Матай 17
17
Мәсіхтің өз Патшалығының салтанатымен үш елшісіне көрінуі
1Иса осыдан алты күннен кейін тек Петірді және Жақып пен оның інісі Жоханды ғана ертіп алып, бір биік таудың басына шықты. 2Сонда Оның сыртқы түрі үш елшісінің көз алдарында өзгеріске түсті: бет-әлпеті күндей жарқырап, киімдері нұрланып аппақ сәуле шашты. 3Кенеттен (ежелде өмір сүрген) Мұса пайғамбар мен Ілияс пайғамбар пайда болып,#17:3 Заң 29:1; Евр 3:5; Пат3 18:21,36-39; Мар 9:11-13; Лұқ 9:30-31. Исамен сөйлесті.
4Сол кезде Петір Исаға: «Мырза, бұл жерде болғанымыз қандай жақсы! Біреуін Сізге, біреуін Мұсаға, біреуін Ілиясқа арнап үш күрке құрайын»,#17:4 Немесе: үш (киелі) шатыр (Мыс 25:9; Евр 8:5) құрайық (Мар 9:5; Лұқ 9:33). — деп тіл қатты. 5Ол әлі де сөйлеп тұрған кезде-ақ кенеттен бір нұрлы бұлт#17:5 Мыс 13:21; 40:34-35,38; Мар 9:7. оларға көлеңкесін түсіріп, бұлт ішінен: «Бұл — Менің сүйікті рухани Ұлым,#17:5 Немесе: сүйікті Ұлым (1:18,20-23). Оған ризамын. Оны тыңдаңдар!» — деген дауыс шықты.
6Мұны естіген шәкірттер қатты үрейленіп, етпеттерінен жерге құлай кетті. 7Бірақ Иса қастарына келіп, қолын тигізіп: «Тұрыңдар, қорықпаңдар», — деп көңілдерін орнықтырды. 8Олар бастарын көтеріп, көздерін ашқанда жалғыз Исадан басқа ешкімді көрмеді.
9Таудан түсіп бара жатқанда Иса оларға: «Көктен келген Билеуші өлімнен қайта тірілгенше, бұл көргендерің туралы ешкімге тіс жармаңдар!» — деп тыйым салды.
10Кейінірек шәкірттері Оған:
— Сонда дін мұғалімдерінің «алдымен Ілияс пайғамбар бұ дүниеге қайтып келуге тиіс»#17:10 11:14; Мар 9:11; Мал 3:1; 4:5-6. деулері қалай? — деген сұрақ қойды. 11Иса:
— Ілиястың қайтып келіп, бәрін қалпына келтіретіні рас. 12Бірақ сендерге айтамын: Ілияс келген де еді. Алайда адамдар оны танымай, оған ойына келгендерін істеді. Көктен келген Билеуші де солай олардың қолдарынан азап шегетін болады, — деп жауап берді.
13Сонда шәкірттері Оның шомылдыру рәсімін орындаған Жақия пайғамбар туралы айтып тұрғанын түсінді.#17:13 14:3-12; Мар 9:12-13; Лұқ 1:17.
Мәсіхтің жын азаптаған баланы сауықтыруы
14Иса үш елшісімен таудың етегінде жиналған халыққа қайтып келді. Бір адам Оның қасына жақындап, тізесін бүгіп тағзым етіп, былай деп өтінді:
15— Мырза, менің ұлымды аяй көріңіз! Оның ұстамасы бар, содан қатты азап шегеді. Жиі-жиі отқа да, суға да құлайды.#17:15 Мар 9:22. 16Ұлымды шәкірттеріңізге әкелген едім, бірақ оны сауықтыру қолдарынан келмеді. — 17Сонда Иса:
— Ей, сенбейтін, шындық жолынан тайған ұрпақ-ай!#17:17 17:20; Мар 9:29; 11:23-25. Қанша уақыт қастарыңда болмақпын, қанша уақыт сендерге төзбекпін?! Кәне, баланы Маған әкеліңдер! — деді. 18Содан соң Ол жынға қатаң бұйрық берді. Жын баланың денесінен шығып, ол сол сәтте-ақ сауығып кетті.
19Кейінірек шәкірттері оңашада Исаның қасына келіп:
— Неліктен біз жынды қуып шығара алмадық? — деп сұрады. 20Иса оларға былай деді:
— Сенімдеріңнің жеткіліксіздігінен. Сендерге шындығын айтайын: тіпті тарының түйіріндей#17:20 Яки: қыша дәніндей кішкене (Лұқ 17:6). ғана сенімдерің болса, мына тауға: «Бұл жерден ана жаққа көш!» десеңдер, ол көшер еді. Қолдарыңнан келмейтін ештеңе де болмас еді.#17:20 Демек, егер Құдайға шынымен мойынсұнып, сенім артсаңдар, Оның күллі бұйрықтарын орындай алар едіңдер (Мар 9:23). 21(Мұндай жындарды тек Құдайға сиынып мінажат етіп, ораза ұстаумен ғана қуып шығаруға болады.)
Мәсіхтің Өзінің өліп, қайта тірілетінін екінші рет білдіруі
22Олар Ғалилеяда бірге жүрген кезде Иса шәкірттеріне (өз басынан өткізетіндері туралы) былай деді: «Көктен келген Билеушіні адамдардың қолына ұстап береді! 23Оны өлтіреді, бірақ үшінші күні Ол қайта тіріледі!» — Сонда шәкірттерінің еңселері түсіп қатты қапаланды.
Ғибадатхана садақасы және Құдайдың қамқорлығы
24Олар Қапарнаумға келгенде, ғибадатхана үшін садақа ақшасын#17:24 Яки: (құны жай жұмысшының екі күндік жалақысына тең болатын) садақа теңгелерін (Мыс 30:13; Шеж2 24:9). жинайтындар Петірге келіп:
— Ұстаздарың ғибадатхана садақасын төлемей ме? — деп сұрады. Ол:
25— Иә, төлейді, — деді. Петір үйге кірген соң, Иса оның алдын орап:
— Шимон, қалай ойлайсың: осы дүниелік патшалар алым-салықты кімнен жинайды: өз халқынан ба, әлде бөтендерден бе?#17:25 Сол заманда патшалар әдетте алым-салықты жаулап алған елдердің халқынан жинайтын (22:17,21; Рим 13:7). — деген сұрақ қойды.
26— Бөтендерден.
— Сонымен өз халқы салықтан босатылған, — деп тұжырымдады Иса. 27— Алайда әлгі садақа жинаушыларды өкпелетпеу үшін көлге барып, қармақ таста. Ілінген алғашқы балықтың аузын ашсаң, бір үлкен күміс теңгені#17:27 Яки: аузын ашсаң, (құны төрт күндік жалақы) бір күміс теңгені. табасың. Соны алып, оларға сен екеуіміз үшін бере сал, — деп тапсырды.
Currently Selected:
Матай 17: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.