YouVersion Logo
Search Icon

Матай 16

16
Діндарлардың екіжүзділігінен сақтандыру
1Сол жердегі парызшылдар мен саддукейлер#16:1 Яки: садықшылдар (3:7; Түсіндірмедегі «Парызшыл» мен «Саддукейді» де қараңыз). Исаның қасына келді. Оның билігін сынау үшін Исадан көктің құдіретімен бір керемет#16:1 Яки: Исаның Құдай жіберген Құтқарушы Патша Мәсіх екенін дәлелдейтін бір керемет (12:38; Түсіндірмедегі «Кереметті» де қараңыз). көрсетуін сұрады. 2Иса оларға былай деп жауап берді:
— Сендер кешке «Күн ашық болады, қызарып батты ғой» деп жорисыңдар, 3ал таңертең «Бүгін дауыл тұрады, аспан қып-қызыл әрі бұлыңғыр екен» дейсіңдер. Осылай аспанның құбылыстарын түсіне білесіңдер, бірақ қазіргі заманда болып жатқан оқиғаларды ұға алмайсыңдар!#16:3 Лұқ 12:54-56. 4Жаман, опасыз ұрпақ#16:4 Яғни буын (12:38,41). (билігімді дәлелдейтін) керемет көрсетуімді талап етеді. Бірақ осы ұрпаққа Жүніс пайғамбардың кереметінен#16:4 12:39-40; Жүн 3:4-10. басқасы көрсетілмейді! — Мұнан кейін Иса оларды тастап, сол жерден кетіп қалды.
5Иса шәкірттерімен көлдің ар жағына өтті. Шәкірттер нан ала келуді ұмытып кеткен еді. 6Иса оларға:
— Абайлаңдар, парызшылдар мен саддукейлердің#16:6 16:1. «ашытқыларынан»#16:6 Ашытқы: осында жалған тәлімді, Құдайға шын жүректен мойынсұнбаушылық пен екіжүзділікті білдіреді (16:1,4,12; Мар 8:15; Лұқ 12:1; 23:8-9). сақтаныңдар! — деп ескертті. 7Шәкірттері өзара пікірлесіп:
— Бұны нанымыздың жоқтығынан айтқан шығар, — десті. 8Иса оларын біле қойып, былай деп сұрады:
— Сенімі аздарым-ай, неге сендер нанымыз жоқ деп пікірлесіп отырсыңдар? 9Жасағандарымды әлі де не түсінбей, не ескермей келесіңдер ме? Бес күлше нан бес мың адамға жетіп, қалдықтардан неше себет жинап едіңдер? 10Әрі жеті күлше төрт мың адамға жетіп, артылып қалғаны қанша үлкен себет болды? 11Менің сендерге: «Парызшылдар мен саддукейлердің ашытқысынан сақтаныңдар!» дегенімде нан туралы айтпағанымды қалайша ұға алмайсыңдар? — 12Сонда шәкірттері Исаның нандағы ашытқыдан емес, парызшылдар мен саддукейлердің жалған тәлімдерінен сақтандырғанын түсінді.
Иса шын мәнісінде кім?
13Бірде Иса Філіп-Кесариясы#16:13 Ливан тауларындағы қала, Філіп әміршінің астанасы (Мар 8:27; Лұқ 3:1). қаласының маңына барып, жеткеннен кейін, шәкірттеріне:
— Жұрт көктен келген Билеушіні кім деп жүр? — деген сұрақ қойды. 14Олар:
— Біреулері Сізді шомылдыру рәсімін жасаған Жақия, ал басқалары Ілияс пайғамбар,#16:14 Мар 8:28; 9:11-12. тағы басқалары Еремия немесе ежелгі пайғамбарлардың өзге біреуі деп жүр, — деді. 15Сонда Иса:
— Ал сендер Мені кім дейсіңдер? — деп сұрады. 16Шимон Петір:
— Сіз Мәсіхсіз, мәңгі тірі Құдайдың рухани Ұлысыз!#16:16 4:3; Лұқ 1:35. — деп жауап берді. 17Иса оған:
— Сен бақыттысың,#16:17 Яки: Сені Құдай жарылқап тұр (13:16). Жүніс ұлы Шимон: саған мұны адам баласы емес, көктегі Әкем білдірді! 18Бұдан былай сенің атың Петір («Тас») болады. Осы іргетастың үстіне Мен Өзіме сенушілердің қауымын саламын.#16:18 Яки: Саған айтамын: Сен Петірсің («Тассың»). Осы іргетас (іспетті куәліктің) негізінде Мен Өзімнің қауымымды саламын (Еф 2:20). Оны өлімнің күштері#16:18 Немесе: Оны о дүниенің қақпалары (яғни өлім мен жамандық атаулының күштері: Әйүп 38:17). де жеңе алмайтын болады. 19Саған Құдай Патшалығына жол ашатын кілттерді тапсырамын; жер бетінде тыйым салғаныңды да, рұқсат еткеніңді де көктегі Әкем бекітпек,#16:19 Немесе: жер бетінде (Құдай Рухының жетелеуімен) нені байласаң, сол көкте де байланбақ, нені босатсаң, сол көкте де босатылмақ (18:18; 23:13; Елш 2:14-21; 8:14-17; 10:28-48; 15:7-19). — деді. 20Содан кейін Иса Өзінің Мәсіх екені туралы ешкімге тіс жармауды шәкірттеріне қатты ескертті.#16:20 Мар 8:30-31; 1:14-15.
Исаның Өзінің өліп, қайта тірілетінін алдын ала білдіруі
21Сол кезден бастап Иса Өзінің Иерусалимге баруға тиісті екенін ашық білдіре бастады:
— Ол жерде Мен рубасылар, басты діни қызметкерлер мен дін мұғалімдерінен көп азап шегуге тиіспін: Менің өлтірілуім, бірақ содан кейінгі үшінші күні қайтадан тірілуім де қажет! — деді.
22Сонда Петір Исаны былайырақ алып шығып:
— Құдай сақтасын, Мырза, ондай нәрсе басыңызға түсе көрмесін! — деп қарсылық білдіре бастады. 23Бірақ Иса Петірге бұрылып:
— Менен аулақ кет, әзәзіл!#16:23 Яки: шайтан. (Осында Петір білмей азғырушының сөзін сөйлеген еді: 4:3-10.) Маған тұзақ құрып жатырсың: сен Құдайдың емес, адамның қалауын ойлап тұрсың, — деп тыйым салды.
Мәсіхтің шәкірті болудың шарты мен сыйы
24Бұдан кейін Иса шәкірттеріне мынаны айтты:
— Маған еріп шәкіртім болғысы келген әркім өз еркі бойынша өмір сүруін қойсын, әрі айқышын арқалаған кісідей азапты өлімге дайын болып Менің жолыммен жүрсін!#16:24 10:38-39; Флп 3:10-11; Ғал 2:20; Түсіндірмедегі «Айқышты» қараңыз. 25Себебі кім өмірімді сақтаймын десе, одан айырылады,#16:25 (10:39) Яки: кім (бұ дүниедегі) өмірімді сақтаймын десе, шынайы өмірден құр қалады. ал өмірін Мен үшін қиған әркім оған (мәңгі) иелік етеді. 26Адам бүкіл дүниеге ие болып, сол себепті (мәңгілік) өмірінен айырылса, бұдан оған не пайда? Яки адам өз өмірі үшін қандай құн төлей алады?#16:26 Яки: өз жаны үшін қандай төлем бере алады? (Жыр 48:8-10; Мар 8:36-37)
27Себебі Мен періштелерімді ертіп Әкемнің салтанатты ұлылығымен Билеуші ретінде көктен қайтып келген кезімде әркімге істеген істеріне қарай сыйын беремін.#16:27 25:31,34-36.
28Сендерге шын айтамын: осында тұрған кейбіреулерің Менің Құдай тағайындаған Билеуші ретінде Патшалығымның нұрлы салтанатымен келуімді#16:28 Немесе: кейбіреулерің көктен келген Билеушінің («Адам Ұлының») Патшалығымен келуін (17:2,5; Пет2 1:16-18; Елш 2:36-41). өз көздеріңмен көрмей, өлмейсіңдер.

Currently Selected:

Матай 16: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in