YouVersion Logo
Search Icon

Еремия 10

10
Шынайы Құдай әрі жасанды тәңірсымақтар
1Жаратқан Иенің өздеріңе айтып отырған сөзін тыңдаңдар, уа, Исраилдің үрім-бұтағы! 2Себебі Жаратқан Ие мынаны айтады: Басқа ұлттарға еліктеуші болмаңдар! Олар сияқты аспан құбылыстарына қарап, қорқып үрейленбеңдер! 3Себебі басқа ұлттардың әдет-ғұрыптары құр бекершілік. Олар орманнан ағаш шауып әкеледі, қолөнерші оны қашауымен өңдейді. 4Содан кейін ағашты алтын-күміспен қаптайды, шайқалып құламасын деп тұғырына шегелеп бекітіп қояды. 5Олардың тәңірсымақтары қауын бақшасындағы қарақшы сияқты сөйлей алмайды, жүре де алмайды, сондықтан көтеріп алып жүру керек. Олардан қорықпаңдар, себебі еш зиян келтіре алмайды, жақсылық та жасай алмайды.
6Уа, Жаратқан Ие, Саған тең келер ешкім жоқ! Сен ұлысың! Зор құдіретіңе бола Сенің есімің де ұлы!#10:6 Яки: даңқты (16:21). 7Кім Сені терең қастерлемесін, уа, халықтардың Патшасы? Бұл жалғыз Саған ғана тиісті. Барлық халықтардың данышпандарының арасында, олардың бүкіл патшалықтарында Саған тең келер ешкім жоқ! 8Жалған тәңірлерге құлшылық ететін сол «данышпандар» ақылсыз да түйсіксіз. Олардың табынатындары ағаштан жасалған ғой. 9Тарсистен#10:9 Жүн 1:3; Езк 27:12. балғамен ұрып тегістелген жұқа күміс, әрі Уфаздан#10:9 (Дан 10:5) Яки: Опырдан. алтын әкелінеді. Шебер ұсталар мен зергерлер мүсіндерді солармен қаптайды. Кейін мүсіндерге шебер тігінші тіккен күлгін көк және күрең қызыл патша киімі кигізіледі. Алайда осы тәңірсымақтардың бәрі де шеберлердің қолымен жасалғандар ғана.
10Бірақ Жаратқан Ие — шынайы Құдай! Ол — тірі Құдай әрі мәңгілік Патша! Ол қаһарланғанда жер сілкініп, ұлттар Оның қаһарына төтеп бере алмайды.
11Сол ұлттарға мынаны айтыңдар: Аспан мен жерді жаратпаған тәңірсымақтарың жер бетінен де, аспан астынан да құрып кететін болады.#10:11 Түпнұсқадағы осы аят сол замандағы көп халықтардың басшылары түсінген арамей тілінде жазылған (Пат4 18:26).
12Ал Жасаған Ие жерді өз құдіретімен жаратып, дүниені даналығымен орнатып, аспан кеңістігін ақыл-парасатымен жайып жіберді. 13Ол дауыс көтергенде аспандағы бұлттар күркірейді. Иеміз көкжиектен бұлттарды көтеріп, нөсер мен найзағайды жібереді, сақтап қойған орнынан желді айдап әкеледі. 14Адам атаулы ақылсыз болып, шынайы білімнен жұрдай қалды. Тәңірсымақтың мүсінін құйып жасаған әр зергер сол ісімен өзін масқаралайды. Өйткені қоладан құйылған бейнелер алдамшы, оларда тіршілік лебі мүлдем жоқ. 15Сол тәңірсымақтар түкке тұрғысыз, әжуаға қалатын нәрселер. Сотталу уақыты келгенде олардың барлығы құрып кетеді.#10:15 10:11; 51:18; Иш 41:24,29; 2:18-21; 46:1-2.
16Ал Жақыптың үрім-бұтағына жар болушы Құдай#10:16 Немесе: Жақыптың «Үлесі» (яки: «Несібесі») (Жыр 72:26). олар сияқты емес: Ол — барлық нәрсенің, соның ішінде Өзінің меншікті халқы Исраилдің Жаратушысы. Оның есімі — Әлемнің Иесі.#10:16 Яки: Әлемнің Әміршісі — Жаратқан Ие.
Халықтың жуырда алыс жаққа жер аударылуы
17Ей, қоршауда жатқандар, елден кету үшін заттарыңды жинап алыңдар! 18Өйткені Жаратқан Ие мынаны айтады:
— Біліп алыңдар: Бұл жолы Мен осы елдің тұрғындарын сақпанның тасындай алысқа лақтырып тастаймын. Олардың жау қолына түсулері үшін түрлі апаттар жіберемін.
19— Сорлы басым, күйредім-ау! Жарақатым жазылар емес. Мен: «Бұл тек ауру ғана, төзуім керек» деген едім. 20Бірақ шатырым қирады, арқандарының бәрі үзілді. Балаларым#10:20 Яки: Тұрғындарым. мені тастап, ғайып болды. Шатырымды тігіп, панамды құрып беретін ешкім қалған жоқ! (— деп қайғырады Иерусалим.) 21— Халқымды жетелейтін бағушылар да ақылдарынан айырылып, Жаратқан Иеге бет бұрып сиынбайды. Сондықтан да олар ешқандай табысқа жетпей, қарауларындағы бүкіл халық шашырап қаңғып кеткен.
22Құлақ түріңдер! Бір хабар жетті: ол — солтүстік жақтан келе жатқан әскердің гүрілдеген зор үні! Жау Яһуданың қалаларын елсіз қылып, шибөрілердің мекеніне айналдырады! (— деп ескертеді пайғамбар.)
Еремияның мінажаты
23«Уа, Жаратқан Ие, адамның өмір жолы өз еркінде еместігін білемін. Адамның өз жүретін жолын өздігінен бағыттауына болмайды.
24Түзете гөр мені, уа, Жаратқан Ие, бірақ қаһарланбай әрі әділдікті қолданып түзете гөр, әйтпесе мен мүлдем құрып кетермін!
25Қаһарыңды Өзіңді танып мойындамайтын ұлттарға, есіміңді атап сиынбайтын тайпаларға төкші! Өйткені олар Жақыптың елін жалмап жеп қойды. Олар оны біржола құртып, жайлы мекенін қиратып, бос қалдырды».

Currently Selected:

Еремия 10: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Еремия 10