Лұқа 22
22
1Құтқарылу мейрамы деп аталатын Ашымаған нан (пасха) мейрамы жақындап келе жатты.
2Бірінші бас қызметкерлер мен Таурат заңын зерттеушілер халықтан қорыққандықтан, олардың наразылығын туғызбай, Исаны қалай өлтірудің амалын іздестіре бастады.
3Сол кезде Исаның он екі шәкіртінің бірі болып саналатын Яһуда Исқариоттың бойына сайтан кіріп алды.
4Сонда ол бірінші бас қызметкерлер мен күзетшілердің басшыларына барып, оларға Исаны қалай ұстап бере алатыны жайында келісіп қойды.
5О лар қуанғандарынан оған күміс ақша беретіндіктерін айтып, келіскендерін білдірді.
6Сөйтіп, ол Исаны халық жоқ кезде ұстап беруге оларға уәде беріп, соның қолайлы сәтін іздей бастады.
7Құтқарылу мейрамына (пасхаға) арналған тоқты сойылып, міне, ашымаған нан мейрамы күні де келіп жетті.
8Иса: -Құтқарылу мейрамына арналған асты дайындаңдар, -деп Петір мен Жоханды жіберді.
9-Асты қай жерге дайындағанымызды қалайсың? -деп сұрады олар Исадан.
10Иса оларға: -Сендер қалаға кірген кезде, құмырамен су алып бара жатқан бір адамды кездестіресіңдер, сендер оның артынан еріп отырсаңдар, сол кіретін үйге барасыңдар.
11Сол үйдің иесіне: «Өзімнің шәкірттеріммен бірге отырып, құтқарылуға (пасхаға) арналған асты жейтін бөлме қай жақта екенін Ұстаз сенен сұрап жатыр», -деңдер.
12Сол кезде ол сендерге жоғарыда орналасқан және төсеніштер төселіп, дайын тұрған бір үлкен бөлмені көрсетеді. Асты сендер сол жерге дайындаңдар, - дейді.
13Сонымен, олар барады, Иса қалай айтқан болса, дәл солай тауып алып, құтқарылуға (пасхаға) арналған асты сол жерге дайындап қояды.
14Уақыты келген кезде, Иса елшілерімен бірге барып, ас ішетін жерге жантайып жайғасты.
15Сол кезде Иса оларға: -Мен құтқарылуға арналған осы асты азап шегер кездің алдында, сендермен бірге отырып жеуді қаладым, бұл-Менің Өз қалауым.
16Сондықтан сендерге мынаны айтамын: Мен бұл асты енді Құдай Патшалығының мезгілі келіп, сол сәт орындалғанша жемейтін боламын, - деді.
17Содан кейін Ол тостағанды қолына алып, оларға: -Мынаны алыңдар да, өзара бөлісіңдер.
18Себебі енді Құдай Патшалығының кезеңі келетін кезге дейін, осы жүзім бұтасы жемісінің шырынынан ішпейтінімді сендерге айтып тұрмын, - деді.
19Одан кейін Ол нанды алып, алғыс айтқан соң, оларға үзіп беріп тұрып: -Бұл -сендер үшін берілетін Менің денем, сондықтан Мені естеріңе түсіру үшін осылай істеңдер, - деді.
20Кешкі астан кейін Иса тостағанды алып, оларға: -Мына тостаған -Менің сендер үшін төгілетін қаныммен бекітілетін жаңа келісім.
21Алайда сатқындық жасап, Мені ұстап берушінің қолы, міне, үстел үстінде Маған жақын тұр.
22Негізінде, Адам Ұлы Өзіне берілген белгілі бір бағытпен жүріп келеді, алайда Оны сатып кеткен адам қасіретке қалады, - деді.
23Сонда шәкірттері осыны істейтін кім екенін бір-бірінен сұрай бастады.
24Сол кезде шәкірттері араларында кімнің үлкен болатыны (ұлы екендігі) жайында өзара таласып қалады.
25Сонда Иса оларға: -Осы әлемнің патшалары өз халқының үстінен үстемдік етеді, ал халықты билеушілер өздерін игілікті іс жасаушылармыз деп атайды. Сендер олар сияқты болмаңдар.
26Керісінше, кім араларыңда үлкен болса, сол кіші болсын, кім басқарғысы келсе, сол қызметшідей болсын. Сендердің араларыңдағы үлкенің ең кіші сияқты болсын, ал кім басшы боламын десе, құл сияқты болсын.
27Сонымен, үлкені қайсы: дастарқан басында жантайып жатқаны ма әлде қызмет етіп жүргені ме? Жантайып жатқанды үлкен дегілерің келе ме? Мен сендердің араларыңда қызметші сияқты болып жүрдім.
28Мен сынақтан өткен кездерімде сендер Менімен бірге қасымда болдыңдар,
29сондықтан Менің Әкем Маған қалай сеніп тапсырса, Мен де Патшалығымды сендерге солай сеніп тапсырамын,
30себебі сендер Менің Патшалығымның дастарқанынан ішіп-жеп әрі тақта отырып, Исраилдің он екі руын соттайтын боласыңдар.
31-Шимон, Шимон, міне, сендерді бидай сияқты елегіштен өткізу үшін, сайтан рұқсат сұрап алды,
32бірақ Мен сенің сеніміңнің жоғалмауын сұрап, жалбарына мінәжат еттім. Сен Маған кері қайтқанша, қай кез болмасын, өзіңнің бауырларыңды нығайтатын бол, - деді.
33Сонда Петір Исаға: -Ием, Сенімен бірге абақтыға түсуге де және өлімге баруға да дайынмын! - деді.
34Бірақ Иса оған: -Саған айтамын, Петір, бүгін әтеш шақыратын уақытқа дейін, сен Мені танымайтыныңды айтып, үш рет Менен бас тартатын боласың, - деді.
35Содан кейін Иса олардан: -Мен сендерді қапшықсыз, жол дорбасыз әрі аяқ киімсіз жібергенде, сендер бір нәрседен мұқтаждық көрдіңдер ме? -деп сұрады. -Еш нәрседен мұқтаждық көрген жоқпыз, -деп жауап қайтарды олар.
36Иса оларға: -Енді керісінше болсын, кімде *ақша салатын қапшық (әмиян) бар болса, соны алсын, кімде жол дорба болса, дорбасын алсын, ал осы нәрселер кімде жоқ болса, олар сыртқы жамылғысын сатып, соған семсер сатып алсын.
37Өйткені Мен жайында: «Оны қылмыскерлердің қатарына жатқызды», -деп Жазбада жазылған сөз жуықта орындалып, Менімен аяқталуы тиіс екенін сендерге айтамын, - деді.
38Сонда шәкірттері: -Ием, міне, мұнда екі семсер бар екен, - деді. - Жетер енді, - деді Иса оларға.
39Иса сол жерден шыққан соң, Өзінің әдеті бойынша Зәйтүн тауына қарай беттеді, шәкірттері Оның соңынан ерді.
40Олар сол орынға жеткенде Иса: -Азғырылуға түсіп қалмауларың үшін, мінәжат етіңдер, - деді оларға.
41Содан кейін Иса Өзі олардан әрірек тас лақтырымдай жерге барып, тізесін бүгіп, мінәжат етті:
42-Әке, егер Сенің қалауың болса, осы тостағанды Менен алып тасташы, алайда Менің еркім емес, тек Сенің еркің орындалатын болсын, - деді.
43Сонда көктен бір періште көрініп, Исаға күш берді.
44Сол кезде Ол одан бетер арпалысқа түсіп, қатты мінәжат ете бастады, сонда Одан аққан тер қан секілді жерге тамшылады.
45Иса мінәжат етіп болғанан кейін орнынан тұрып, шәкірттеріне келген кезде, олардың қайғыдан қалжырап, ұйықтап жатқанын көреді.
46Сонда Иса: -Неге ұйықтап жатырсыңдар? -деді оларға. -Азғырылуға берілмес үшін тұрып, мінәжат етіңдер.
47Иса әлі де осыны оларға айтып тұрған сәтте, бір топ адам сол жерге келіп қалды, ал олардың алдында Өзінің он екі шәкіртінің бірі болған Яһуда келе жатты. Міне, ол Исаға жақындап келіп, Оны сүймек болды.
48Сол кезде Иса оған: -Яһуда, Адам Ұлын сүйіп тұрып, сатқындық істеп тұрсың ба? - деді.
49Исаның қасындағылары мұны көрген кезде: -Ием, егер семсермен шауып тастасақ ше? -деп сұрап жатқанда,
50араларындағы біреуі семсерін сілтеп қалып, бірінші бас қызметкердің құлының оң құлағын шауып түсірді.
51Сонда Иса: -Оған жақындауға рұқсат беріңдерші, -деді де, оның құлағына Өзінің қолын тигізіп, әлгі құлды сауықтырып жіберді.
52Содан кейін Иса Өзіне келіп тұрған бірінші бас қызметкерлер мен ғибадатхананың күзет басшылары мен ақсақалдарына: -Семсер мен найзаларыңды қолдарыңа алып, қарақшыға қарсы аттанғандай шықтыңдар ма?
53Мен сендермен күн сайын ғибадатханада бірге болдым, сол кезде сендер Мені ұстаған жоқсыңдар. Ал қазіргі уақыт түнектің билігінде болғандықтан, осы сәт сендердікі болып тұр, - деді.
54Олар Исаны ұстап, Оны бірінші бас қызметкердің үйіне алып келді. Ал Петір олардан алысырақ жүріп, соңдарынан ілесіп отырды.
55Сосын Петір аулаға кірді, ауланың ортасында от жағып отырғандардың қасына барып, солардың арасына келіп отырды.
56Сол жердегі бір қызметші әйел оған қарап, оттың жарығымен анықтап көріп алған соң: -Мынау да солармен бірге болған, - деді.
57-Замандас, мен Оны танымаймын, -деп Петір мойындамады.
58Біраз уақыттан кейін, сол жердегі тағы басқа біреуі оны көріп қойып: -Сен де солардың біреуі едің ғой, -деді. - Жоқ, олай, емес, - деп жауап берді Петір.
59Шамамен бір сағаттай уақыт өткенде, біреу оған қадалып тұрып қарап: -Шынында да, мынау солармен бірге болған, өйткені бұл - ғалилеялық, - деді.
60Сонда Петір: -Кім туралы айтып тұрғаныңды білмеймін, -деді. Ол осылай деген сәтте әтеш шақырады.
61Сол кезде Иеміз бұрылып, Петірге қарады. Сонда Петір Иеміздің: «Бүгін әтеш шақыратын уақытқа дейін, сен Менен үш рет бас тартатын боласың», -деп өзіне айтқан сөзі есіне түсті.
62Петір далаға шығып, қатты өкініп жылады.
63Исаны күзетіп тұрған ер адамдар Оны мазақтап, Оны ұрып-соға бастады.
64Оның бетін бүркеп қойып: -Сені ұрған кім? Пайғамбар болсаң, айтшы! - деп Оны сұрақтың астына алды.
65Олар Оған басқа да қорлау сөздер айтты.
66Таң атып, күн шыққан соң, халықтың ақсақалдары мен бірінші бас қызметкерлері және Таурат заңын зерттеушілер кеңесуге жиналды. Исаны өздерінің жоғарғы кеңесшілер алқасына (синедерионға) алып барды.
67Сол жерде олар Исаға: -Егер де Сен Мәсіх болсаң, бізге турасын айт, -деді. Сонда Иса: -Сендерге айтсам да сенбейсіңдер, - деді оларға,
68ал Мен сұрасам, сендер жауап бермейсіңдер.
69Алайда осы сәттен бастап, Адамның Ұлы құдіреті күшті Құдайдың оң жағында отыратын болады, - деді.
70Олардың бәрі: -Сонда Сен Құдайдың Ұлы боласың ба? -деп сұрай бастады. Иса оларға: -Менің Сол екенімді өздерің айтып тұрсыңдар ғой, - деп жауап берді.
71-Бізге енді бұдан артық қандай куәлік қажет? Оның не айтқанын Өз аузынан естідік қой! - деді олар.
Currently Selected:
Лұқа 22: ZO
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023