Патшалықтар 3-ж. 4
4
Патшаның лауазымды қызметкерлері
1Сонымен Сүлеймен бүкіл Исраил еліне патшалық құрды. 2Оның лауазымды қызметкерлері мыналар болды: Садық ұлы Азариях — діни қызметкер, 3Шишаның ұлдары Елихореп пен Ахиях — хатшылар, Жосапат ұлы Ахилуд — уәзір әрі жылнамашы,#4:3 Пат2 8:16. 4Еходай ұлы Бенаях — қолбасшы, Садық пен Абиятар — діни қызметкерлер, 5Натан ұлы Азариях — аймақ әкімдерінің бастығы, Натан ұлы Забуд — діни қызметкер әрі патшаның жеке кеңесшісі, 6Ахисар — сарай басқарушысы және Абда ұлы Адонирам — халықтың міндетті жұмыстарын басқарушы.
7Сүлеймен патшаның бүкіл Исраилдің үстінен қарайтын он екі әкімі болды. Әкімдер патшаны және оның сарай қызметкерлерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Әрқайсысы мұны кезекпен жылдың бір айы бойы атқарды. 8Олардың аты-жөндері: Ефремнің таулы аймағының әкімі — Бен-Хур, 9Мақас, Шағалбим, Бет-Шәміш және Елон-Бетханан аймақтарының әкімі — Бен-Декер, 10Арубот аймағының әкімі — Бен-Хесед, оның қарамағында Сохо мен Хефердің бүкіл жері де болды. 11Дордың қыратты аймағының әкімі — Бен-Абинадап, ол Сүлейменнің қызы Тафатқа үйленген болатын.
12Тағанах пен Мегидо қалаларында және олардан бастап Ізрелден төмен қарай Сартанның жанындағы Бет-Шанның барлық маңайында әрі Әбел-Мехола арқылы Жоқмеамның арғы жағына дейін созылып жатқан аймақтың әкімі — Ахилуд ұлы Бағана.
13Ғилақадтағы Рамоттың әкімі — Бен-Гебер. Ғилақадтағы Манаса ұлы Жайырдың қоныстары әрі Башандағы Арғоптың төңірегі, жалпы саны алпыс үлкен де бекіністі қала оның қарамағында болды. Қалалар қамал қабырғаларымен қоршалып, қақпалары кесе-көлденең қола ысырмалармен бекітілетін.
14Маханайым аймағының әкімі — Иддо ұлы Ахинадаб. 15Нафталим жерінің әкімі — Ахимағас, ол Сүлейменнің қызы Басематқа үйленген болатын. 16Ашир жері мен Алот қаласының әкімі — Хушай ұлы Бағана. 17Исашар жерінің әкімі — Паруах ұлы Жосапат. 18Бунямин жерінің әкімі — Ела ұлы Шимей. 19Ғилақадтағы бұрын аморлықтардың патшасы Сихон мен Башанның патшасы Ог билік жүргізген аймақтың әкімі — Ұри ұлы Гебер. Яһуда жерінің де бір әкімі болатын.#4:19 Немесе: Сол аймақта тек бір әкім ғана болатын.
Патшалықтағы молшылық пен тыныштық
20Яһуда мен Исраилдің халқы теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай көп болды. Олар тойына тамақтанып, көтеріңкі көңілмен өмір кешті. 21Сүлеймен патша (солтүстік-шығыстағы) Евфрат өзенінен (оңтүстік-батыстағы) філістірлер елі мен Мысыр шекарасына дейінгі барлық патшалықтарға билік жүргізді. Сол елдер Сүлейменнің көзі тірісінде оған алым-салықтарын төлеп, тәуелді болды.
22Күн сайын Сүлейменнің сарайына мына азық-түліктің төмендегі мөлшері әкелінетін: отыз қап таңдаулы бидай ұны, алпыс қап өзге ұн, 23бордақыланған он және жайлауда семіртілген жиырма мүйізді ірі қара, жүз қой-ешкі, оның үстіне бұғы, киік, елік және семіртілген құстар.
24Сүлеймен Евфрат өзенінің бойындағы Типсахтан бастап батысқа қарай, (Жерорта теңізінің жағалауындағы) Газаға дейінгі бүкіл өлкеге және ондағы барша патшаларға үстемдік жүргізді. Оның патшалығының барлық жағында тыныштық орнады. 25Сүлеймен патшалық құрған уақыттың бәрінде Яһуда мен Исраилдің халқы алаңсыз тіршілік етіп, солтүстіктегі Даннан оңтүстіктегі Бер-Шебаға дейінгі бүкіл өлкеде әр адам өз бау-бақшасында тұрып жемістерін рақаттана жейтін.#4:25 Яки: әр адам өзінің жүзім бұтасы мен інжір ағашының астында отыратын (Мих 4:4; Зәк 3:10).
26Сүлейменнің төрт#4:26 Немесе: қырық. (Сүлеймен патшаның 1400 күймесі болды, әрқайсысына аттар қос-қостан жегілетін: 10:26.) мың жылқыға арналған қоралары әрі он екі мың жылқысы#4:26 Немесе: салт аттысы. болды.
27Тағайындалған он екі аймақ әкімі Сүлеймен патшаны және оның дастарқан басындағылардың бәрін азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрды. Әрбір әкім өз кезегін атқаратын айда ештеңенің де қалыс қалмауын бақылап қызметін атқаратын.#4:27 4:7. 28Бұған қоса әкімдер патшаның күймелеріне жегілетін жылқылары мен өзге көліктерге арнап, белгілі жерлерге өз кезектері бойынша арпа мен сабан да жеткізіп тұратын.
Сүлейменнің даналығының кеңінен әйгілі болуы
29Құдай Сүлейменге орасан зор даналық пен түсінік#4:29 3:11-12. дарытып, теңіз жағалауындағы құм қиыршықтарындай мол білім сыйлады. 30Сүлейменнің даналығы шығыс елдері мен Мысыр елінің кемеңгерлерінің ақыл-парасатынан да асып түсті. 31Ол барлық басқа адамдардан да өткен дана болды. Оның ақылы езрахтық Етаннан, Мақолдың ұлдары Хеман, Халқол, Дардалардан да асты. Осылайша Сүлейменнің атақ-даңқы айналадағы барлық елдердің халықтарына тарады.
32Сүлеймен үш мың нақыл сөз айтып, бір мың бес ән-жыр құрастырды. 33Ол Ливандағы зәулім самырсын ағашынан бастап, қабырға жарығынан өсіп шығатын сайсағызға#4:33 Яки: үсопқа (иссопқа) (Мыс 22:12). дейін күллі өсімдіктер жайлы тәлім берді. Сондай-ақ, ол малдар, құстар, бауырымен жорғалаушылар және балықтар туралы да айтып кеткен. 34Бүкіл дүниенің патшалары Сүлеймен патшаның даналығы туралы естіп білгендіктен, күллі ұлттардың өкілдері оның даналығын тыңдап, үйренуге келіп жататын.
Currently Selected:
Патшалықтар 3-ж. 4: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.