Матай 9
9
Мәсіхтің күнәні кешіруге деген билігі
1Иса қайыққа мініп, көлдің батыс жағасына өтіп, Өзі тұрған Қапарнаум қаласына#9:1 4:13; Мар 2:1. қайта оралды. 2Міне, біреулер Оған сал болып ауырған бір адамды төсегімен көтеріп алып келді. Иса олардың сенімдерін көріп, сал адамға: «Жігерлен, балам, сенің күнәларың кешірілді!» — деді.
3Сонда дін мұғалімдері: «Бұл Кісі Құдайды қорлап тұр ғой!» — деп іштей наразы болды. 4Олардың осы ойларын біле қойған Иса:
— Неге сондай жамандық ойлайсыздар? 5Қайсысын айту оңайырақ: «Сенің күнәларың кешірілді!» деу ме, әлде: «Орныңнан тұрып, жүре бер!» деу ме? 6Ал Билеуші ретінде көктен келген Менің жер бетінде күнәларды кешіруге билігімнің бар екендігін#9:6 Немесе: Ал Құдай тағайындаған Билеушінің (8:20; яки «Адам Ұлының») жер бетінде күнәларды кешіруге билігінің бар екендігін (Жох 5:27). білулеріңіз үшін,.. — деп, сал адамға қарап: — Орныңнан тұр да, төсенішіңді жинап алып, үйіңе бар! — деп тапсырды. 7Ауру адам орнынан тұрды да, үйіне кетті!
8Мұны көрген халықтың зәрелері ұшып, олар адамдарға осындай билік берген Құдайға мақтау айтты.
Мәсіхтің күнәкарларды тәубеге шақыруы әрі салықшы Матайдың шәкірттерге қосылуы
9Иса сол жерден кетіп бара жатып, салық кеңсесінің қасында отырған Матай есімді салықшыны#9:9 (5:46; 10:3) Матайдың қосымша аты: Леуі (Мар 2:14; Лұқ 5:27). Ол кейін осы «Ізгі хабарды» жазып қалдырды. көрді. Оны: «Соңымнан ер!» — деп шақырды. Сонда Матай орнынан тұрып, Исаға шәкірті болып ерді.
10Кейін Иса Матайдың үйінде дастарқан басында отырды. Көптеген салық жинаушылар және өзге де күнәкарлар сонда келіп, Исамен және шәкірттерімен дастарқандас болды. 11Ал мұны көргенде парызшылдар#9:11 3:7; 5:20; Түсіндірмені де қараңыз. Оның шәкірттеріне:
— Ұстаздарың неге салықшылармен және басқа күнәкарлармен бірге тамақ ішіп отыр? — деп наразылық білдірді. 12Иса мұны естіп, оларға былай деп жауап берді:
— Дәрігер дені сауға емес, ауру адамға қажет. 13Сендер Жаратқан Иенің: «Мен құрбандық шалғандарыңнан гөрі берік мейірімділік көрсеткендеріңді қалаймын»#9:13 Құдайдың Ошия пайғамбар арқылы жолдаған хабары (Ош 6:6). деген сөзінің мағынасын ұғынып алыңдар! Мен «әділдерді»#9:13 Яғни әділсінгендерді (өздерін әділміз деп санайтын діндарларды: Лұқ 18:9-14; Рим 3:10; Жыр 13:3). емес, күнәкарларды (теріс жолдан қайтуға) шақыру үшін келдім.
Ораза туралы сұрақ
14Сол кездері Жақия пайғамбардың шәкірттері Исаға келіп:
— Біздер де, парызшылдар да жиі ораза ұстаймыз, ал Сіздің шәкірттеріңіз неге ораза ұстамайды? — деп сұрады. 15Иса оларға астарлап былай деп жауап берді:
— Күйеу жігіт қастарында болғанда тойға келгендер қайғыра ала ма?#9:15 Иса («Күйеу») сенушілерімен бірге болған уақыт той сияқты көңілді кезең, сонда қайғырып ораза ұстау жөнсіз (Ош 2:19-21,23; Мар 2:19; Жох 3:29; Қор2 11:2). Бірақ та «Күйеуді» қастарынан алып кететін күн туады;#9:15 16:21. сол кезде олар ораза ұстайтын болады.
16Ескі киімді жаңа матамен жамамас.#9:16 Немесе: Ешкім ескі киімді ағартылмаған жаңа матамен жамамас. (Яғни діндарлардың үйіп-төгіп шығарған ескі ережелері және Құдайдың жаңа Ізгі хабары бір-біріне сәйкес келмейді: 11:28-30; 22:36-38; 25:34-40; Лұқ 11:46; 10:25-37.) Олай етсе, жамау отырып,#9:16 Яки: апшып (қысқарып). ескі матадан жұлынып қалады, сонда жыртық бұрынғысынан бетер үлкен болады. 17Сондай-ақ, жас шарапты ескі торсыққа құймас. Олай етсе, быршып ашыған шарап торсықты жарып, ағып кетеді, торсық та пайдадан қалады. Керісінше, жас шарапты жаңа торсыққа құйған дұрыс. Сонда екеуі де сақталады.
Мәсіхтің ауру мен өлімнен құтқаратын құдіреті
18Иса оларға осыны айтып отырғанда, Оның қасына бір мәжілісхана жетекшісі келді. Жетекші Исаға тізе бүгіп тағзым етіп: «Қызым жаңа ғана қайтыс болды! Бірақ Сіз барып, қолыңызды тигізе көріңізші. Сонда ол тіріледі», — деп өтінді. 19Иса орнынан тұрып, шәкірттерімен бірге оған ерді.
20Сол заматта бір әйел Исаның арт жағынан жақындап келіп, Оның шапанының шетіне қолын тигізді. Әйел он екі жыл бойы қан кетіп қиналып жүрген еді. 21Ол өзіне-өзі: «Тек Оның шапанына қолымды тигізсем болғаны, сонда сауығып кетер едім», — деген болатын. 22Иса бұрылып, оны көріп: «Қарындас,#9:22 Немесе: Қызым. (Осы қаратпа сөзбен Иса сол қиналған әйелге деген жанашырлығы мен мейірімділігін білдірді.) жігерлен, сенімің арқылы құтқарылдың!» — деді. Әйел сол сәтте-ақ сауығып кетті.
23Иса жетекшінің үйіне жеткенде, азалы әуен тартып жатқан сыбызғышыларды және абыржыған жоқтаушы жұртты көрді. Оларға: 24«Бұл жерден шығыңдар! — деп бұйырды. — Қыз өлген жоқ, ұйықтап жатыр». — Бірақ олар Оның айтқанына күлді.
25Алайда жұрт сыртқа шығарылғаннан кейін Иса ішке кіріп, қыздың қолынан ұстады. Сонда ол тіріліп, орнынан тұрды! 26Бұл керемет туралы хабар бүкіл аймаққа тарады.
27Иса сол жерден кетіп бара жатқанда, Оның соңынан екі соқыр кісі ілесіп:
— Дәуіттің Ұрпағы, бізге рақым ете көріңіз! — деп айқайлап жалбарынды. 28Иса үйге кіргеннен кейін сол екі зағип Оның қасына келді. Иса:
— Менің солай істей алатыныма сенесіңдер ме? — деген сұрақ қойды. Олар:
— Иә, Тақсыр, сенеміз, — деп жауап берді. 29Сонда Иса:
— Сенімдеріңе сай болсын! — деп, көздеріне саусағын тигізді. 30Сонда зағиптардың көздері ашылып, көретін болды! Иса оларға: «Байқаңдар, бұл туралы ешкім білмесін!» — деп қатты ескертті. 31Алайда олар далаға шығып, Иса туралы хабарды сол төңіректегі барлық жұртқа жайды.
32Бұлар кетіп бара жатқанда, жұрт Исаның алдына жын соққан бір мылқауды алып келді. 33Жыны қуып шығарылғаннан кейін мылқау сөйлей бастады. Көптеп жиналған халық қайран қалып:
— Мұндай керемет оқиға Исраилде ешқашан болған емес! — десті. 34Бірақ парызшылдар:
— Ол жындарды солардың әміршісінің күшімен қуып шығарады!#9:34 Яғни жындарды әзәзіл шайтанның күшімен қуып шығарады. (Парызшылдардың осы жаласы Құдайдың Киелі Рухын қорлаумен тең еді: 12:24,28,32.) — деп жала жапты.
Мәсіхтің он екі елшісін Ізгі хабарды жариялауға жіберуі
35Бұдан кейін Иса барлық қалалар мен ауылдарды аралап, мәжілісханаларында#9:35 4:23. халыққа тәлім берді; Патшалық туралы Ізгі хабарды уағыздап, адамдарды ауру-сырқау атаулыдан сауықтырды.
36Иса көптеп жиналған халықты көргенде, оларға жаны ашыды. Себебі адамдар бағушысы жоқ қойлардай қалжыраған бейшара күйде болатын.#9:36 Езк 34:5-6. 37Сонда Ол шәкірттеріне: «Оратын егін көп, бірақ жұмысшылар аз. 38Сондықтан егіннің Иесінен оны жинап алатын жұмысшылар жіберуін өтініңдер!» — деп тапсырды.#9:38 10:6-7,16; Лұқ 10:2; Жох 4:35-36,39,41.
Currently Selected:
Матай 9: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.