YouVersion Logo
Search Icon

Патшалықтар 3-ж. 3

3
Сүлейменнің өзіне аян берген Құдайдан даналық сұрауы
1Сүлеймен Мысыр патшасы перғауынмен одақтасып, оның қызына үйленді.#3:1 Яки: туыстасып (Шеж2 18:1). Өзіне патшалық сарай, Жаратқан Иеге ғибадатхана, Иерусалимнің айналасындағы қамал қабырғасының құрылысын бітіріп болғанға дейін Сүлеймен осы әйелін Дәуіттің шаһарына әкелді.
2Сол кездері Жаратқан Иенің атына арналған ғибадатхана әлі де салынбағандықтан, халық биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық шалуларын жалғастыра берді. 3Сүлеймен Жаратқан Иені шын жүректен сүйіп, әкесі Дәуіт қалдырып кеткен ережелеріне бағынғанмен, ол да биіктеу жерлердегі табыну орындарында құрбандық шалып, хош иісті заттарды түтететін.
4Гибеон қаласындағы биіктеу жерде өте үлкен ғибадат орны#3:4 Жаратқан Иенің кездесу шатыры және құрбандық үстелі сол жерде болатын (Шеж1 21:29; Шеж2 1:3,5). бар болғандықтан, патша соған барып, ондағы құрбандық үстелінде бір мың малды құрбандыққа шалып, түгелдей өртеп ұсынды. 5Гибеонда Жаратқан Ие Сүлейменге сол түні түсінде аян берді. Сонда Құдай оған тіл қатып:
— Өзіңе не сыйлағанымды қаласаң, соны сұра! — деді. 6Сүлеймен былай деп жауап берді:
— Өзіңе қызмет еткен әкем Дәуітке зор рақымыңды көрсетіп отырдың. Себебі ол Өзіңнің алдыңда шын жүректен адал да әділ болып жүрді. Енді оның тағында отыратын ұл сыйлауың арқылы Өзіңнің оған деген зор рақымыңды бүгін де көрсетіп отырсың.
7Уа, Құдайым Жаратқан Ие, әкем Дәуіттің орнын бастырып алдыңдағы пендеңді патша етіп қойдың. Ал мен әлі жаспын, өз міндеттерімді қалай атқаруды білмеймін. 8Міне, мен Сенің таңдап алған халқыңның арасында тұрмын. Ол — көптігінен өлшеп-санауға келмейтін ұлы халық. 9Өз халқыңның істеріне әділ шешімдерді жасап, дұрыс пен бұрысты ажырата алуым үшін айтқандарыңа құлақ түріп, түсінетін жүрек#3:9 Яғни жайттарды дұрыс түсіне алатын ақыл-парасат, кішіпейілділік пен даналық (3:11,28; 4:29). сыйлай гөр! Онсыз Сенің осыншама көп халқыңа билік жүргізу ешкімнің қолынан келмейтін іс.
10Жаратқан Ие Сүлейменнің дәл осы нәрсені сұрағанына риза болды. 11Сондықтан Құдай оған былай деп жауап берді:
— Менен ұзақ өмір, зор байлық немесе жауларыңның жеңіліп, құруын сұраған жоқсың. Қайта, дұрыс шешім жасай алатын түсінік сыйлауымды өтіндің. 12Біліп қой, сол үшін Мен өтінішіңді орындап, саған даналық пен түсінік сыйлап отырмын. Мұндай даналық пен түсінік сенен бұрын ешкімде болмаған, өзіңнен кейін де ешкімде болмайды. 13Менен сұрамағандарыңды — байлық пен атақ-даңқты да саған сыйлаймын. Сендегі болатындай асқан байлық пен атақ-даңқ сенің тірі кезіңде патшалардың арасында ешкімде болмайды. 14Егер әкең Дәуіт сияқты өзің де Менің ізгі жолдарыммен жүріп, ережелерім мен өсиеттерімді орындайтын болсаң, ғұмыр жасыңды ұзақ қыламын!
15Сүлеймен оянып, мұның түсі екенін ұқты. Ол Иерусалимге қайта оралып, Жаратқан Иенің Келісім сандығының алдына барды. Сол жерде ол Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін және Онымен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықтар ұсынды. Мұнан кейін өзінің барлық нөкерлері үшін үлкен той жасады.
Сүлейменнің қиын дауды даналықпен шешуі
16Бір күні екі жезөкше әйел#3:16 Леу 19:29. бір даумен патшаның алдына келіп жүгінді. 17Олардың біреуі былай деді:
— Уа, тақсыр ием! Мына әйел екеуіміз бір үйде тұрамыз. Ол үйде болған кезде мен бір бала босандым. 18Үш күн өткеннен кейін мына әйел де бала туды. Сол кезде екеуімізден басқа үйде ешкім болмады. 19Ал мына әйел түнде ұлын қасына алып жатып, тұншықтырып өлтіріп алды. 20Сонда ол тұрып, пендеңіз ұйықтап жатқан кезде менің ұлымды алып, өзінің өлген ұлын қойныма салып қойды. 21Таң сәріде ұлымды емізейін деп тұрсам, ол шетінеп кетіпті! Бірақ күн шыға балаға зер сала қарағанымда оның өз ұлым емес екенін көрдім! — 22Екінші әйел қарсы шығып:
— Жоқ, тірі бала менікі, өлгені сенікі! — деді, ал бірінші әйел:
— Жо-жоқ, өлген бала сенікі, тірісі менікі! — деп қоймады. Осылай екі әйел патшаның алдында айтысып тұрып алды. 23Сонда патша:
— Бірің «Тірі бала менікі, өлгені сенікі!» дейсің, екіншің де дәл соны айтасың. 24Ендеше маған бір семсер алып келіңдер! — деп бұйырды. Семсер келтірілгенде, 25патша: — Тірі баланы шауып, екіге қақ бөліңдер де, жартысын біреуіне, өзге жартысын екіншісіне беріңдер! — деп әмір етті. 26Бірақ тірі ұлдың шешесі нәрестесіне жаны ашып, патшаға:
— Тақсыр ием, тірі баланы оған бере салыңызшы! Қалайда оны өлтіре көрмеңіз! — деп жалынды. Ал екінші әйел болса:
— Маған да, саған да болмасын! Оны қақ бөліңіз! — деді. 27Сонда патша былай деп шешті:
— Тірі баланы өлтірмеңдер! Оны мына бірінші әйелге беріңдер! Оның туған шешесі — сол!
28Бүкіл Исраил халқы Сүлеймен патшаның шығарған әділ шешімі туралы естігенде, патшаны қатты қастерлейтін болды. Себебі олар әділдікті жүзеге асыратын Құдайдың даналығы патшада бар екендігіне көздерін жеткізді.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in