Selected:
Патшалықтар 3-ж. 6: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.