YouVersion Logo
Search Icon

Ешуа 24

24
Құдайдың Келісімінің Сихемде қайтадан бекітілуі
1Ешуа тағы да Исраилдің барлық руларын Сихем қаласына жинап, олардың ақсақалдары мен рубасыларын, төрешілері мен басқарушыларын да шақырып алды. Барлығы Құдайдың алдына келіп тұрды. 2Сонда Ешуа бүкіл халыққа арнап былай деді:
— Исраилдің Құдайы Жаратқан Ие мынаны айтады: Ежелде ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында тұрып, бөгде «тәңірлерге» құлшылық ететін.#24:2 24:15; Жар 31:19,30; 35:4. Олардың араларында Тарах және оның ұлдары Ыбырайым мен Нахор да болатын. 3Сонда Мен түп аталарың Ыбырайымды сол өзеннің арғы бетінен алып шығып, бүкіл Қанахан елін аралатып алып жүріп оған жар болдым. Оның үрім-бұтағын көбейтіп, оған Ысқақты, 4ал Ысқаққа Жақып пен Есауды сыйладым. Мен Есауға меншігі болуға Сейір тауларын табыстадым, ал Жақып пен оның ұлдары Мысырға ылдилап көшті.
5Кейін Мен Мұса мен Һаронды жіберіп, Мысыр елін түрлі апаттармен күйрете соққыладым, ақырында сендерді сол елден азат етіп, алып шықтым. 6Ата-бабаларың Мысырдан көшіп шығып, Қамысты теңізге#24:6 Яки: Қызыл теңізге. жеткенде, мысырлықтар соғыс күймелерімен және салт аттыларымен оларды теңіз жағалауына дейін қуып келе жатты.#24:6 Мыс 14:2,9. 7Ата-бабаларың Маған, Жаратқан Иеге, жалбарынып, көмек сұрады. Сонда Мен сендер мен мысырлықтардың арасына қараңғылық орнатып, мысырлықтардың үстіне теңізді лақ еткізіп, оларды суға көміп тастадым. Мысырға не істегенімді өз көздеріңмен көрдіңдер. Бұдан кейін ұзақ уақыт бойы елсіз далада көшіп-қонып өмір сүрдіңдер.
8Содан Мен сендерді Иорданның арғы жағын мекен еткен аморлықтардың жеріне алып келдім. Олар сендерге қарсы соғысты, бірақ Мен оларды өз қолдарыңа тапсырдым. Мен соларды алдарыңнан қырып-жойдым, ал сендер жерлерін иемденіп алдыңдар. 9Сонда Моаб патшасы Сипор ұлы Балақ Исраилге қарсы соғысуға дайындалып, сендерді қарғасын деп Беғор ұлы Балағамды шақырып алды. 10Бірақ Мен Балағамның айтқандарына құлақ түруді жөн көрмедім, сол себепті ол сендерге (қарғыс емес) қайта-қайта бата беруге мәжбүр болды. Осылайша сендерді оның қолынан құтқарып алдым.
11Содан соң сендер Иордан өзенінен өтіп, Иерихон қаласына жеттіңдер. Иерихонның тұрғындары, ал кейін аморлықтар, перездіктер, қанахандықтар, хеттіктер, гергестіктер, хевтіктер және ебустіктер де сендерге қарсы соғысты. Бірақ Мен оларды да қолдарыңа тапсырдым. 12Сендердің алдарыңнан есекара үйірлеріндей зәрелерін ұшыратын қорқыныш жібердім.#24:12 Яки: алдарыңнан есекараларды жібердім (Мыс 23:28). Сол қорқыныш аморлықтардың екі патшасын алдарыңнан қуып шығарды. Осылайша бұл жеңіске сендер семсер, садақтарыңмен шайқасып ие болмадыңдар. 13Мен сендерге өздерің тер төгіп еңбек сіңірмеген елді, өздерің салмаған қалаларды сыйладым, енді сонда тұрып жатырсыңдар. Өздерің отырғызбаған жүзім, зәйтүн бақтарының жемісін жеп жүрсіңдер.
14Ешуа халыққа тағы былай деді:
— Ендеше Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған шын жүректен, адалдықпен қызмет етіңдер! Ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында және Мысырда табынған жалған тәңірлерді лақтырып тастап, олардан арылыңдар! Жалғыз Жаратқан Иеге ғана қызмет ететін болыңдар! 15Ал егер Жаратқан Иеге қызмет етуді қаламасаңдар, онда ата-бабаларың Евфрат өзенінің арғы жағында табынған жалған тәңірлерге ме, немесе өздерің елдерінде тұрып жатқан аморлықтардың тәңірлеріне ме, кімге қызмет ететіндеріңді таңдап алыңдар. Ал менің өзім және отбасым — біз Жаратқан Иеге қызмет ететін боламыз.
16Сонда халық былай деп жауап берді:
— Жаратқан Иеден бас тартып, басқа тәңірлерге табынып кетуден аулақ жүрейік! 17Себебі Жаратқан Ие — біздің Құдайымыз! Ол бізді және аталарымызды Мысыр еліндегі құлдықтан азат етіп, көз алдымызда ұлы да ғажап кереметтерді жасады. Жаратқан Ие бізді бүкіл жол бойы қорғап, біз елдері арқылы өтіп шыққан халықтардан аман сақтап қалып отырды ғой. 18Жаратқан Ие осы елде тұрып жатқан аморлықтар мен басқа да барлық халықтарды алдымыздан қуып шықты. Ол — біздің Құдайымыз, сондықтан біз де Жаратқан Иеге қызмет етеміз. — 19Ешуаның халыққа берген жауабы мынау болды:
— Жоқ, сендер Жаратқан Иеге (шынымен) қызмет ете алмайсыңдар. Өйткені Ол — киелі Құдай, Өзінен басқа тәңірлеріңнің болуына еш төзбейтін Құдай.#24:19 Яки: Ол — киелі Құдай, қызғаншақ Құдай (Мыс 20:5; 34:14). Ол сендердің бас көтеріп, күнә жасай бергендеріңді кешірмейді. 20Егер Жаратқан Иеден бас тартып, бөгде тәңірлерге қызмет ететін болсаңдар, онда Ол да өздеріңе бұрын жасаған игіліктеріне қарамастан сендерге қарсы шығып, жамандық жасайды да, көздеріңді құртып жоқ қылады. — 21Сонда халық Ешуаға:
— Жоқ, біз Жаратқан Иеге қызмет етеміз! — деп жауап берді. 22Ешуа оларға былай деді:
— Жаратқан Иеге қызмет етуді таңдағандарыңа сендер өздерің куәсіңдер! — Олар:
— Иә, куәміз, — деп жауап берді. Ешуа:
23— Ендеше өздеріңде бар жалған тәңірлерді лақтырып тастап аластатыңдар да, жүректеріңді Исраилдің Құдайы Жаратқан Иеге бағыштаңдар! — деп ескертті. 24Бүкіл халық:
— Біздер Құдайымыз Жаратқан Иеге қызмет ететін боламыз, Оның даусына құлақ асатын боламыз! — деп Ешуаға уәде берді.
25Сол күні Ешуа Сихемде халықпен Келісім жасап, оларды Жаратқан Иенің ережелері мен шешімдерін орындауға мәжбүрледі. 26Ешуа осы сөздерді Құдайдың Таурат заңының кітабына жазып қойды. Бұдан кейін ол бір дәу тасты алып, оны Жаратқан Иенің киелі шатырының маңында тұрған емен ағашының түбіне#24:26 Жар 35:4; Бил 9:6. ескерткіш тас етіп орнатты да, 27бүкіл халыққа былай деп жариялады:
— Біліп алыңдар, мына тас — бізге қарсы айғақ; ол — Жаратқан Иенің бізге айтқан сөздерінің бәрін естіген куәгер іспетті. Сондықтан, егер Құдайға опасыздық жасасаңдар, осы тас сендерге қарсы айғақ болады!
28Осылай Ешуа Келісімді бекіткеннен кейін халықтың барлығын өздерінің мұралық меншіктеріне тиген жерлеріне қайтарып жіберді.
Ешуа мен Елазардың дүние салуы
29Осы оқиғалардан кейін Жаратқан Иенің қызметшісі Нұн ұлы Ешуа жүз он жасқа толып қайтыс болды. 30Оның мәйіті Ешуаның үлесіне тиген жерінде, Ефрем руының таулы аймағында орналасқан Ғағаш төбесінің солтүстік жағындағы Тимнат-Серах қаласының маңындағы қабірге қойылды.#24:30 19:50; Бил 2:9.
31Ешуаның тірі кезінде, әрі Жаратқан Иенің Исраил үшін істеген ұлы істерін көріп-естіген және Ешуадан кейін де өмір сүрген ақсақалдардың бүкіл заманында халық Жаратқан Иеге мойынсұнып, Оған қызмет ете берді.
32Бұрынырақ исраилдіктер Мысыр елінен алып шыққан Жүсіптің сүйегін Сихемдегі қабірге қойған еді. Осы жер танабын Жақып кезінде Сихемнің әкесі Хамордың ұлдарынан жүз мысқал күміске сатып алған болатын.#24:32 Жар 33:19; 50:24-25; Мыс 13:19. Сол жер Жүсіптің ұрпақтарының#24:32 Яғни Ефрем мен Манаса руларының (Жар 48:5,19-22). мұралық үлесіне тиді.
33(Діни қызметкер) Һарон ұлы Елазар#24:33 14:1. дүние салғанда оның мәйіті өзінің ұлы Пінехеске#24:33 22:13; Рул 20:28. Ефремнің таулы аймағынан белгіленген қыраттағы қабірге#24:33 Немесе: таулы аймағынан берілген Гибеяның маңындағы қабірге. қойылды.

Currently Selected:

Ешуа 24: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in