Абди 1
1
Едом еліне шығарылған үкім
1Бұл — Абдидің көрген көрінісі.#1:1 Яки: көрген аяны.
Мұнда Жаратушы Тәңір Иенің Едом елі туралы айтқаны берілген.
Жаратқан Иеден жеткен бір хабарды естідік, халықтардың арасына бір шабарман жіберілді. Ол: «Жиналыңдар! Едомға қарсы шайқасуға шығыңдар!» — деп жариялайды.#1:1 Ерм 49:14.
2(Жаратқан Ие Едом еліне былай деп ескертеді:) «Біліп қой, Мен сені ұлттардың арасында шағын әрі әбден елеусіз қыламын. 3Сен жартастағы#1:3 Яки: Селадағы. (Села, яғни «Жартас», Едом елінің астанасы болатын: Пат4 14:7.) қуыста тұрып, биік қыраттарды мекендеп келесің. Сондықтан «Кім мені бұл жерден құлатып түсіре алады?!» деп кеуде көтеріп, соған алданып кеттің. 4Алайда тіпті бүркіттей самғап, ұяңды жұлдыздардың арасында салсаң да, бәрібір Мен сені сол жақтан да құлатып түсіремін!» — деп нық айтады Жаратқан Ие.
5«Саған ұры түсіп, түнде қарақшы бас салса, олар өздеріне керегінше ғана ұрлап әкетпес пе еді? Жүзімшілер жүзімді жинағанда біразын (кедейлерге) қалдырмас па еді? Бірақ сені күтіп тұрған қырғынды айтсаңшы! 6Есау халқының#1:6 Яғни, Едом елінің. (Осы халықтың түп атасы Есау деп те аталатын: Жар 25:30; 36:1.) тінтілетіні-ай, тығылған көмбелерінің де тоналатыны-ай! 7Одақтастарыңның барлығы сені шекараға тықсырады, достарың сені тақырға отырғызып, күштеп әлімжеттік жасайды. Дастарқандас болып наныңды жеген достарың саған тұзақ құрып: «Ол тіпті де түсінбейді» дейтін болады».
8Жаратқан Ие сол күні мынаны айтады: «Мен міндетті түрде Едомның данышпандарын, Есаудың тауларындағы түсінігі мол адамдарын құртамын!#1:8 Әйүп 5:12; Иш 29:14; Ерм 49:7. 9Уа, Теман#1:9 Шеж1 1:45; Әйүп 2:11; Езк 25:13. қаласы, сенің жауынгерлерің үрейленіп, Есаудың тауларында тұрғандардың барлығы қырғынға ұшырайды. 10Өзіңнің бауырлас елің Жақыпқа жасаған зорлығың үшін сен масқара болып, біржола құрисың. 11Жау Исраил еліне басып кірген күні сен қарап тұра бердің. Жат жерліктер оның әскерін айдап әкетіп, шетелдіктер Иерусалимнің қақпаларына кіріп, жеребе тастап оның байлығын бөлісіп жатқанда, сен солардың бірі сияқты болып тұрдың.
12Бауырыңның басына күн туғанда сен қарап тұра бермеуің керек еді! Яһуда елі қырғынға ұшырағанда оны табалап мәз болмауың керек еді! Олар қатты қиналған күндері сенің мақтанбауың керек еді! 13Халқым сондай апатқа ұшырағанда, соның қақпасына басып кірмеуің керек еді! Халқым азап шеккен күні бақытсыздығына қарап мәз болмауың керек еді! Сол қиын-қыстау күні халқымның дүние-мүлкін талан-таражға салмауың керек еді! 14Жол айырықтарында тұрып, босқындарын өлтірмеуің, тірі қалғандарын жау қолына ұстап бермеуің керек еді!
Құдайдың халықтарды соттап, өз халқын құтқаруы
15Жаратқан Иенің барлық халықтарды соттайтын күні таяп қалды! (Уа, Едом,) сен не істеген болсаң, саған да сол нәрсе істелінеді. Осылайша істегендерің өз басыңа түспек. 16Сендер Менің қасиетті тауымда тойлап ішіп алғандарың сияқты, енді барлық халықтар да Менің қаһарыма толы тостағанымнан ішетін болады!#1:16 (Ерм 49:12) Немесе: Менің қасиетті тауымда халқымды жалмағандарыңдай, өздерің барлық басқа халықтармен бірге жалманатын боласыңдар. Сонда сендер (сол тостағаннан) ішіп, ішкендеріңді жұтып, ешқашан болмағандай жоғалып кетесіңдер. 17Бірақ Сион тауы қашқындарға бас сауғалайтын пана болады. Ол киелі болмақ. Жақыптың халқы#1:17 Яғни Исраил халқы. өзінің мұралық жерін қайтадан иемденеді. 18Сол кезде Жақыптың халқы — от, Жүсіптің ұрпақтары — жалын іспетті болады. Ал Есаудан тарағандар сабанға ұқсайды. Әлгілер сабанға от қойып, от оны жалмап қояды. Содан Есаудан тарағандардан ешкім аман қалмайды». — Жаратқан Ие осыны кесіп айтады.
19Сонда оңтүстіктегі Негев даласында тұратындар Есаудың тауларын иемденіп, батыстағы төменгі қыраттардың тұрғындары філістірлер еліне ие болады. Бұлар Ефрем мен Самарияның жерлерін, ал Бунямин руы Ғилақад аймағын иемденбек.
20Қанахандағы исраилдік жер аударылғандардың осы тобы Сарептаға#1:20 Пат3 17:9. дейінгі жерге ие болып, Иерусалимнен Сефарадқа жер аударылғандар қайтып келіп, Негевтің қалаларына иелік етеді.#1:20 Ерм 32:44; 33:13. 21Елді азат еткендер#1:21 (Бил 2:16; Нех 9:27; Иш 19:20) Немесе: Азат етілгендер (Жое 2:32). Сион тауына шығып, Есаудың тауларына билік құрады.
Ал Патшалық Жаратқан Иенікі болады.#1:21 Жыр 21:28-29; 46:8-10; 66:4-5; Зәк 14:9.
Currently Selected:
Абди 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.