YouVersion Logo
Search Icon

Матай 25

25
Күйеу жігітті қарсы алмақ болған он қыз туралы астарлы әңгіме
1Сол кезде Құдай Патшалығындағы жағдай мынаған ұқсас болады: он бойжеткен қолдарына шамдарын ұстап, күйеу жігітті қарсы алуға шығыпты. 2Олардың бесеуі ақылды, бесеуі ақылсыз#25:2 Яки: түйсіксіз (7:26; Лұқ 12:20). екен. 3Ақылсыз қыздар шамдарын алғанмен, құятын артық май алмай шығады. 4Ал ақылдылары шамға қоса майға толы құмыраларын да ала жүреді. 5Күйеу жігіт ұзақ кешіккендіктен, барлығы қалғып, ұйықтап қалады.
6Бірақ түн ортасында: «Күйеу жігіт келіп қалды! Қарсы алуға шығыңдар!» — деген дауыс естіледі. 7Сонда қыздардың бәрі де орындарынан тұрып, шамдарын жөндейді. 8Ақылсыздары ақылдыларына:
— Майларыңнан беріңдерші, шамдарымыз сөнейін деп жатыр, — дейді. 9Ал олар:
— Бізге де, сендерге де жетпей қалғанша, өздерің сатушыларға барып, май сатып алғандарың жөн, — деп жауап береді. 10Әлгілер майға кеткенде күйеу жігіт келіп, дайын тұрғандар онымен бірге тойға кіріп кетеді де, есіктер жабылып қалады.
11Кейін майға кеткен қыздар да келіп:
— Тақсыр мырза! Есікті аша көріңіз! — деп өтінеді. 12Ал күйеу жігіт оларға:
— Шын айтамын, сендерді танымаймын!#25:12 Яки: (өз адамдарым ретінде) мойындамаймын (7:23; 25:41; Лұқ 13:25). — деп жауап береді.
13Сондықтан сергек болыңдар! Себебі сендер Мен Билеуші ретінде көктен келетін күнді де, сәтті де білмейсіңдер.
Аманатталған қаржы туралы астарлы әңгіме
14Бұл жайт сапарға шықпақ болған бір кісінің әрекетіне ұқсас: ол кетер алдында қол астындағы қызметшілерін шақырып алып, оларға меншікті қаражатын аманаттап тапсырады: 15әрқайсысына қабілетіне қарай, біреуіне бес, келесісіне екі, тағы біреуіне бір ат басындай#25:15 Көне грекшеде: талантон. (Шамамен 30 кг күміс, бұл жай жұмысшының 20 жылдық жалақысы болатын.) күміс береді. Содан кейін сапарына аттаныпты. 16Бес ат басындай күміс алған қызметші онысын дереу айналымға жіберіп, содан қосымша тағы бесеуін табады. 17Екі ат басындай күміс алғаны да дәл солай істеп, қосымша тағы екеуін табады. 18Ал бір ат басындай күміс алғаны қожайынының қаржысын бір жерге апарып, көміп тастайды.
19Арада көп уақыт өткеннен кейін қызметшілердің қожайыны қайтып келіп, олардың есеп берулерін талап етеді.#25:19 Лұқ 19:15; Қор1 3:13-15; Қор2 5:10. 20Бес ат басындай күміс алған қызметші тағы да бесеуін әкеліп тұрып, былай дейді:
— Мырзам, сіз маған бес ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы бесеу пайда түсірдім. — 21Қожайыны оны мақтап:
— Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел!#25:21 Немесе: қожайыныңның қуанышына ортақтас! (Лұқ 12:37; Жох 15:10-11) — дейді.
22Екі ат басындай күміс алғаны да келіп:
— Мырзам, сіз маған екі ат басындай күміс беріп едіңіз. Міне, солардан тағы екеу пайда түсірдім, — деп есеп береді. 23Қожайыны оған да:
— Жарайсың, жақсы да адал қызметшім! Шағын істе сенімді болдың, сені үлкен істердің басына қоямын. Енді қуанышты тойыма кел! — дейді.
24Ал бір ат басындай күміс алғаны келіп:
— Мырзам, сіздің қатал адам екеніңізді білдім. Өзіңіз екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайсыз. 25Сондықтан қорқып, күмісіңізді жерге көміп тастаған едім. Мінеки, соныңыз, — дейді. 26Қожайыны оған былай дейді:
— Әй, зұлым да жалқау қызметші!#25:26 (18:32; Лұқ 19:22) Яки: оңбаған (жарамсыз) да жалқау қызметші. Менің екпеген жерден орып, шашпаған жерден жинайтынымды білдің ғой! 27Сол үшін де күмісімді саудагерлерге қарызға беруің керек болатын. Сонда мен қайтып келгенде өзімдікін өсімімен қайтарып алатын едім.#25:27 Жох 15:5,16; Пет2 1:8. 28Ендеше одан күмісін алып, он ат басындай күмісі барға беріңдер! 29Себебі кімде бар болса, соған тағы беріліп, молая түседі. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де#25:29 Яки: оның қолында бар азы да (13:12; Лұқ 19:26; Нқл 13:7; Ош 12:8; Қор1 4:8; Аян 3:17). одан алынып қойылады.
30Енді мына түкке тұрғысыз қызметшіні сыртқа, қара түнекке#25:30 Яки: тозаққа (8:12; 22:13; Пет2 2:17). лақтырып тастаңдар! Сонда ол зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады.#25:30 24:51.
Халықтардың ақырзамандағы сотталуы
31— Құдай тағайындаған Билеуші#25:31 Яки: Мен Өзім («Адам Ұлы»: 8:20; 9:6; 16:27). қасиетті періштелерін ертіп ғаламат ұлылықпен көктен келген кезде Өзінің салтанатты тағына отыратын болады. 32Барлық халықтар Оның алдына жинап әкелінеді. Ол шопанның қойларды серкелерден#25:32 Немесе: текелерден. ажыратқанындай адамдарды екі топқа бөліп, 33«қойларды» оң жағына, «серкелерді» сол жағына қояды.
34Сонда Патша оң жағындағыларға былай деп үкім шығарады:
— Әкем жарылқағандар, келіңдер! Әлем жаратылғаннан бері өздеріңе дайындалған Патшалықтан#25:34 Лұқ 12:32. үлестеріңді алыңдар! 35Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенімде сусын бердіңдер. Бейтаныс#25:35 Яки: Жат жұрттық. болып баспана іздегенімде Мені үйлеріңе қабылдадыңдар. 36Киімсіз жүргенімде киіндірдіңдер, ауырғанымда Маған қамқорлық жасадыңдар, түрмеде отырғанымда артымнан келіп тұрдыңдар.
37Сонда әділдер Оған:
— Иеміз, қашан Сіздің ашыққаныңызды көріп, тамақтандырған едік? Немесе шөлдегеніңізде сусын берген едік? 38Қашан бейтаныс болып баспана іздеп жүргеніңізді көріп, Сізді қабылдаған едік? Немесе киімсіз жүрген Сізді киіндірдік? 39Қай кезде Сіз ауырып не түрмеде жатқаныңызда артыңыздан келіп тұрдық? — деген сұрақ қояды.
40Патша оларға былай деп жауап береді:
— Сендерге шындығын айтамын: Менің мына бауырларымның#25:40 Яки: мына рухани бауырластарымның (12:48-50; Жох 20:17; Елш 9:1,4-5). тіпті ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасаған жақсылықтарың!
41Бұдан кейін Патша Өзінің сол жағындағыларға да былай деп үкім шығарады:
— Менен аулақ кетіңдер, қарғыс атқандар! Шайтанға және оның хабаршыларына#25:41 Яки: нөкерлеріне (яғни жын-перілерге) (Аян 12:9). дайындалған мәңгілік тозақ отына түсіңдер! 42Себебі сендер Мен ашыққанда тамақ, шөлдегенде сусын бермедіңдер. 43Бейтаныс болып баспана іздеп жүргенімде Мені үйлеріңе қабылдамадыңдар. Киімсіз жүргенімде киіндірмедіңдер, ауырып не түрмеде жатқанымда артымнан келмедіңдер. — 44Олар да:
— Иеміз, біз қашан ашыққаныңызды не шөлдегеніңізді, бейтаныс болып баспана іздеп, киімсіз жүргеніңізді я болмаса ауырып не түрмеде жатқаныңызды көріп, Сізге көмектеспедік? — деп сұрайды. 45Ол сонда:
— Сендерге шындығын айтамын: мыналардың ең маңызсыз болып көрінген біреуіне жасамаған жақсылықтарың — шын мәнінде Маған жасамаған жақсылықтарың! — деп жауап беретін болады.
46Сонымен бұлар мәңгілік азап шегуге кетеді. Ал әділдер мәңгілік өмірге ие болады, — деді Иса.

Currently Selected:

Матай 25: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in