YouVersion Logo
Search Icon

Марқа 6

6
Назареттіктердің кеуде көтеріп, қасарысулары
1Иса сол жерден кетіп, Өзінің өскен жеріне#6:1 Ғалилея аймағындағы Назарет қаласына (Мат 2:23; 13:54; Лұқ 4:16). барды. Шәкірттері қасына еріп жүрді. 2Демалыс күні Иса мәжілісханада тәлім бере бастады. Тыңдап отырғандардың көбі қатты таңданып, өзара былай десті: «Мұның бәрі Бұған қайдан біткен? Оған қонған не қылған даналық? Осындай құдіретті істер қалайша қолынан келеді? 3Өзі — ағаш ұстасы, Мәриямның ұлы, Жақып, Жүсіп,#6:3 Немесе: Жоси (Жүсіп есімінің қысқаша түрі: 15:40; Мат 13:55; 27:56). Яһуда, Шимондардың ағасы емес пе? Қарындастары осында арамызда тұрады ғой». — Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды.
4Сонда Иса оларға: «Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас», — деді. 5Содан да Иса сол жерде бірқатар науқас адамдарға қолын тигізіп сауықтырғаны болмаса, басқа кереметтер жасай алмады, 6әрі жұрттың сенбеушілігіне таңғалды.
Он екі елшінің Құдайдың Патшалығын жариялауға жіберілуі
Бұдан кейін Иса сол өңірдегі ауылдарды аралап, халыққа тәлім берді. 7Бірде Ол он екі елшісін қасына шақырып алды. Оларды екі-екіден жібермек болып, оларға жындарды қуып шығаратын билік берді. 8Сонда Иса елшілеріне былай деп тапсырды: «Жолға тек таяқтан басқа еш нәрсе алмаңдар: нан, дорба әрі қалталарыңда#6:8 Яки: белдіктеріңде. ақша да болмасын, 9жай аяқкиім киіп, артық киім алмаңдар! — 10Оларға тағы былай деді:
— Бір жерде қай үйге түссеңдер, қайтадан жолға шыққанша сонда қалыңдар.#6:10 Осылай елшілер Құдайға кәміл сенуді үйренуге тиіс еді. Олар үй-үйді аралап, қонақтап жүрмей, өздерін алдымен шақырған отбасының қонақжайлылығына риза болсын (Лұқ 9:3-4; 12:22-23; 20:46-47). 11Егер бір жерде сендерді қабылдамаса және айтқандарыңа құлақ салмаса, сол жерден шығып кетіп бара жатқанда аяқтарыңдағы шаң-тозаңды қағып тастаңдар.#6:11 Бұл салт осы жердің тұрғындарымен енді рухани қатынастары болмайды дегенді білдіретін (Лұқ 9:5). Бұл оларға ескерту болсын. (Сендерге шындығын айтамын: қиямет соты күні сондай қала тұрғындарының тартатын жазасынан тіпті Содом мен Ғомора халқының жазасы жеңілірек болады-ау!)»
12Сонымен елшілер жолға шығып, халыққа: «Теріс жолдан қайтып, Құдай жолына түсіңдер!» деп уағыздап жүрді. 13Олар адамдардан қыруар жындарды қуып шығарып, көптеген науқастарға май жағу рәсімін#6:13 Жақ 5:14; Түсіндірмені де қараңыз. жасап сауықтырды.
Жақия пайғамбардың шейіт болуы
14Исаның атағы кең тарағандықтан, Ол туралы Ирод (Антипас) патша#6:14 Ғалилея мен Перея аймақтарының әміршісі Ирод Антипас Ирод І патшаның (Мат 2:3) баласы еді. Аймақ әміршілері сол заманда кейде патша деп те аталатын. да естіді. Кейбір кісілер: «Бұл — шомылдыру рәсімін жасаған Жақия екен. Өлімнен қайта тіріліпті, сол себептен де сондай құдіретті істер жасайды», — десе, 15басқалары: «Ол — дүниеге қайтып келген Ілияс пайғамбар»,#6:15 Ілияс пайғамбардың дүниеге қайтып келіп, Иеміздің жолын дайындауы туралы Малахия пайғамбар өз жазбасында алдын ала айтып кеткен болатын (1:2; Мал 3:1; 4:5; Мат 17:10-13). — деді. Ал тағы басқалар: «Ол — пайғамбар, ежелде өмір сүрген пайғамбарларға ұқсайды», — деп болжады. 16Ал Ирод бұларды естігенде: «Бұл — өзім басын шаптырған Жақия екен, ол қайта тіріліпті!» — деп абыржыды.#6:16 Лұқ 9:7.
17Өйткені бұрынырақ Ирод кісі жіберіп, Жақияны тұтқындатып, түрмеге жаптырған еді. Себебі Ирод өзінің туған бауыры Філіптен әйелі Иродияны тартып алып, соған үйленген болатын. 18Ал Жақия Иродқа: «Бауырыңыздан жұбайын тартып алғаныңыз Таурат заңына қайшы!» — деп ескерткен еді.#6:18 Мыс 20:17; Леу 18:16; 20:21. 19Содан (Иродтың әйелі) Иродия Жақияға кек сақтап, оны өлтірмекші болды. Бірақ ол мұнысын жүзеге асыра алмады. 20Себебі Жақияның әділ, қасиетті адам екенін білген Ирод одан қорқып, оны қорғап жүрді. Ол Жақияны тыңдаған сайын қатты абыржыса да, оған ризашылықпен ден қоятын.
21Ақырында Иродияға зұлым ниетін жүзеге асырудың орайы түскен еді: Ирод өзінің туған күнінде уәзірлері, мыңбасылары және Ғалилеяның өзге көрнекті адамдарына арнап той жасады. 22Иродияның қызы#6:22 Иродияның бұрынғы некесінен (6:17) туған қызы. тойға келіп, бәрінің алдында би билеп, патшаға және оның қонақтарына қатты ұнап қалды.
Сондықтан патша бойжеткенге: «Менен қалағаныңды сұра, беремін», — деп уәде етті. 23Бұған қосымша: «Не қаласаң да сұрашы, тіпті патшалығымның жартысына дейін беремін!» — деп ант та берді. 24Қыз шығып, шешесіне:
— Не сұрасам екен? — деді. Шешесі:
— Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын сұра! — деп жауап берді.
25Қыз дереу патшаға жүгіріп барып, одан: «Шомылдыру рәсімін жасаған Жақияның басын дәл қазір табаққа салып, тарту етуіңізді қалаймын», — деп өтінді.
26Патша еңсесі түсіп қатты қапаланды. Алайда бірге отырған қонақтарының алдында ант бергендіктен, қыздың өтінішін аяқсыз қалдырғысы келмеді. 27Дереу бір жасақшысын жіберіп: «Жақияның басын алып кел!» — деп бұйырды. 28Ол түрмеге барып, Жақияның басын шауып, табаққа салып, қызға әкелді. Қыз оны шешесіне апарып берді.
29Жақияның шәкірттері мұны естігенде келіп, оның денесін алып кетіп, қабірге қойды.
Мәсіх Исаның бес мыңнан астам адамды тамақтандыруы
30Исаның жіберген елшілері қайта оралып, Оның қасына жиналған соң, өздерінің жасаған істері мен берген тәлімдері туралы түгелдей баяндап берді.#6:30 6:7,12-13. 31Бұдан кейін Иса: «Тек өздерің ғана Маған еріп оңаша бір жерге барып, біраз тынығып демалыңдар!» — деді. Себебі келіп-кетіп жатқан жұрт көп болғандықтан, олардың тамақтануға да мұршалары болмады.#6:31 3:20. 32Сонымен Иса мен шәкірттері жалғыз өздері ғана қайықпен оңаша бір жерге жөнелді.
33Ал олардың кетіп бара жатқандарын жұрт байқап қалды. Көпшілігі оларды танып, бүкіл қалалардан шығып, жаяу жүгіріп, баратын жерлеріне олардан бұрын жетті. 34Иса қайықтан түскенде, қарақұрым халықты көріп, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлар сияқты бейшара еді.#6:34 Мат 9:36; 14:14. Сондықтан Иса жиналғандарға көп тәлім берді.
35Біршама уақыт өткеннен кейін шәкірттері Исаның қасына келіп:
— Бұл — құлазыған дала, ал кеш түсіп барады. 36Адамдарды таратып жіберіңіз. Олар жақын маңдағы ауылдар мен елді мекендерге барып, тамақ сатып алсын,#6:36 Немесе: барып, нан сатып алсын, жейтін ештеңелері жоқ қой. — деген ұсыныс жасады. 37Бірақ Иса:
— Оларға тамақты сендер беріңдер! — деп жауап қатты. Шәкірттері:
— Онда біз барып, екі жүз күндік жалақыға#6:37 Немесе: екі жүз динарға. (Динар яки Денарион: жай жұмыскердің бір күндік жалақысы болған күміс теңге: Мат 20:2.) нан сатып алып, бұларды тамақтандырайық па? — деп сұрады. 38Ал Иса оларға:
— Қанша нандарың бар? Барып, қарап келіңдер! — деп тапсырды. Біліп келген олар:
— Бес күлше нан мен екі кепкен балық#6:38 Сол жақтың жұрты тұздалып кептірілген балықты нанға қосып жейтін (8:7; Мат 7:10; 14:17). бар екен, — деді. 39Сонда Иса шәкірттеріне адамдарды топ-топқа бөліп, көгалдың үстіне жайғастыруды тапсырды. 40Сонымен жұрт жүзден, елуден топтасып жайғасты. 41Иса бес күлше мен екі кепкен балықты қолына алып, көкке қарап тұрып шүкірлік етті.#6:41 Мат 14:19; 26:26. Нанды халыққа тарату үшін үзіп-үзіп, шәкірттеріне бере берді, екі балықты да бәріне бөліп, үлестірді. 42Барлығы да жеп тойды.
43Соңында олар нан үзімдері мен балықтан артылып қалғандарын жинап алғанда он екі себет#6:43 Яки: тоқыма қорап, кәрзеңке. толды. 44Ал тамақтанған ер адамдардың жалпы саны бес мыңдай еді.#6:44 Олармен бірге әйелдер мен балалар болып, олар да тоя тамақтанды (Мат 14:20-21).
Көл бетінде және сол маңайда орын алған кереметтер
45Бұдан кейін Иса дереу шәкірттеріне қайыққа мініп, Өзінен бұрын көлдің солтүстік жағасындағы Бетсайдаға баруға бұйырды. Ал Өзі халықты таратып жібермек болып, сол жерде қалды. 46Иса жұртты қайтарып жіберген соң, (көктегі Әкесіне) сиынып мінажат ету үшін бір төбенің басына шықты.
47Кеш түскенде қайық көл ортасында еді, ал Иса құрлықта жалғыз тұрды. 48Сонда Ол ескек есіп бара жатқан шәкірттерінің қиыншылыққа тап болғанын көрді. Себебі жел қарсы соғып тұрған еді. Таңғы алагеуімде#6:48 Немесе: Түннің төртінші күзеті шамасында (Яғни таңғы сағат үш пен алты арасында: 13:35; Мат 14:25). Иса оларға көл бетімен жақындап келіп, қастарынан өтіп кетпекші болды. 49Оның көл үстінде жаяу жүргенін байқап қалып, шәкірттері елес екен деп ойлап, айқайлап жіберді. 50Өйткені бәрі де Оны көріп, қорқып кетті.
Иса оларға дереу тіл қатып: «Қорықпаңдар, бұл Менмін ғой! Үрейлерің ұшпасын!» — деп көңілдерін орнықтырды да, 51олардың қайығына мінді. Сонда жел де басылды. Шәкірттері қатты қайран қалып, аң-таң болды. 52Себебі нанмен болған кереметті түсінбеген олар Исаның кім екенін әлі де шын жүректен ұқпаған еді.#6:52 Немесе: олар болған кереметтің мәнін түсінбеді, себебі жүректері рухани шындыққа жабық болатын (8:17-21).
53Осылай Иса шәкірттерімен бірге көлден өтіп, Генесәрет қаласының маңына жетіп, жағаға тоқтады. 54Қайықтан түсісімен Исаны халық бірден-ақ таныды. 55Олар бүкіл төңіректі тездете аралап шығып, ондағы ауру-сырқауларды жатқан төсеніштерімен көтеріп алып келе бастады. Олар Исаның қай жерде жүргенін естіп білгенде, науқас адамдарын сонда апарды. 56Иса қай жерге бармасын — қай ауылға, қай қалаға не елді мекенге кірсе де, жұрт ауру-науқастарды сонда әкеліп, базар алаңдарына орналастырды. Науқастар Исадан тек Оның шапанының шетіне қол тигізуге рұқсат етуін сұрады. Оған қол тигізгендердің бәрі де сауығып кетіп жатты!

Currently Selected:

Марқа 6: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in