Матай 12
12
1Иса сенбі күні астық алқабы арқылы өтіп бара жатты.Сонда Оның шәкірттері қарындары ашқанын сезіп, масақтарды үзіп алып, жей бастады.
2Мұны көріп тұрған фарисейлер Оған: -Әне, сенің шәкірттерің сенбіде істеуге болмайтын істерді істеп жүр, -десті.
3Иса оларға: -Сендер Дәуітті және онымен бірге болғандардың қарындары ашқан кезде не істегендері жайлы оқымап па едіңдер?
4Олар Құдайдың үйіне кіріп, өздеріне арналмаған, тек қана Құдайдың қызметкерлеріне арналған арнайы тарту етілетін нанды жеді емес пе?
5Ғибадатханада жүрген қызметкерлер сенбі күннің ережелерін бұзса да, олар сол үшін күнәлі болмайтыны жайлы Заңда жазылғанын сендер оқымап па едіңдер?
6Бірақ сендерге айтарым: -Осында сол ғибадатханадан да жоғары Біреу бар.
7Егер де сендер «Құрбандықтан гөрі мейірім көрсеткеніңді қалаймын» дегеннің мағынасын білетін болсаңдар, онда сол күнәсіз жандарға айып тақпас едіңдер,
8өйткені Адамның Ұлы - сенбі күнінің де Иесі, - деді.
9Иса сол жерден кетіп, олардың синагогаларына келді.
10Сол жерде қолы семіп қалған бір адам болды.Сонда фарисейлер Исаны кінәлап, айыптау үшін: -Сенбі күні адамды сауықтыруға бол ма? - деп сұрады.
11Сонда Иса: -Егер де араларыңдағы біреуіңнің жалғыз қойың болып және сол сенбі күні шұңқырға түсіп кетсе, оны сол сәтте шығарып алмайсыңдар ма?
12Адам сол қойдан да артық қой! Сондықтан сенбіде де жақсылық істеуге болады, - деді.
13Иса сол сәтте әлгі адамға: -Қолыңды созшы! -деді. Ол қолын созды, сонда оның қолы екінші сау қолы сияқты қалпына келді.
14Сыртқа шыққан фарисейлер Исаға қарсы болып, Оны құртуға шешім қабылдады.
15Алайда мұны білген Иса сол жерден кетіп қалды. Көптеген халық Оның соңынан еріп отырды, Ол бәрін сауықтырды.
16Иса Өзін әйгілі етпеу үшін, Өзі жайлы ашық айтпауға тыйым салды.
17Өйткені Ишая пайғамбар арқылы айтылған мына сөз орындалуы тиіс болатын:
18«Міне, Менің таңдап алған Қызметшім, Ол-Менің Сүйіктім, Ол Менің жанымды рахатқа бөлейтін болады. Оған Өз Рухымды қондырамын, Ол басқа ұлттарға соттың әділдігін жариялайды.
19Ол ешкіммен дауласпайды, айқай-шу көтермейді, көшеде Оның даусын да ешкім естімейтін болады.
20Ол әділдікті жеңіске жеткізу үшін, майысқан таяқты да сындырмайды әрі бықсыған білтені де өшірмейді,
21барлық ұлттар Оның атынан үмітке ие болады».
22Сол кезде жын соққан, соқыр әрі мылқау бірадамды Исаға алып келді. Ол оны сауықтырып жіберді, ол сөйлеп, көретін болды.
23Сонда халықтың бәрі бұған қайран қалып: -Дәуіттің Ұлы Осы шығар!? - десті.
24Мұны естіген фарисейлер: -Ол жындарды солардың әміршісі Белзебүлдің күшімен ғана қуып шығарады, -деді.
25Олардың ойларын біліп қойған Иса былай деді: -Өзара бөлініп, бір -бірімен жауласқан әрбір патшалық жойылып, бос қалады, екіге бөлінген үй де, қала да берік болмайды.
26Егер шайтан шайтанды қуса, онда олардың өзара бөлінгені, сондықтан оның патшалығы қалай берік бола алады?
27Егер Мен жындарды Белзебүлдің күшімен қуып шығаратын болсам, онда сендердің ұлдарың кімнің күшімен қуып шығарып жүр? Ал осы әрекеттерің үшін, үкімді сендерге солар шығаратын болады.
28Егер де Мен жындарды Құдайдың Рухымен қуып шығарып жүрсем, онда Құдайдың Патшалығы сендерге келді.
29Күштінің үйіндегі заттарды тонау үшін, ең алдымен, оны байлап тастау керек, олай істемесе, кім оны тонай алады?.
30Кім Менімен бірге болмаса, сол Маған қарсы және кім Менімен бірге жинамаса, сол шашады.
31Сол себепті сендерге айтарым: -Адамдардың барлық күнәлары мен қорлау сөздері кешіріледі, ал Рухты қорлауы кешірілмейді.
32Егер де біреу Адамның Ұлына қарсы сөз айтса, оған кешірім болады, ал біреу Киелі Рухқа қарсы сөзайтса, осы заманда да, болашақта да оған кешірім болмайды.
33Жақсы ағаштың жемісі де жақсы болады, жаман ағаштың жемісі де жаман болады, өйткені ағаш жемісімен танылады.
34Улы жыланнан туған ұрпақ, өздерің зұлым болсаңдар қалай жақсылық жайлы айта аласыңдар? Өйткені жүрек неге толы болса, ауыз соны айтады.
35Жақсы адам жақсылықтың қазынасынан жақсылық алып шығады, зұлым адам зұлымдықтың қазынасынан зұлымдық алып шығады.
36Сендерге айтарым: -Адам айтқан әрбір мәнсіз бос сөздері үшін, сот болатын күні жауап береді.
37Себебі өз сөздеріңмен ақталып, өз сөздеріңмен сотталатын боласыңдар, - деді.
38Сонда кейбір Таурат заңын зерттеушілер мен фарисейлер Оған: -Ұстаз, Сенің бір кереметтер жасағаныңды қалап тұрмыз, - деді.
39Иса оларға былай жауап берді: -Зұлым әрі азғын ұрпақ керемет іздейді, оларға Жүніс пайғамбардың кереметінен басқа керемет берілмейді.
40Жүніс ең үлкен балықтың құрсағында үш күн, үш түн қалай болған болса, Адам Ұлы да жер қойнында үш күн, үш түн болады.
41Ниневиялық ер адамдар сотта тұрып, осы ұрпақты айыптайтын болады, себебі олар Жүністің уағызы арқылы тәубе еткен болатын. Ал осында Жүністен де жоғары Біреу тұр.
42Оңтүстіктің патшайымы да сотта тұрып, осы ұрпақты айыптайтын болады, себебі ол сонау жердің қиыр шетінен Сүлейменнің даналығын тыңдау үшінкелген болатын. Осында сол Сүлейменнен де ұлы Біреу тұр.
43Зұлым рух адамнан шығып кеткеннен кейін, сусыз шөл жерді кезіп, тыныштық іздейді, бірақ оны таппайды.
44Сонда ол өзіне: «Қой, өзім шыққан үйге қайта оралайын», -дейтін болады. Ол қайтып келгенде, үйдің бос және сыпырылып тап -таза жиналып тұрғанын көреді.
45Сонда ол зұлымдығы өзінен өткен жеті рухты сол жерге алып келіп, орналасады. Содан кейін әлгі адамға алғашқыдан да жаман ауыртпашылық келеді. Осы жауыз ұрпақпен де дәл солай болады.
46Иса әлі де халыққа сөйлеп тұрғанда, Онымен сөйлеспек болып, анасы бауырларымен бірге іздеп келіп, сыртта күтіп тұрады.
47Сонда әлдекім Исаға: -Анаң мен бауырларың Сенімен сөйлесу үшін сыртта күтіп тұр, - дейді.
48Иса сол адамға: -Менің анам кім? Бауырларым кім? -деді.
49Содан кейін қолын созып, шәкірттерін нұсқап: -Міне, Менің анам мен бауырларым, - деді.
50Кім Менің Көктегі Әкемнің еркін орындаса, сол Менің бауырым, қарындасым және анам болады, - деді.
Currently Selected:
Матай 12: ZO
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023