YouVersion Logo
Search Icon

Матай 26

26
Мәсіхтің құрбандық өліміне жасалған даярлық
1Иса осы сөздерін тамамдады да, шәкірттеріне: 2«Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы#26:2 (26:17; Мыс 12:1-16) Құтқарылу мейрамы: Түсіндірмені қараңыз. болатынын білесіңдер. Сонда адамдар көктен келген Мені айқышқа шегелеп#26:2 Немесе: Сонда адамдар Құдай тағайындаған Билеушіні («Адам Ұлын»: 8:20; 9:6) айқыш ағашқа шегелеп. өлтіру үшін ұстап береді», — деді.
3Сол уақытта елдің басты діни қызметкерлері мен рубасылары бас діни қызметкердің сарайына жиналып, 4кеңес құрды. Олар Исаны айламен қолға түсіріп, өлтірудің жолын қарастырды, 5бірақ: «Мұны мейрам күндері іске асыруға болмайды! Әйтпесе халық арасында бүлік шығып жүрер», — десті.
6Ал Иса бұл кезде Бетанияда, бұрын алапеспен ауырған Шимонның үйінде болатын. 7Сонда қолында аса бағалы иісмайға толы мөлдір тас#26:7 Яки: алебастр. (Демек, ақ не түссіз мөлдір келетін гипс тәрізді минерал: Мар 14:3.) құтысы бар бір әйел Исаның қасына жақындап келді. Әйел иісмайды дастарқан басында жантайып жатқан Исаның басына құйды.#26:7 Бұл құрметті қонаққа көрсетілетін ерекше қошемет болатын (26:10; Лұқ 7:46; Жох 12:7; Жыр 22:5; 44:8).
8Шәкірттері осыны көргенде наразы болып:
— Неге мұндай ысырап? 9Бұл иісмайды қымбат бағаға сатып, түскен ақшаны мүсәпірлерге үлестіруге болатын еді ғой! — десті. 10Бірақ соларын ұға қойған Иса оларға қарсы шығып былай деді:
— Әйелді неге мазалайсыңдар? Ол Маған ерекше жақсылық жасады. 11Мүсәпірлер әрдайым қастарыңда ғой, ал Мен ұдайы қастарыңда бола бермеймін. 12Иісмайды құюы арқылы ол Менің денемді қабірге қойылуға дайындады. 13Сендерге шын айтамын: қай жерде болмасын бүкіл дүние жүзінде бұл Ізгі хабар#26:13 Жамандықтың құлдығынан құтқарылып, Құдай Патшалығына шақырылу туралы Ізгі хабар (4:23; 24:14; Мар 14:9; Рим 1:16-17). уағыздалғанда, осы әйелді де еске алып, істегенін айтатын болады.
14Ал он екі елшінің Яһуда Исқариот есімді біреуі басты діни қызметкерлерге барып: 15«Исаны қолдарыңызға түсірсем, маған не бересіздер?» — деп сұрады. Олар оған отыз күміс теңге#26:15 Бір күміс теңге жай жұмысшының бір күндік жалақысы болатын. ұсынды. 16Осы кезден бастап Яһуда Исаны оларға ұстап берудің қолайлы сәтін аңдыды.
Құтқарылу мейрамындағы ас
17Ашымаған нан мейрамының#26:17 Мыс 12:15-20; Түсіндірмедегі «Құтқарылу мейрамын» да қараңыз. бірінші күні шәкірттері Исаның қасына келіп:
— Мейрам асыңызды қай жерде әзірлеуімізді қалайсыз? — деп сұрады. 18Иса оларға мынадай жауап берді:
— Қаладағы Мен айтқан адамға барып, оған былай деңдер: «Бұйырылған уақытым#26:18 Мар 14:35,41; Жох 7:30; 8:20; 12:23; 13:1; 17:1. жақындап қалды. Мейрам салтын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде орындамақпын деп Ұстазымыз сәлем айтты». — 19Шәкірттері Исаның тапсырғанындай істеп, мейрам асын даярлады.
20Кеш түсе Иса он екі шәкіртімен бірге дастарқан басында жантайды. 21Тамақ ішіп отырғанда Иса оларға қарап:
— Сендерге шындығын айтайын: араларыңдағы біреу Маған опасыздық жасайды,#26:21 Яки: араларыңдағы біреу Мені дұшпандарға ұстап береді. — деді. 22Олар еңселері түсіп, қатты абыржып бірінен соң бірі:
— Мырза, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрай бастады.
23— Табақтағы тұздыққа Менімен бірге бір үзім нанын батырып алып жатқан біреуің Мені ұстап бересің. 24Көктен келген Мен Киелі жазбаларда Өзім туралы алдын ала айтылған жолмен жүремін. Алайда Мені ұстап беретін адам қасіретке қалады-ау! Сол кісі үшін ешқашан дүниеге келмегені жақсы болар еді! — деді Иса. 25Оған опасыздық жасаған Яһуда да:
— Ұстаз, сол адам мен емес пе екенмін? — деп сұрағанда, Иса:
— Мұны өзің айтып тұрсың, — деп жауап берді.#26:25 26:14-16,47-50; 27:3-5.
Мәсіхтің құрбан болуы — Жаңа Келісімнің негізі
26Олар тамақ ішіп отырғанда, Иса қолына нан алып, шүкірлік етіп бата берді.#26:26 Яки: көктегі Әкесіне ризашылық білдіріп, (тамаққа) бата берді (14:19). Нанды үзіп, шәкірттеріне беріп жатып:
— Алып жеңдер, бұл — Менің денем,#26:26 Яки: денемді білдіреді. (Нанның үзіліп, үлестірілгеніндей, Исаның денесі адамдардың Құдаймен қатынасқа кіруі үшін біраздан кейін құрбан болды: 27:50-51; Иш 53:10-12; Евр 10:19-22; Қор1 11:25-26.) — деді.
27Иса тостағанды да алып, шүкірлік етті. Оларға соны беріп жатып, былай деді:
— Мынадан бәрің де ішіңдер. 28Өйткені бұл — күнәлары кешірілсін деп көптеген адамдар үшін төгіліп, (Жаңа) Келісімді бекітетін Менің қаным.#26:28 Яки: Менің қанымды бейнелейді. 29Сендерге айтамын: Мен Әкемнің Патшалығы орнағанда сендермен бірге жаңа жүзім шырынынан ішетін боламын. Сол күнге дейін енді қайтып одан еш татпаймын.
30Бұдан кейін олар Құдайды мадақтау әнін айтты; содан соң сол жерден шығып, Зәйтүн тауына қарай беттеді.
Мәсіхтің жалғыздығы және көктегі Әкесіне сиынып рухани күресуі
31Жолшыбай Иса шәкірттеріне тіл қатып былай деді:
— Бүгін түнде бәрің де (басыма түсетін жайттарға бола) Менен безіп кетесіңдер.#26:31 Немесе: бәрің де Маған сенуден бас тартып, безіп кетесіңдер (13:21; 26:56). Себебі (Пайғамбар жазбаларында мына тәрізді сөздер) жазылған: «Бақташыны» ұрып өлтіремін, сонда «отарындағы қойлары» бытырап кетеді.#26:31 Зәк 13:7. 32Бірақ Мен қайта тірілгеннен кейін сендерден бұрын Ғалилеяға барамын. — 33Ал Петір жауап қайырып:
— Бәрі Сізден#26:33 Немесе: Сізге бола; яки: басыңызға түсетін жайттарға бола (26:31). безіп кетсе де, мен ешқашан безіп кетпеймін! — деді. 34Иса оған:
— Саған шындығын айтайын: осы түні-ақ әтеш шақырғанша, сен Менен үш рет танасың! — дегенде, 35Петір:
— Маған Сізбен бірге тіпті өлуге тура келсе де, Сізден еш танбаймын! — деді. Барлық басқа шәкірттері де осыны айтты.
36Осылай Иса олармен бірге бақшасы бар Гетсимани деген жерге жетті. Сонда Ол шәкірттеріне: «Мен ана жерге барып, сиынып мінажат еткенше, осында отыра тұрыңдар», — деп тапсырды. 37Ол Петірді және Зебедейдің екі ұлын#26:37 Яғни Жохан мен Жақыпты (4:21; 10:2; 20:20). Өзімен бірге ала кетіп, қайғырып қинала бастады. 38Осы үш шәкіртіне Иса: «Жаным өлердей қайғырып тұр. Осында қалып, Менімен бірге ұйықтамай, сергек болыңдар!» — деді.
39Иса сол жерден әрірек барып, етпетінен жығылып былай деп мінажат етті: «О, Әкем, мүмкін болса, (қаһарыңа толы) осы «тостағанды»#26:39 20:22; Иш 51:17,22. Маған жолата көрме. Алайда Менің емес, Сенің еркіңе сай болсын!»
40Иса қайтып келгенде шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көрді. Петірге: «Сонда ең болмағанда бір сағат Менімен бірге ұйықтамай отыра алмағаның ба? 41Азғырылмау үшін сергек болып, сиынып мінажат етіңдер! Рух дайын болғанмен, тән осал», — деді.
42Иса екінші рет тағы да шеткері барып, сиынып: «О, Әкем, егер (қаһарыңа толы) бұл «тостаған» Маған соқпай өте алмаса, онда Сенің еркің орындалсын!» — деп мінажат етті. 43Иса оралып келгенде, шәкірттерінің қайтадан ұйықтап жатқанын көрді. Себебі көздерін ұйқы басқан еді.
44Иса оларды қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып сиынды. 45Содан кейін шәкірттеріне қайта оралып, былай деді: «Әлі де ұйықтап, тынығып жатырсыңдар ма? Енді уақыт болды: Құдай тағайындаған Билеуші күнәкарлардың қолына ұстап беріледі. 46Міне, Мені ұстап беруші таяп қалды. Тұрыңдар, соған қарай жүрейік!»
Мәсіхтің өз еркімен дұшпандарының қолына түсуі
47Иса әлі де осыны айтып жатқанда, он екі елшінің біреуі — Яһуда семсер#26:47 Яғни қысқа семсер (қанжар: 26:51-52). мен сойыл ұстанған үлкен бір топ адамды сол жерге ертіп келді. Бұларды елдің басты діни қызметкерлері және рубасылары жіберген еді. 48Исаға опасыздық жасаушы Яһуда белгі беру туралы: «Кімнің бетінен сүйсем, Ол — Соның Өзі. Сол Адамды тұтқынға алыңдар!» — деген болатын. 49Яһуда дереу Исаның қасына барып:
— Ұстаз, амансыз ба! — деп, Оның бетінен сүйді. 50Иса оған:
— Достым, сен не үшін келдің? — деді. Сонда жасақшылар жақындап келді де, Исаға тап беріп, Оны ұстай алды.
51Кенеттен Исаның қасындағыларының біреуі#26:51 Шимон Петір (Жох 18:10; Лұқ 22:50-51). семсерін#26:51 Яғни қысқа семсерін, қанжарын (26:47; Лұқ 22:36,49-52). суырып алып, бас діни қызметкердің малайына қарай сілтеп қалып, оның бір құлағын шауып түсірді. 52Ал Иса оған: «Семсеріңді қынабына сал! — деп бұйырды. — Семсеріне сенген#26:52 Немесе: Семсер ұстанған. семсерден өлер. 53Мен қазір Әкемнен сұрасам, Ол Маған дереу он екі әскери бөлімнен астам#26:53 Яғни жетпіс екі мыңнан астам. періштелерін жібереді! Әлде солай болмайды деп ойлайсың ба? 54Бірақ олай істесем, Киелі жазбалардағы осы оқиғалар болуға тиіс деп алдын ала айтылғандар#26:54 26:21,24; Жыр 40:10; Иш 53:5; Лұқ 24:26-27,44-47. қалай жүзеге асар еді?!»
55Сол сәтте Иса келген үлкен топқа қарап: «Мені тұтқындауға, қарақшыға#26:55 Яки: ұлтшыл көтерілісшіге (Мар 15:7; Лұқ 22:52-53; 23:14-19). қарсы аттанғандай, семсер мен сойыл алып шыққандарыңыз қалай? Күн сайын ғибадатханада тағылым беріп отырғанымда Мені ұстаған жоқсыздар. 56Бірақ осылардың бәрі Пайғамбарлар жазбаларында алдын ала айтылғандардың жүзеге асуы үшін болды», — деді.
Сонда шәкірттерінің бәрі Оны тастап, қаша жөнелді.#26:56 26:31.
Мәсіхтің Жоғарғы кеңес алдындағы әділ куәлігі, ал Петірдің Мәсіхтен тануы
57Исаны тұтқынға алғандар Оны бас діни қызметкер Қаяфаға апарды. Сол жерге дін мұғалімдері мен рубасылар жиналған болатын. 58Петір Исаға алыстан, бас діни қызметкердің сарайының ауласына дейін, ілесе отырып, ішке кірді. Істің немен бітетінін көру үшін сақшылардың қасына#26:58 Яки: бас діни қызметкердің қызметшілерінің қасына (Жох 18:3). барып отырды.
59Сол кезде басты діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес Исаны өлімге кесу үшін Оған қарсы жалған айғақтар іздестірді. 60Алайда көптеген куәгерлер алға шығып, өтірік айтса да, Оған тағатын бірде-бір дәлелді айып табылмады. Ақырында екі кісі алға шығып, Исаны былай деп кінәлады:
61— Мынау: «Құдайдың киелі үйін бұзып, үш күнде қайта тұрғызу қолымнан келеді!»#26:61 Мәсіх «Мына киелі үйді бұзыңдар, Мен оны үш күнде қайта тұрғызамын» деп Өзінің өлімі мен қайта тірілуін алдын ала айтқан еді. Мұнда «киелі үй» Оның денесін астарлап білдіреді (Жох 2:19-22). Құдайға бағынбаған басшылар Исаның денесінің де, кейінірек (б.з. 70 ж.) Иерусалимдегі киелі үйдің де жойылуына өздері себепші болды (24:1-2,15-25). дейтін.
62Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып, Исадан:
— Ешқандай жауап бермейсің бе? Мыналар Саған қарсы не деп куәлік беріп тұр? — деп сұрады. 63Бірақ Иса үндемеді. Сонда бас діни қызметкер Оған:
— Мәңгі тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге айтып бер: Сен Құдайдың рухани Ұлы — Мәсіхсің#26:63 Мәсіх: Құдай тағайындаған Құтқарушы Патша (1:16; 2:4; 16:16; Түсіндірмені де қараңыз). бе? — деген сұрақ қойды. 64Иса:
— Өзіңіз айтып тұрсыз. Сіздерге мынаны да айтамын: Менің Билеуші ретінде Құдірет Иесінің оң жағында отырғанымды әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанымды#26:64 Яки: Құдай тағайындаған Билеушінің («Адам Ұлының») Құдірет Иесінің (яғни Құдай Тағаланың) оң жағында отырғанын әрі аспандағы бұлттармен келе жатқанын (24:30; 28:18; Жыр 109:1; Дан 7:13-14; Мар 16:19). әлі көретін боласыздар! — деп жауап берді. 65Сонда бас діни қызметкер шапанының өңірін айыра жыртып:#26:65 Өзінің қатты наразы екенін көрсету үшін (Мар 14:63).
— Ол Тәңірге тіл тигізді! Енді куәгерлердің қажеті қанша? Қорлық сөздерін өз құлақтарыңызбен естідіңіздер! 66Бұған қалай қарайсыздар? — деп дауыстады. — Жиналғандар:#26:66 Яғни Жоғарғы кеңестің мүшелері (26:57,59).
— Ол өлім жазасына лайық! — деп жауап қайтарды.
67Сонда олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтады. Кейбіреулері Оның жағынан тартып-тартып жіберіп: 68«Әй, Мәсіх, пайғамбар болсаң, Сені кім ұрды, бізге айтып берші!» — деп келекеледі.
69Сол кезде Петір сыртта, сарайдың ішкі ауласында отырған еді. Бір қызметші қыз оған жақындап келіп:
— Сен де ғалилеялық Исамен бірге жүретін едің ғой! — деді. 70Алайда Петір бәрінің алдында:
— Не деп тұрғаныңды білмеймін! — деп мойындамады. 71Содан ол ішкі ауладан шығып, қақпа жағына жылжи берді.#26:71 Яки: ішкі ауладан шығып, сыртқы аулаға қарай жөнелді. (Сол заманда сарайлар көбінесе төртбұрышты жобамен салынып, ортасында ішкі ауласы болатын. Сарайға сыртқы дарбаза мен аула, арка тәрізді кіріс жол және ішкі аула арқылы кіретін.) Сонда Петірді тағы бір қызметші қыз көріп, маңындағыларға:
— Мынау да назареттік Исамен бірге жүретін! — деді. 72Петір қайтадан:
— Ол Адамды білмеймін! — деп мойындамай, ант ішті. 73Сәл кейінірек сонда тұрғандар оның қасына келіп:
— Сен шынымен де солардың біреуісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ білініп тұр!#26:73 Яғни Петірдің (Иса мен Оның өзге шәкірттері іспетті) Ғалилея аймағынан келгені оның сөйлегенінен білініп тұрды (4:12,18-23; Мар 14:70; Лұқ 22:59). — деді. 74Сонда Петір:
— Ол Адамды еш білмеймін! — деп ант ішіп, қарғана бастады. Сол сәтте-ақ әтеш шақырды. 75Петірдің есіне Исаның: «Әтеш шақырғанша сен Менен үш рет танасың» деген сөзі#26:75 26:34. түсті. Ол қақпа сыртына шығып, қатты жылады.

Currently Selected:

Матай 26: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in