Жохан 1
1
1Ең басында, жаратылыстан бұрын, Сөз болған, Сөз Құдайда болды, Құдай Сөз болды.
2Ол әуел бастан Құдайда болды.
3Барлығы тек Сөз арқылы жаратылды, Онсыз еш нәрсе де жаратылған емес.
4Себебі Сөздің Өзі өмір болатын, сол өмір адамзат үшін жарқыраған Жарық болды.
5Міне, сол Жарық түнекте жарқырап тұрды, ал түнек Оны жаба да, жасыра да алмады.
6Құдай Жақия есімді адамды жіберген болатын,
7ол куәлік беру үшін келді, оның берген куәлігі тек сол жарқыраған Жарық туралы болатын, өйткені бәрі тек Жарыққа сену арқылы келу керек болды.
8Жақияның өзі ешқашан жарық болған емес, керісінше, ол тек сол Жарық туралы куәлік берді.
9Себебі осы әлемге келген әрбір адамды Өзінің жарығына бөлейтін шынайы Жарық қажет болды.
10Ол осы әлемде болды, бұл әлем де Сол арқылы жаратылған еді, алайда осы әлем Оны таныған жоқ.
11Ол Өзінің елі мен жеріне келді, бірақ Оны Өз елі де, жері де қабылдамады.
12Алайда, Оны қабылдап, Оның атына сенім артқандарға, билік беріп, Құдайдың балалары етіп қойды.
13Себебі олар енді не қан мен тән арқылы емес, не адамның қалауынан емес, тек Құдайдан туғандар болып саналады.
14Міне, сол Сөз тәнге (адамға) айналып, біздің арамызда өмір сүре бастады. Біз сол кезде Оның даңқын көрдік, Оның даңқы Өз Әкесіне ұқсас, дара болғандықтан, Ол рақымдылық пен шындыққа толып тұрды.
15Жақия Ол туралы жар салып, былай деп куәлік берді: -Міне, алдын ала Кім туралы айтылған болса, Мынау Соның Өзі. «Ол менен кейін келсе де, Ол менің алдыма шықты (менен Ұлы), өйткені Ол мен тумастан бұрын бар болатын».
16Себебі біз Оның шексіз рақымының арқасында бәріне ие болдық және бізге бір рақымдылықтың үстіне тағы бір рақымдылық берілді.
17Өйткені Заң Мұса арқылы берілсе, ал рақым мен шындық Иса Мәсіх арқылы келді.
18Құдайды ешкім ешқашан көрген емес, алайда Оны Өз Әкесінің қасында болған, Құдаймен теңдес және Құдайдан дара туған Ұлы бізге танытты.
19Иерусалимдегі яhудейлердің Жақияның кім екендігін сұратып жіберген қызметшілері мен леуіліктерге берген куәлігі мынадай болды:
20-Мен Мәсіх емеспін, -деп өзінің Ол емес екенін мойындап, ашығын айтты.
21-Сонда сен кімсің? Ілияс пайғамбарсың ба? -деп сұрады. -Жоқ, мен ол да емеспін, -деп жауап берді оларға. -Мүмкін, сен пайғамбар шығарсың? -деп сұрады олар. Жақия: - Жоқ, - деп жауап берді.
22Сонда олар Жақиядан: -Саған бізді жібергендерге сені кім деп айтып барайық? Өзің туралы не айтасың? -деп сұрады.
23Жақия оларға: -Мен шөл даладағы: «Иеміздің жолын түзетіңдер!» -деп Ишая пайғамбардың айтуы бойынша жар салып жүрген дауыспын, - деді.
24Өйткені Жақияның кім екенін сұрап келуге жіберілгендер фарисейлер болатын.
25Сонда олар Жақияға былай деп сұрақ қойды: -Егер де сен Мәсіх болмасаң, не Ілияс, не пайғамбар болмасаң, онда сен не үшін суға батырып шомылдырудан өткізіп жүрсің? - деді.
26Жақия оларға былай жауап берді: -Мен тек суға батырып қана шомылдырамын, алайда сендердің орталарыңда сендер білмейтін Біреу бар.
27Ол менен кейін келсе де, мен Оның аяқ киімінің бауын шешіп беруге де лайықсызбын, - деді.
28Бұл оқиға Иорданның арғы бетіндегі Бетанияда, яғни, Жақияның өзі суға батырып шомылдырудан өткізіп жүрген жерде болды.
29Келесі күні Жақия өзіне қарай келе жатқан Исаны көріп: -Міне, Мынау осы әлемдегі күнәні Өз мойнына алатын, Құдайдың құрбандық Тоқтысы!
30Мен осы бір ер адам туралы: «Менен кейін Келген енді менің алдымда болады, өйткені Ол менен бұрын бар болған», - деп айтқан болатынмын.
31Мен Оны таныған да, білген де емеспін, алайда мен Оны осы Исраилге таныстыру үшін келдім. Міне, сол үшін де мен Оны суға батырып шомылдырдым, - деді.
32Жақия куәлігін жалғастырып тағы былай деді: -Мен Рухтың көгершін сияқты көктен түсіп келгенін және Оның Исаның бойына (үстіне) барып қонғанын және Рухтың сонда қалғанын көрдім.
33Бірақ мен де Оны таныған жоқпын, алайда мені тек суға батырып шомылдырушы боласың деп Жібергеннің Өзі маған: «Егер көктен түскен Рухтың кімге келіп қонғанын және Рухтың Соның бойында қалғанын көрсең, Киелі Рухқа шомылдырушы Соның Өзі болады», -деп айтқан болатын.
34Мен солай болғанын көрдім, сондықтан Мен: «Құдайдың Ұлы-Осы!» -деп куәлік беруімнің себебі де, міне, осында, -деді.
35Келесі күні Жақия өзінің екі шәкіртімен бірге тағы да сол жерде тұрды.
36Сол кезде ол келе жатқан Исаны көріп: -Міне, мынау -Құдайдың Тоқтысы! - деді.
37Оның осылай дегенін естіген әлгі екі шәкірті Исаға еріп, Оның артынан кетті.
38Иса артына бұрылғанда, әлгі екеуінің еріп келе жатқанын көріп: -Не іздеп жүрсіңдер? -деді. Сонда олар Оған: -Равви, (аударылғанда «Ұстаз» деген ұғымды білдіреді) тұратын мекенің қайда? - деп сұрады.
39Иса оларға: -Келсеңдер, көресіңдер, -деді. Сонымен олар барып, Оның қайда тұрып жатқанын көрген соң, сол күні олар Оның қасында қалатын болды, бұл кез сағат онның кезі болатын.
40Жақиядан Иса туралы естіп, сосын Оның артынан еріп барған сол екеудің бірі Шимон Петрдің бауыры Әндір болатын.
41Ол алдымен өзінің бауыры Шимонды тауып алып, оған: -Біз Мәсіхті таптық, -деді. («Мәсіх» сөзі «майланған» немесе «патшалыққа майланған» деген мағына береді).
42Одан кейін оны Исаға ертіп әкелді. Иса оған қарап тұрып: -Сен-Жоханның ұлы Шимонсың, енді сені Кифа (Петр) деп атайтын болады, -деді. (Петр «тас» деген ұғымды білдіреді)
43Келесі күні Иса Ғалилеяға барғысы келді. Ол Філіпті тауып алды да, оған: - Соңымнан ер! - деді.
44Філіп негізі Бефсайда деп аталатын қаланың тұрғыны болатын, Әндір мен Петір де сонда тұратын.
45Філіп Натанайылды тауып алды да оған: -Біз Мұсаның Заңы мен Пайғамбарлар жазбасындағы назареттік Жақыптың Ұлы Исаны таптық, - деді.
46Сонда Натанайыл оған: -Сол Назареттен қандай жақсылық шығар дейсің? -деді. Алайда Філіп оған: -Кел, сонда көресің, - деді.
47Иса Өзіне қарай келе жатқан Натанайылды көрді де, оған қарап тұрып: -Міне, мынау-қулық-сұмдығы жоқ нағыз Исраилдік, - деді.
48Натанайыл Оған: -Мені қайдан білесің? -деді. Иса оған: -Мен сені Філіп әлі шақырмай тұрған кезден бұрын, інжір ағашының астында тұрғаныңда көрдім, - деді.
49Сол кезде Натанайыл Оған былай деді: -Равви, (Ұстаз) Құдайдың Ұлы да - Сен, Исраилдің Патшасы да - Сен!
50Сонда Иса оған: -Мен саған: «Сені інжір ағашының астында тұрғаныңда көрдім», -дегеніме бола сеніп қалдың ба? Енді бұдан да зорын көретін боласың.
51Сендерге шындықты, тағы да шындықты айтамын: көктің ашылып, Құдайдың періштелерінің төмен түсіп, олардың Адам Ұлына келіп, қайтадан көкке көтеріліп жатқан сәтін көретін боласыңдар, - деді.
Currently Selected:
Жохан 1: ZO
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023