YouVersion Logo
Search Icon

Еремия 7

7
Еремияның өз халқына Құдайдың үкімін білдіруі
1Жаратқан Ие Еремияға тағы да сөзін арнап былай деді: 2«Жаратқан Иенің киелі үйінің кіреберіс қақпасына барып, сол жерде тұр да, мына хабарды жарияла: Уа, халайық, Жаратқан Иеге иіліп ғибадат етуге осы қақпа арқылы енетін яһудилер! Жаратқан Иенің сөзін тыңдаңдар! 3Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, мынаны айтады: Теріс жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттеріңді түзетіңдер! Сонда Мен сендерге осы елде әрі қарай тұра берулеріңе жағдай жасаймын.#7:3 26:13. 4«Міне, Жаратқан Иенің киелі үйі, иә, бізде Жаратқан Иенің киелі үйі бар ғой! Жаратқан Иенің киелі үйі осы жерде тұрғанда басымызға ешбір пәле түспейді!»#7:4 Мих 3:11. деген өтірік сөздерге сеніп, алданып қалып жүрмеңдер! 5Қайта, шынымен теріс жолдарыңнан қайтып, зұлым іс-әрекеттеріңді доғарыңдар және бір-біріңе әділ болыңдар! 6Жат жұрттыққа, жетім-жесірге жамандық істемей, жазықсыз қан төгулеріңді, бөгде тәңірлерге табынуларыңды қойыңдар, өйткені осылар өздеріңнің құрып кетулеріңе себеп болады. 7Солай етсеңдер ғана Мен ата-бабаларыңа уәде етіп мәңгілікке тапсырған осы елде сендерді ұдайы мекендетемін!
8Бірақ қазір сендер түкке тұрғысыз өтірікке сеніп жүрсіңдер. 9Ұрлық жасайсыңдар, кісі өлтіресіңдер, неке адалдығын бұзасыңдар, өтірік ант бересіңдер, Бағалға арнап хош иісті заттар түтетіп, құрбандық шалып, өртеп ұсынасыңдар. Өздерің бұрын танымаған бөгде тәңірлерге табынасыңдар. 10Ал содан кейін Менің есіміммен аталған киелі үйге барып, алдыма келіп: «Біз қауіптен аманбыз!» деп сенесіңдер. Сөйте тұра, осы жексұрын қылықтарыңды қайтадан істеп жүре бермексіңдер ме? 11Сонда Менің есіміммен аталған осы киелі үй сендерше «қарақшылар ордасына» айналғаны емес пе? Біліп қойыңдар, Мен соның бәрін көріп тұрмын! — Жаратқан Ие осыны нық айтады.#7:11 29:23.
12Менің жер бетіндегі тұрағым — осы елде баяғыда болған жерім Шилоға барып көріңдерші! Мен алғашқы кезде өз есімімді сонда орнатқан болатынмын. Алайда халқым Исраилдің зұлым істерді істей бергені үшін оған не қылғанымды#7:12 Яки: оны жау қолымен қиратқанымды. өз көздеріңмен көріңдер!#7:12 Заң 12:5,11; Еш 18:1; Пат1 1:3; 4:3-4,10-11,22; Жыр 77:60-61. 13Ал енді, осындай күнә жасап жүргендеріңде Мен сендерге қайта-қайта ескерттім, бірақ сендер тыңдамадыңдар! Мен шақырдым, бірақ жауап бермей қойдыңдар! 14Сондықтан Менің есіміммен аталған және өздерің сенімдеріңді артқан мына киелі үйді Шилодағы ежелгі табыну орны іспетті талқандатамын.#7:14 26:4-6. Мен өздеріңе және ата-бабаларыңа табыстаған осы елге де солай істеймін. 15Мен ағайындарың Солтүстік Исраил халқын#7:15 Немесе: Ефремнің үрім-бұтағын (Ефрем осында бүкіл Солтүстік Исраилді білдіреді: 31:9; Шеж2 19:4; 25:7; Иш 7:2; 8:17; Ош 4:17; 5:12; Пат4 17:20). көз алдымнан аластатқанымдай, сендерді де солай аластатамын».
Халықтың Жаратушыға мойынсұнбауы
16«Ал сен мына халық үшін Маған сиынушы болма! Олардың жоғын жоқтап жалбарынушы не дұға етуші де болма! Өйткені Мен олар үшін жасаған өтінішіңе бәрібір құлақ аспаймын. 17Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінде олардың не істеп жүргендерін көрмей жүрсің бе? 18Балалары отын жинап, әкелері от жағады, ал әйелдері қамыр илеп, «Аспан патшайымы» деген тәңірсымаққа#7:18 Яки: Астарта (Ашторет) деп аталатын жалған әйел тәңір (Пат3 11:5,33; Ерм 44:17-19,25; Иш 65:11; Заң 4:19; 32:37-38). арнап нан пісіріп иіс шығарады. Олар бөгде тәңірлерге арнап сұйық тартулар құйып та ұсынады. Бұларын Мені ашуландыру үшін істейді! 19Ал ақыр соңында ашуланатын Мен боламын ба? Олардың өздері ашуланып, масқараға қалмай ма?!»
20Сол себепті Жаратушы Тәңір Ие мынаны да айтады: «Енді, міне, Менің қаһарым мен ашуым осы жерге, оның адамы мен малына, даланың ағашы мен егістіктің өніміне төгіліп, бәрі өртеніп, түгі қалмайынша сөнбейтін болады. — 21Әлемнің Иесі, Исраилдің Құдайы, тағы мынаны айтады: — Сендер Маған арнап түгелдей өртеп ұсынғыларың келген құрбандықтарыңды басқа да құрбандықтарыңа қосып, етін өздерің-ақ жей беріңдер! 22Өйткені Мен ата-бабаларыңды Мысырдан алып шыққанымда оларға өсиет еткенім түгелдей өртеліп ұсынылатын құрбандықтар мен сый-тартулар емес еді. 23Ал оларға тапсырған өсиетім мынадай болды: Маған мойынсұныңдар, сонда Мен сендердің Құдайларың, сендер Менің халқым боласыңдар! Тек Менің өздеріңе бұйырған жолыммен ұдайы жүріңдер! Сонда игілікті өмір сүріп өркендейтін боласыңдар. 24Бірақ олар тыңдаған да жоқ, сөздеріме мән де берген жоқ. Керісінше, қыңырланып зұлым ой-ниеттерін іске асырып жүрді. Олар алға жүрудің орнына кері кетті. 25Ата-бабаларың Мысырдан шыққалы бері осы күнге дейін сендерге қайта-қайта өз қызметшілерім — пайғамбарларды жіберіп отырдым.#7:25 25:4; 26:5; Шеж2 36:15. 26Бірақ халық Мені тыңдаған да жоқ, сөздеріме ден қойған да жоқ. Олар қыңырланып, тіпті өз ата-бабаларынан бетер көп күнә жасады.
27Осыны халыққа жеткіз! Алайда олар сені тыңдамайтын болады. Сен оларды қайта оралуға шақырғанда, жауап бермейтін болады. 28Сондықтан оларға былай де: Осы халық өз Құдайы Жаратқан Иеге мойынсұнбайды, Оның ескерту сөзіне құлақ аспайды. Шындық олардан ғайып болып, ауыздарынан құрып кетті».
29«Уа, Иерусалим, (жасаған күнәларыңа өкініп) шашыңды қырқып алып таста, тақыр төбе басына шығып, жоқтау айтып зар жыла! Өйткені Жаратқан Ие Өзінің қаһарын туғызған осы ұрпақтан бас тартып, оны жалғыз тастап кетті!»
«Қырғын аңғары»
30— Яһуда халқы Маған жек көрінішті іс-әрекеттер істеп келеді, — дейді Жаратқан Ие. — Олар Менің есіміммен аталған киелі үйде өздерінің жалған тәңірлерінің мүсіндерін орнатып алып, оны арамдады,#7:30 Пат4 23:4-7; Езк 8:3,5-6,9-12. 31әрі Бен-Хенном аңғарында Топет#7:31 (19:6,11-14; Пат4 23:10; Иш 30:33) Топет (яки Тофет) Өртеу орны дегенді білдіреді. деген табыну орындарын салып, сол жерлерде ұлдары мен қыздарын жалған тәңірге арнап өртеп құрбан етті. Мұндайды Мен оларға бұйырған емеспін, ол тіпті ойыма да келген жоқ.#7:31 Сол жексұрын әдет Тауратта қатаң тыйым салынған еді (Леу 18:21; Заң 18:10). 32Сондықтан сақ болыңдар! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Ол жер енді Топет немесе Бен-Хенном аңғары деп емес, Қырғын аңғары деп аталатын уақыт келеді. Өйткені олар өліктерін бос орын қалмағанша сол жерге қоятын болады. 33Сонда осы халықтың мәйіттері жыртқыш құстар мен аңдарға жем болып, соларды үркітіп жіберетін ешкім болмайды.#7:33 34:20; Заң 28:25-26; Езк 39:4. 34Мен елді қаңыратып, Яһуданың қалалары мен Иерусалимнің көшелерінен қуаныш пен шаттықтың үнін, күйеу бала мен қалыңдықтың көңілді дауыстарын шықпайтын қыламын!#7:34 Леу 26:31,33.

Currently Selected:

Еремия 7: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Еремия 7