YouVersion Logo
Search Icon

Жохан 8

8
1Иса зәйтүн тауына қарай кетті.
2Ол таңертең ерте ғибадатханаға қайтып келді, сол жерде отырып, Өзіне келген халықтың бәріне тәлім берді.
3Сол кезде Таурат Заңын зерттеушілер мен фарисейлер неке адалдығын бұзып жатқан жерінен ұсталған бір әйелді алып келді, оны ортаға тұрғызып қойып,
4Оған: -Ұстаз, мына әйел неке адалдығын бұзып жатқан сәтте ұсталды!
5Мұсаға берілген Заңда осындайларды таспен атқылап ұруды бұйырған, ал Сен бұған не айтасың? - деді.
6Олар Оны әдейі айыптап, сынау үшін осылай деді. Иса төмен қарап, еңкейген күйі жерге саусағымен жазып отыра берді.
7Олар бұл туралы Исадан сұрап қоймаған соң, Ол бір кезде басын көтеріп: -Араларыңдағы біреуің ешқандай күнәсіз болса, сол бірінші болып осы әйелге тас лақтырсын, -деді.
8Сосын Ол қайтадан төмен қарап, жерге жаза бастады.
9Осы сөзді естігеннен кейін олар үлкендерінен бастап, бірінен соң бірі сыртқа шығып кетті. Ақырында тек Исаның Өзі қалды, ал ортада болған әйел сол қалпында тұра берді.
10Сонда Иса басын көтеріп, әлгі әйелге: -Оу, әйел! Әлгілер қайда кетті? Олардың ешқайсысы саған айып таққан жоқ па? - деді.
11-Ешқайсысы да, Ием! -деді әйел. Иса оған: -Онда Мен де саған айып тақпаймын, енді бұдан былай күнә жасаушы болма! - деді.
12Осыдан кейін Иса оларға (халыққа) тағы да мынаны айтты: -Мен Осы әлемге жарықпын, Менің артымнан кім ерсе, сол қараңғыда жүрмейді, керісінше, оның өмірі жарық болады, - деді.
13Оған фарисейлер: -Сенің берген куәлігің тек Өзің туралы ғана айтады, сондықтан Сенің куәлігің шындыққа сай келмейді, - деді.
14Сонда Иса оларға: -Егер де Мен куәлікті тек Өзіме байланысты айтып тұрсам, онда Менің куәлігім -шындық, өйткені Мен қайдан келгенімді де, қайда баратынымды да білемін, ал сендер Менің қайдан келгенімді де, қайда баратынымды да білмейсіңдер.
15Сендер тек тәндік көзқараспен соттап тұрсыңдар, ал Мен ешкімді соттамаймын.
16Егер де Мен соттайтын болсам, онда менің сотым шынайы болады, себебі Мен жалғыз емеспін, Мен Өзімді жіберген Әкеммен* біргемін.
17Негізінде, сендердің Заңдарыңда екі адам бірігіп куәлік берсе, сол нағыз шындыққа жатады деп жазылған.
18Менің Өзіме берген куәлігіммен қатар, Мені жіберген Әкенің де Мен туралы беретін куәлігі бар, - деді.
19Сонда олар Исаға: -Сенің сол Әкең қайда жүр? -десті. Иса оларға: -Сендер Мені де, Менің Әкемді де білмейсіңдер, егер де сендер Мені білген болсаңдар, онда Менің Әкемді де білер едіңдер, - деді.
20Иса осы сөздерді оларға ғибадатхананың қазына қоймасының жанында тұрып, тәлім берген кезінде айтқан болатын. Алайда Оны ешкім ұстап алуға тырыспады, өйткені Оның уақыты әлі келген жоқ болатын.
21Сол кезде Иса оларға тағы да: -Мен кетемін, сендер Мені іздейсіңдер және сендер өз күнәларыңды өздерің арқалап өлесіңдер. Сендер Мен баратын жаққа келе алмайсыңдар, - деді.
22Сонда яһудейлер: «Мен баратын жаққа сендер келе алмайсыңдар», -дегені қалай? -Сонда Ол Өзін-Өзі өлтірме ме? - десті.
23Иса оларға: -Сендер -төмендегі жерденсіңдер, Мен -жоғарыдағы Көктенмін. Сендер осы әлемнен боласыңдар, Мен осы әлемнен емеспін.
24Міне, сондықтан Мен: «Сендер өз күнәларыңды өздерің арқалап жүріп өлесіңдер», -деп айтқан болатынмын. Егер де сендер Менің нағыз Сол екеніме сенбесеңдер, онда сендер күнәларыңды арқалап өлесіңдер, - деді.
25Олар Исаға: -Сен Өзің кімсің? -деді. Сонда Иса оларға былай деді: -Сендерге ең басында сол туралы айтпадым ба?
26Мен сендер жайында көп нәрсе айта аламын және соттасам да болады. Алайда Мені Жіберген-нағыз шындықтың Өзі, сондықтан Мен Одан не естісем, Мен соны осы әлемге айтып жүрмін.
27Алайда олар Исаның Өзінің Әкесі туралы айтып тұрғанын білген жоқ.
28Иса сонда да оларға: -Адамның Ұлын жоғары тік көтеріп қойған кезде, Менің нағыз Соның Өзі екенімді және Менің Өздігімнен еш нәрсе істемейтінімді, Әке Мені қалай үйретсе, соны ғана айтып жүргенімді білетін боласыңдар.
29Мені Жіберген Менімен бірге, Ол Мені жалғыз қалдырған жоқ, өйткені Мен әрқашан да Оның ұнатқан нәрсесін істеп жүрмін, - деді.
30Иса осыны айтқан кезде, Оған көпшілігі сенді.
31Өзіне сенген яһудейлерге Иса: -Егер Менің сөзімді ұстанып, сонымен жүретін болсаңдар, онда сендер Менің шынайы шәкірттерім болғандарың.
32Енді шындықты танып -білетін болсаңдар, сол шындық сендерді азат ететін болады, - деді.
33Олар Исаға: -Біз-Ыбырайымның ұрпағымыз және ешкімге еш уақытта құл болған емеспіз! Сен бізге неден «азат боласыңдар» деп айтып тұрсың? - деді.
34Иса оларға: -Сендерге шындықты айтайын: кім күнә жасаса, сол - күнәнің құлы.
35Ал құл үйде мәңгі қалмайды, үйде тек ұл ғана мәңгі қалады.
36Сондықтан сендерді тек Ұл азат етсе ғана азаттыққа шығасыңдар.
37Сендердің Ыбырайымның ұрпағы екендеріңді білемін. Алайда сендер Мені өлтірмек болып, сол үшін іздеп жүрсіңдер. Оның себебі сендер Менің айтқан сөздеріме жүректеріңнен орын бермедіңдер.
38Мен тек Әкеден көргенімді айтып жүрмін, сендер де Әкеден не естісеңдер, дәл солай істеңдер, -деп жауап берді.
39Олар Исаға: -Бізге тек Ыбырайым ғана Әке болған, -деді. Иса оларға: -Егер сендер Ыбырайымның балалары болсаңдар, онда Ыбырайымның жасағандарын істер едіңдер.
40Бірақ сендер Құдайдан естіген шындықты өздеріңе айтып жеткізген мына Мені өлтірмек болып іздеп жүрсіңдер. Мұндай нәрсені Ыбырайым істеген жоқ.
41Сендер тек өз әкелеріңнің жасаған істерін ғана орындап жүрсіңдер, -деді. -Біз некесіз туғандар емеспіз! -деді олар Оған. - Біздің бір ғана Әкеміз бар, Ол-Құдай!
42Сонда Иса оларға: -Егер Құдай сендердің Әкелерің болса, онда сендер мына Мені сүйер едіңдер, себебі Құдайдан шыққан да, келген де-Мен, Мен Өз бетіммен келген жоқпын, Мені жіберген - Соның Өзі.
43Сендер Менің сөздерімді не үшін түсіне алмай тұрсыңдар? Өйткені сендер Менің сөздерімді ден қойып, тыңдамадыңдар.
44Сендердің әкелерің -сайтан. Міне, сондықтан сендер сол әкелеріңнің қалауын орындағыларың келеді. Ал ол болса, әуел бастан адам өлтіруші болған әрі шындыққа да тұрақты емес, өйткені онда шындық деген жоқ. Ол айтатын өтіріктерін әрқашан өзіне лайықты етіп жеткізеді, сондықтан ол-нағыз өтірікші және өтіріктің әкесі.
45Мен тек шындықты айтамын, сонда да Маған сенбейсіңдер.
46Араларыңдағы кім Мені күнә жасадың деп әшкерелей алады? Егер де Менің айтқанымды шындық деп қабылдасаңдар, онда не үшін Маған сенбейсіңдер?
47Кім Құдайдан болса, сол Құдайдың айтқанын тыңдайды. Ал сендер Құдайдан емессіңдер, сондықтан сендер тыңдай алмайсыңдар.
48Сонда яһудейлер Оған: -Сен -самариялықсың және бойыңда сайтаның бар деп айтқанымыз дұрыс емес пе? -деді.
49Иса былай деп жауап қатты: -Менде сайтан жоқ. Бірақ Мен Өз Әкемді құрметтеймін, сендер Мені қорлап, абыройымды төктіңдер.
50Мен Өз даңқымды Өзім іздемеймін, алайда Іздеушім де Соттаушым да - Сол.
51Сендерге шындықты айтып тұрмын: кімде-кім Менің сөзімді сақтайтын болса, сол өлімнің дәмін татпай, мәңгілік өмірге өтеді, - деді.
52Сонда яһудейлер Оған: -Сенде сайтанның бар екенін енді білдік. Ыбырайым да өлді, пайғамбарлар да өлді. Сен: «Егер де кімде-кім Менің сөзімді сақтайтын болса, сол өлімнің дәмін татпай, мәңгілікке өтеді», - дейсің.
53Сен сонда өліп болған біздің әкеміз Ыбырайымнан да үлкенсің бе? Пайғамбарлар да өліп қалған. Сонда Сен Өзіңді кіммін деп санап тұрсың? - деді.
54Иса оларға былай деп жауап берді: -Егер де Мен Өз даңқыма Өзімді бөлейтін болсам, онда Менің даңқым түкке тұрғысыз болар еді. Менің Әкем бар, Мені даңққа бөлейтін -Сол. Ал сендер Оны: «Біздің Құдайымыз», -деп айтасыңдар.
55Алайда сендер Оны не танымайсыңдар, не білмейсіңдер. Мен Оны білемін. Егер де Мен Оны білмеймін десем, онда Мен сендер сияқты өтірікші болар едім. Бірақ Мен Оны білемін, сондықтан да Мен Оның сөзін орындап, сақтап жүрмін.
56Сендердің әкелерің -Ыбырайым Менің осы күнімді көргісі келген, сол үшін ол шаттанған еді, міне, ол сол күнді көрді, қуанды.
57Сонда яһудейлер Оған: -Жасың әлі елуге де келген жоқ, сонда Сен Ыбырайымды өз көзіңмен көрдің бе? -деді.
58Иса оларға: -Сендерге шындықты, тек шындықты айтамын: Ыбырайым әлі тумай тұрып, Мен бар болатынмын! -деді.
59Сонда олар тас алып, Исаға лақтырмақ болғанда, Ол көзге көрінбей, ғибадатханадан шығып кетті.

Currently Selected:

Жохан 8: ZO

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in