Жохан 6
6
1Осыдан кейін Иса Ғалилея көлінің арғы бетіндегі Тиберияға барды.
2Исаның ауруларды сауықтырып, жасаған кереметтерін көргендер Оның соңынан қалмай, ілесіп отырды.
3Иса тауға көтеріліп, Өз шәкірттерінің қасына барып отырды.
4Бұл кездері яһудилердің Құтқарылу мейрамы (яғни пасха) жақындап қалған болатын.
5Иса жан-жағына көз салғанда, көптеген халықтың Өзіне қарай келе жатқанын көріп, Філіпке: -Мыналарға жейтін нанды қайдан сатып алсақ болады? - деді.
6Иса мұны оны сынау үшін ғана айтқан болатын, алайда Ол не істеу керек екенін Өзі білді.
7-Екі жүз *динарийге нан сатып алып, олардың әрқайсысына соны кішкенеден үзіп бергеннің өзінде де жетпейді! - деп жауап берді Філіп.
8Сонда Исаның шәкірттерінің бірі Шимон Петірдің бауыры Әндір:
9-Осында жүрген бір баланың бес арпа наны мен екі балығы бар, бірақ осыншама көп халыққа ол не болады? - деді.
10Иса оларға: -Адамдарды ыңғайластырып отырғызыңдар, - деді. Сол жердің шөбі өте қалың болатын, бес мыңдай ер адам соған жайғасып отырды.
11Иса нанды алып, алғыс айтып, ризашылығын білдірген соң, отырғандарға таратып берді, дәл солай балықтарды да қалауынша таратты.
12Халық әбден тойып болған соң, Иса шәкірттеріне: -Енді бекерге ысырап болмас үшін, артылып қалғандарын жинап алыңдар, - деді.
13Олар жеп болған соң, артылғандарын жинап алғанда, бес арпа наннан қалғаны он екі себет болды.
14Исаның осы жасаған кереметтерін көрген адамдар: -Бұл әлемге келуге тиіс шынайы пайғамбар Осының Өзі болар! - десті.
15Олардың Өзін ұстап алып, патша етіп қойғысы келетінін және олардың соған дайындалып жүргенін біліп қойған Иса жалғыз Өзі тау жаққа кетіп қалды.
16Кеш батқан кезде Оның шәкірттері көлге қарай төмен түсті де,
17қайыққа мініп, көлдің арғы бетіндегі Қапарнаум қаласына бет алды. Сол кезде қараңғылық та түсе бастаған еді, бірақ Иса оларға әлі келмеген болатын.
18Қатты соққан желден теңіз алай-түлей күйге түсті.
19Ескекті есіп, жиырма бес-отыз стадий жүргеннен кейін, олар көлдің бетімен қайыққа қарай жақындап келе жатқан Исаны көрген кезде, шошып кетті.
20Иса оларға: - Бұл-Мен, қорықпаңдар, - деді.
21Олар Исаны қайыққа отырғызып алғылары келді, қайық та сол сәтте өздері бағыт алып келе жатқан жағаға келіп тоқтады.
22Келесі күні көлдің арғы бетінде жиналған халық сол жерде тек бір қайықтан басқа ешбір қайықтың болмағанын әрі Исаның Өзі шәкірттері мінген қайыққа отырмағанын, сол қайықпен тек қана Оның шәкірттерінің өздері ғана кеткенін көрген болатын.
23Сол жерде Тіберия жақтан келген басқа қайықтар да болды. Олар да Иеміз алғыс айтып, ризашылықпен нан жегізген жерге жақын келіп тоқтап жатты.
24Осы сәтте әлгі жиналған халық Исаның және Оның шәкіттерінің сол жерде жоқ екенінін көріп, қайықтарына қайта отырып, Исаны іздеп Қапарнаумға келді.
25Олар Оны көлдің арғы бетінен тауып алып, Оған: -Ұстаз! (Равви) Сен мұнда қашан келіп алдың? - деді.
26Иса оларға: -Сендерге шындықты, тек шындықты айтайын: сендер Мені тек кереметтерді көргендіктен емес, керісінше, жеген нандарыңа бола, яғни, нан жеп, тойып алған соң ғана іздеп жүрсіңдер.
27Бұзылып, жоқ болатын сол бір тамақ үшін емес, қайта, өздеріңе мәңгілік өмірдің азығы болатын, сендерге Адам Ұлы беретін тамақ үшін еңбектеніңдер, өйткені Құдай Әке Оған мөрін басты, - деді.
28Олар Исадан: -Құдайдың ісін атқару үшін, біздің не істеуіміз қажет? - деп сұрады.
29Иса оларға: -Құдайдың ісін атқару деген мынау: Ол Кімді Жіберген болса, Соған сеніңдер, - деп жауап берді.
30Бірақ олар: -Сонымен, бізді Өзіңе сендіретін қандай кереметтер көрсетпексің? Оны қалай жасайсың? -деді Оған.
31Біздің ата-бабаларымыз шөл далада жүріп нан (манна) жеген, бұл Жазбада қалай жазылған болса, солай орындалды. «Құдай оларға жейтін нанды (маннаны) көктен түсіріп берді», - делінген Жазбада.
32Иса оларға: -Сендерге шындықты, тек шындықты айтамын: сендерге көктен нан берген Мұса емес, шынайы нанды көктен беріп тұрған Менің Әкем болатын.
33Себебі көктен түскен Ол-Құдайдың «наны» және осы әлемге өмір беретеін де-Сол, - деді.
34Олар Исадан: -Ием, әрдайым сол нанды бізге беріп тұршы! - деп сұрады Одан.
35Иса оларға: -Сол өмір наны мына Мен боламын! Маған келген аштық көрмейді және Маған сенген (әркім) ешқашан шөлдемейтін болады, - деді.
36Алайда Мен сендерге: «Сендер Мені көріп тұрсыңдар, сонда да сендер Маған сенбейсіңдер», -деген болатынмын.
37Әкем Маған кімді берсе, олардың бәрі Маған келетін болады, Маған келгенді Мен сыртқа қумаймын.
38Өйткені Мен Өз еркімді орындау үшін емес, тек Мені Жібергеннің еркін орындау үшін көктен түстім.
39Бұл Мені Жібергеннің еркіне сай болып тұр, сондықтан Ол Маған бергендердің бәрін Мен жоғалтып алмауым үшін, Мен соңғы күні солардың бәрін қайта тірілтіп аламын.
40Өйткені бұл Менің Әкемнің еркіне сай, себебі Оның Ұлын көріп, Оған сенген әркім мәңгілік өмірге ие болуы үшін, соңғы күні Мен оны қайта тірілтетін боламын, -деді.
41Яһудейлер Оның: «Мен Көктен түскен «нан» боламын», -деген сөзіне күңкілдей бастады.
42Сонда олар былай десті: -Біз мұның әкесін де, шешесін де білеміз, бұл әлгі Жүсіптің ұлы Иса емес пе? Ендеше Ол: «Көктен түскен нам Мен боламын», -деп қалай айтып жүр?
43Иса оларға: - Бір - біріңмен дауласпай-ақ қойыңдар!
44Мені Жіберген Әкем Өзіне біреуді жақындатып тартпаса, ешкім де Маған келе алмайды, тек сонда Мен оны соңғы күні тірілтіп аламын.
45Ал пайғамбарлар Жазбасында: «Бәрі Құдайдан тәлім алып, Одан үйренетін болады», -деп жазылған. Сондықтан Әкеден естігенді үйренгісі келетіндер енді Маған келетін болады.
46Өйткені Құдайдың нақты бар екенін Әкемен бірге Болғаннан басқа ешкім де көрген емес, Әкені тек Сол ғана көрген.
47Сендерге шындықты, тек шындықты айтамын: кім Оған сенсе, сол мәңгілік өмірге ие болады.
48Себебі өмір беретін «нан» мына Мен боламын.
49Сендердің ата-бабаларың шөл далада нан (манна) жесе де, олар өлімге душар болды.
50Ал осы көктен түскен нанның қасиеті мынау: кім одан жесе, сол өлмейді.
51Сондықтан өмір беру үшін көктен түскен нан -мына Мен, егер кімде-кім сол наннан жейтін болса, ол мәңгі өмір сүретін болады. Өйткені Мен Өз тәнімді қиып, оны осы әлемге өмір наны ретінде беремін.
52Яһудейлер болса, осы сөзге бола бір-бірімен айтысып: - Ол Өзінің денесін бізге қалай беріп, қалай жегізгелі тұр? -десті.
53Сонда Иса оларға: -Сендерге шындықты, тек шындықты айтамын: егер сендер Адам Ұлының «денесін жемесеңдер», Оның «қанынан ішпесеңдер» онда сендер өз өмірлеріңе өздерің ие бола алмайсыңдар.
54Кім Менің «тәнімді жеп» және Менің «қанымды ішсе», сол мәңгілік өмірге ие болады, Мен оны ақырғы күні қайта тірілтіп аламын.
55Сондықтан шынайы тамақ -ол «Менің денем», ал шынайы сусын - ол «Менің қаным».
56Менің «тәнімді жеп» және Менің «қанымды ішкен» әркім *Менде өмір сүретін болады, Мен онымен бірге боламын.
57Мені жіберген Әке тірі, сондықтан Мен де сол Әкем арқылы өмір сүремін, сол секілді Мені *жеген әркім Мен арқылы өмір сүретін болады.
58Бұл Көктен түскен нан сендердің ата-бабаларыңның жеген нанына ұқсамайды, олардың бәрі де қайтыс болды. Бірақ мына нанды кім жесе, сол мәңгі өмір сүреді.
59Иса мұны Қапарнаумдағы синагогада тәлім беріп тұрған кезінде айтқан болатын.
60Осыны естігеннен кейін, Оның шәкіртерінің көбі: -Мұндай қатал айтылған сөзді кім тыңдайды? - десті.
61Иса шәкірттерінің осы туралы өзара күңкілдесіп тұрғанын біліп, оларға: -Осы (айтылған сөз) сендердің жандарыңа батып тұр ма? - деді.
62Егер де Адам Ұлының бұрынғы Өзі тұрған жеріне көтеріліп бара жатқанын көрсендер, не болады?
63Тек Рух қана тірілте алады, тәннің оған ешқандай да қатысы жоқ. Менің сендерге айтып тұрған сөзімде Рух та, өмір де бар.
64Алайда сендердің араларыңдағы кейбіреулерің әлі де сенбейсіңдер, -деді. Өйткені Иса бас кезінен-ақ олардың кейбіреулерінің сенбей жүргенін және кімнің Өзін сатып кетуге дайын екенін білетін.
65Ол тағы да былай деді: -Сол үшін де Мен сендерге: «Егер де Менің Әкемнен оған берілмесе, Маған ешкім де келе алмайды», - деп айтқан болатынмын.
66Осы кезден бастап, Оның шәкірттерінің көбі кері қайтып кетті, содан кейін Оған жақындаған жоқ.
67Исаның қасында Оның тек он екі шәкірті ғана қалды, сонда Иса оларға: -Сендердің де кеткілерің келе ме? -деп сұрады.
68Сонда Петр Оған: -Ием, біз кімге барамыз? Сенің айтқан сөздеріңде мәңгілік өмір бар.
69Біз соған сенеміз және Құдайдан келген Киелі тек Сенің Өзің екеніңді білдік, - деді.
70Иса оларға: -Осы он екіңді Мен таңдап алған едім, алайда араларыңдағы біреуің сайтанның жетегінде жүрген жоқ па? - деді.
71Ол Шимон ұлы Яһуда Исқариот туралы айтқан еді, ол Оның он екі шәкіртінің бірі болса да, Исаны ұстап беруге дайындалып жүрді.
Currently Selected:
Жохан 6: ZO
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Association Bible Society of Kazakhstan, 2022-2023