YouVersion Logo
Search Icon

Матай 13

13
Төрт түрлі топыраққа себілген тұқым туралы астарлы әңгіме
1Сол күні кейінірек Иса үйден шығып, көл жағасына барып отырды. 2Қасына жиналған халықтың көп болғаны сонша, Иса қайыққа мініп, соған жайғасты. Ал барша халық жағалауда тұрды. 3Иса оларға мынау сияқты астарлы әңгімелермен көп тәлім беріп былай деді: «Бір диқан тұқым себуге шығыпты. 4Ол сеуіп жүргенде дәндердің кейбіреулері жол бойына түсіп қалады. Құстар ұшып келіп, шоқып жеп қояды. 5Біраз тұқым топырағы аз тастақ жерге түседі. Топырақ жұқа болғандықтан, тұқым тез көктеп шығады. 6Алайда күн шыққан соң күйіп, тамыр жая алмағандықтан қурап қалады. 7Тағы басқа дәндер тікен арасына түседі. Тікендер қаулап, оларды тұншықтырып, өсірмей тастайды.
8Ал өзге тұқымдар құнарлы топыраққа түседі. Бұлардың біразы жүз, басқалары алпыс, бірқатары отыз еседен өнім береді. 9Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болу қажет
10Шәкірттері Исаның қасына келіп:
— Халыққа сөзіңізді арнағанда неге астарлы әңгімелер айтасыз? — деп сұрағанда, 11Оның жауабы мынадай болды:
— Құдай өз Патшалығы туралы сырларды білуді оларға емес, сендерге ғана бұйырған. 12Өйткені кімде (біраз түсінік) бар болса,#13:12 (25:29; Мар 4:25; Лұқ 8:18) Немесе: кімде (біраз рухани байлық) бар болса. соған тағы да беріліп, онікі асып-тасып кетеді. Ал кімде жоқ болса, оның өзімде бар дегені де одан алынып қойылады.
13Мен бұларға астарлап айтамын, өйткені олар көріп тұрса да, шынымен көрмейді, естіп тұрса да, шынымен естімейді де, түсінбейді де. 14Осылайша Ишая пайғамбардың алдын ала айтқан мына тәрізді сөздері олардың өмірінде жүзеге асады: Естисіңдер, бәрібір түсінбейсіңдер, көресіңдер, бәрібір аңғармайсыңдар! 15Өйткені бұл халықтың жүректері қасарысқан сезімсіз,#13:15 Яки: ақыл-саналары қасарысқан, рухани шындыққа жабық (Иш 6:9-10). құлақтары керең, көздері жұмылған. Әйтпесе олар көздерімен көріп, құлақтарымен естіп, жүректерімен түсініп, теріс жолдарынан қайтар еді. Сонда Мен оларды рухани дертінен сауықтырар едім!
16Ал сендер бақыттысыңдар:#13:16 Яки: Ал Құдай сендерді жарылқап тұр (5:3; 16:17). көздерің көреді, құлақтарың естиді. 17Сендерге шындығын айтайын: көптеген пайғамбарлар да, өзге әділ адамдар да сендер көріп жүрген нәрселерді көргілері келді, бірақ көре алмады, сендер естіп жүрген сөздерді естігілері келді, бірақ ести алмады.#13:17 Лұқ 10:24; Пет1 1:10-12; Евр 11:13; Жар 49:10,18.
18Енді тұқым сепкен диқан туралы әңгіменің мағынасын тыңдаңдар: 19біреу Патшалық туралы Ізгі хабарды естіп, түсінбесе, лезде әзәзіл шайтан келіп, сол адамның жүрегіне себілген бұл сөздерді ұрлап алып кетеді. Жол бойына түскен тұқым — осы.
20Ал тастақ жерге себілгені мынаны көрсетеді: адам Ізгі хабарды естіген бойда оны қуанышпен қабылдайды, 21бірақ тамыр жаймағандықтан берік болмайды. Ізгі хабарға бола басына азап не қуғын түскенде, дереу сенімінен безіп кетеді.
22Тікен арасына себілген дәндер болса, мынаны білдіреді: біреу Ізгі хабарды естиді. Алайда бұ дүниелік тұрмыс қамын ойлап абыржып, байлыққа алданады. Осылайша Ізгі хабар ескерусіз қалып, өнім бермейді.#13:22 Немесе: Ізгі хабар (Құдайдың сөзі) «тұншығып», өнім бермейді.
23Ал құнарлы топыраққа себілген тұқым болса, мынаны бейнелейді: адам Ізгі хабарды тыңдап, түсініп, өнімді болады. Ол жүз, алпыс немесе отыз еседен өнім береді.#13:23 Яки: отыз еседен рухани өнім береді (25:34-40; Жақ 1:27; Ғал 5:22-26; Жох 15:9-16).
Құдай Патшалығының өсіп, өркендеуі туралы астарлы әңгімелер
24Иса халыққа тағы басқа бір астарлы әңгімені айтып берді: «Құдай Патшалығының орнауы мынаған ұқсайды. Бір адам егіндігіне жақсы тұқым себеді. 25Жұрт ұйықтап жатқанда дұшпаны келіп, бидай арасына бидайықтың#13:25 Бидайық көктеп шыққан кезде бидайға қатты ұқсайтындықтан екеуін бір-бірінен ажырату қиын. тұқымын шашып кетеді. 26Бидай көктеп шығып, дән жинай бастағанда, әлгі арам шөп те өсіп шығады. 27Сонда қызметшілері егіндіктің иесіне келіп:
— Мырза, жеріңізге сепкеніңіз жақсы тұқым емес пе еді? Онда бидайық қайдан шыққан? — деп сұрайды. 28Ол:
— Мұны істеген дұшпан кісі, — деп түсіндіреді.
— Ендеше біздің сонда барып, отап тастауымызды қалайсыз ба?
29— Жоқ, — деп жауап береді қожайын, — сендер бидайықты отаймыз деп, бидайды бірге жұлып тастарсыңдар. 30Орылғанша бірге өсе берсін. Ал орақ кезінде егін жинаушыларға: Өртеп жіберу үшін алдымен арам шөптерді баулап, жиып алыңдар, ал бидайды жинап, қамбама құйыңдар! — деп бұйырамын».
31Иса халыққа тағы мына астарлы әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығы бір адамның егістігіне еккен қыша дәніне#13:31 Яки: еккен горчица тұқымына. ұқсас: 32қыша дәні басқа тұқымдардан гөрі майда болса да, өскенде барлық дәнді дақылдардан биік болып шығып, бұтаға айналады. Сонда бұтақтарына құстар ұшып келіп, паналайды».#13:32 Құдайдың игілікті әкімшілігі керемет өсіп, онда тек исраилдіктер үшін ғана емес, басқа халықтардың адамдары үшін де орын болады (8:10-11; 12:21; 28:18-20; Дан 4:8-9; Елш 10:34-35).
33Иса оларға астарлап келесі бір әңгімені де айтып берді: «Құдай Патшалығын ашытқымен де салыстыруға болады: әйелдер үш астау#13:33 Немесе: үш мөлшер (сатон деген өлшемнің көлемі 13 л шамасында болатын). ұнға аздаған ашытқы қосып, араластырған соң, ол барлық қамырды ашытып, көтереді».
34Мұның бәрін Иса халыққа астарлы әңгімелермен айтты. Оларға еш нәрсені де астарсыз уағыздамады. 35Осылай Құдайдың пайғамбар арқылы айтқан мына тәрізді сөздері жүзеге асты: «Астарлы әңгімелерді айтамын, әлем жаратылғаннан бері бар құпияларды ашамын».#13:35 Жыр 77:2.
36Бұдан кейін Иса халықты таратып, үйге кірді. Қасына келген шәкірттері: «Егіндіктегі арам шөп туралы астарлы әңгімені түсіндіріңізші», — деп өтінген соң, 37Иса оларға былай деді: «Жақсы тұқым сепкен — көктен келген Билеуші.#13:37 Яки: Құдай тағайындаған Билеуші («Адам Ұлы», яғни Мәсіхтің Өзі: 8:20; 9:6). 38Егіндік — осы дүние, жақсы тұқым — Құдай Патшалығының адамдары, ал бидайық — әзәзілдің адамдары.#13:38 Немесе: шайтанның балалары (яғни оның жолымен жүріп, мінез-құлқын паш ететіндер: Жох 8:44-45). 39Сол арам шөптің тұқымын шашқан дұшпан — әзәзіл шайтан, орақ кезі — ақырзаман, ал орушылар — періштелер. 40Жұрттың арам шөптерді жинап, өртеп жіберетіні сияқты, ақырзаманда да солай болады: 41көктен келген Билеуші Өзінің періштелерін жібереді. Олар азғындық пен заңсыздық жасайтын адамдардың бәрін Оның Патшалығынан жинап алып, 42жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырмақ. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады-ау!#13:42 Немесе: өкініп, бармақтарын тістейтін болады (8:12; Лұқ 13:28). 43Ал әділдер көктегі Әкелерінің Патшалығында күн сәулесіндей жарқырайтын болады.#13:43 5:14,16; Нқл 4:18; Дан 12:3; Жох 5:35. Құлағы барлар жақсылап тыңдап алсын!»
Құдай Патшалығынан үлес алудың маңыздылығы туралы астарлы әңгімелер
44«Құдай Патшалығын егіндік жерге көмілген қазынаға да ұқсатуға болады. Соны тауып алған адам қазынаны қайтадан көміп тастап, қуанғанынан өзіндегі барды түгел сатып жіберіп, егіндікті сатып алады.
45Құдай Патшалығы мынаған да ұқсайды: бір саудагер асыл інжу-маржан іздеп жүріп, 46аса құнды біреуін тауып алады. Сонда ол өзінде бардың бәрін түгел сатып, сол асыл інжуге ие болады.
47Құдай Патшалығын көлге тасталғанда әр түрлі балықтар түсетін аумен де салыстыруға болады. 48Ау толғанда оны жағаға шығарып, отыра қалып, балықтың жақсыларын ыдысқа жинап алып, нашарларын лақтырып тастайды.
49Ақырзаманда да осылай болмақ: періштелер келіп, жамандарды әділдерден ажыратып, 50жанып тұрған ошақ іспетті тозақ отына лақтырады. Сонда олар зар еңіреп жылап, қинала тістенетін болады», — деп сөзін аяқтаған 51Иса:
— Мұның бәрін түсіндіңдер ме? — деп сұрады. Шәкірттері:
— Иә, түсіндік, — деп жауап берді. 52Иса:
— Сонымен Құдай Патшалығы туралы тәлім алып, Киелі жазбаларды оқытушы әрбір ғұлама#13:52 Немесе: тәлім алған әрбір дін мұғалімі (23:34; Елш 18:24-28). өз қазынасынан жаңасын да, көнесін де шығарып отырған үй иесіне ұқсайды, — деп тұжырымдады.
Назареттіктердің қиқарлығы және Жақия пайғамбардың шейіт болуы
53Иса осы астарлы әңгімелерді айтып болғаннан кейін сол жерден кетіп қалды. 54Өзінің өскен жеріне#13:54 Ғалилея аймағындағы Назарет қаласына (2:23; Лұқ 4:16). келіп, ондағы мәжілісханада жамағатқа тәлім берді. Олар Оған қатты таңданып, өзара былай десті:
— Бұған мұндай даналық пен құдірет қайдан біткен? 55Өзі ағаш ұстасының Баласы емес пе? Шешесінің аты — Мәриям, ал інілері — Жақып, Жүсіп,#13:55 Яки: Жоси (Жүсіп есімінің қысқаша түрі: 27:56). Шимон, Яһуда. 56Қарындастарының бәрі де арамызда тұрады ғой. Сонда мұның бәрі Бұған қайдан біткен, ә?
57Олар қызғаныштан Исаны көре алмай, ашуланды. Ал Иса оларға қарап:
— Өз ел-жұрты мен үй ішінен өзге жерде пайғамбар қадірсіз болмас, — деді.#13:57 Мар 6:4; Лұқ 4:24; Жох 4:44. 58Олардың сенбеушілігіне бола Иса сол маңайда көп кереметтер жасаған жоқ.

Currently Selected:

Матай 13: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in