YouVersion Logo
Search Icon

Еремия 9

9
1Шіркін, басым су шығатын қайнар, көздерім жас ағатын бұлақ болса ғой! Сонда күні-түні халқымның қырылып қаза тапқандарын жоқтап жылар едім!
2Иен даланың шалғай бір түкпірінде жол жүрушілер қонақтайтын жерім болса ғой, шіркін! Сонда мен халқымды тастап, олардан безіп кетер едім! Себебі олардың бәрі азғындыққа салынған опасыз жамағат!
3«Бұлар тілдерін садақтай иіп, өтірікті жебедей боратады. Өтіріктің арқасында олар елге өктемдік жасап, зұлым іс-әрекеттерін жалғастыруда. Ал Мені тіпті танып мойындамайды да, — дейді Жаратқан Ие. — 4Әрқайсың достарыңнан абай болып, туысқаныңның бірде-біреуіне де сенуші болма! Туысқандарыңның әрбіреуі алдаушы, достарыңның әрбіреуі өсекші. 5Олар бір-бірін алдап, ешқайсысы да шындықты айтпайды. Тілдері өтірік айтуға машықтанған, күнә жасауларымен-ақ өздерін шаршатады. 6Сен өтірікші адамдардың ортасында өмір сүріп жатырсың. Өздерінің алдамшылығына бола олар Мені танып мойындаудан бас тартады», — дейді Жаратқан Ие.
7Сондықтан Әлемнің Иесі мынаны айтады:
— Мен алтынды көрікте балқытып тазартатындай енді оларды (азап отында) тазартамын.#9:7 6:27-30; Иш 29:7. Опасыз қыздай күнәға батқан халқыма осыдан басқа істейтін шарам қалған жоқ. 8Олардың ауыздарынан шыққан сөздері ажал себетін жебедей, айтқандары өтірік. Жақынымен сөйлескенде татулық жайлы айтады, ал іштей оған қарсы тұзақ құруды ойлап тұрады. 9Осындай істері үшін оларды жазаламай қоя берейін бе? — деп сұрайды Жаратқан Ие. — Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!
10— Дегенмен тау-төбелер үшін жылап-сықтап, елсіз даладағы жайылымдар үшін жоқтау айтамын. Олар күнге күйіп қаңырап бос жатыр, олармен ешкім жүрмейді, малдың үні де естілмейді. Құс пен аң да олардан безіп кеткен.
11— Мен Иерусалимді бір төбе үйінді етіп, оны шибөрілердің мекені қыламын. Яһуданың басқа қалаларын да адам баласы тұрмайтындай етіп қаңыратып бос қалдырамын. — (Жаратқан Ие осыны нық айтады.)
12— Бұны түсінуге кімнің даналығы жетеді? Жаратқан Ие оған соны түсіндіріп, енді бізге де ұғындыра алатын адам кім? Ел неге құрып, ешкім жүрмейтін шөл даладай күнге күйіп, қаңырап бос қалған?
13Сонда Жаратқан Ие былай деді:
— Оның себебі: халықтың Мен өздеріне берген Таурат заңынан безіп кетуі. Олар Менің сөздеріме құлақ түрген де жоқ, заңыма сәйкес өмір сүрген де жоқ. 14Қайта, қасарысып өз жүректерінің қалауымен жүріп, әкелерінен үлгі-өнеге алып, жалған тәңір Бағалдың мүсіндеріне табынып кетті. 15Сондықтан Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы мынаны айтады: Біліп қойыңдар, Мен мына халыққа азаптың жусандай ащы дәмін татқызып, соттың улы сусынын ішкіземін.#9:15 8:14; 23:15; Рул 5:23-24; Жоқт 3:15,19. 16Оларды өздері де, ата-бабалары да бұрын еш білмеген ұлттардың арасына шашыратып, олар толығымен құрып бітпейінше, арттарынан семсер асынған жауларын жіберіп отырамын.#9:16 42:16; Заң 28:64-65.
Жазасын тартып жатқан халықтың қайғыруы
17Әлемнің Иесі мынаны айтады:
— Қазіргі жағдайды ойланып көріңдер! Жоқтаушы әйелдерді шақырып, олардың ең шеберлерін алдыртыңдар!
18(Яһуда халқы былай дейтін болады:) Олар тезірек келіп, бізді жоқтап жылап, көзімізден жас шығартып, судай ағызсын! 19Себебі Сионнан жоқтаудың даусы естіледі: «Барымыздан тоналып құрыдық біз! Масқара болдық! Үйлеріміз қирап, елден кетуге мәжбүрміз». 20Әй, әйелдер, Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! Құлақтарыңды Оның айтатын сөздеріне түріңдер. Қыздарыңа жылап-сықтауды, ал бір-біріңе жоқтау жырларын айтуды үйретіңдер! 21Себебі ажал тереземізден кіріп, қорған-сарайларымызға еніп жатыр. Ол көшеде ойнап жүрген балаларымыз бен алаңдарда бас қосқан жас жігіттерімізді құртпақшы.
22Сен былай де: «Жаратқан Ие мынаны айтады: Адам сүйектері даладағы қи іспетті, орақшының соңынан қалған бидай баулары сияқты шашылып жататын болады! Ал соларды жинап, қабірге қоятын ешкім де болмайды.
23Жаратқан Ие мынаны да айтады: Дана даналығымен, мықты мықтылығымен, бай байлығымен мақтанбасын! 24Ал кім мақтанғысы келсе, тек Менің Жаратқан Ие екенімді және жер бетінде рақым, әділет пен әділдікті жүзеге асыратынымды біліп-түсінетінімен мақтансын! Себебі Мен осылардан рақат табамын. Мен, Жаратқан Ие, осылай деймін.
25Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: Болашақта Мен тек тәні ғана сүндеттелген халықтарды: 26Мысыр, Яһуда, Едом, Аммон, Моаб елдерін және шөл даланың шалғай шеттерінде тұратындардың#9:26 Немесе: шөл далада тұрып, самай шашын қырқатындардың. бәрін жазалаймын. Өйткені осы халықтар сияқты бүкіл Исраил халқы да сүндеттеу рәсімін ұстанғанымен, Маған шын жүректен бағышталмаған».

Currently Selected:

Еремия 9: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in