YouVersion Logo
Search Icon

Еремия 5

5
Халықтың шексіз әділетсіздігі
1— Иерусалимнің көшелерін олай да бұлай шарлап, жан-жаққа зер сала қарап, алаңдарынан да іздеңдер! Әділ іс істеп, шындықты ұстанушы бір адамды тапсаңдар, Мен бүкіл қаланы кешіремін.#5:1 Жар 18:32. 2Олар: «Мәңгі тірі Жаратқан Иенің атымен» деп ант еткеннің өзінде өтірік айтады.
3— Уа, Жаратқан Ие, Сен шыншылдықты талап етесің ғой! Сен оларға соққы берсең де, еш ауырсынбады, күйрете соққы берсең де, түзелуден бас тартты. Олар беттерін тастан бетер қатайтып қасарысып, күнәларына еш өкінбеді. 4Сонда мен: «Бұлар бар болғаны кедейлер ғана. Олар сауатсыз ғой, Жаратқан Иенің жолын, өздерінің Құдайының Таурат заңын білмейтін де шығар. 5Сондықтан мен атақтыларына барып, айтарымды соларға айтайын. Жаратқан Иенің жолы мен Құдайдың Таурат заңын бұлар сөзсіз біледі!» деп ойладым. Бірақ атақтылары да бәрі бірдей Жаратқан Иенің жүктеген міндеттерінен бас тартып, Оның қойған шектерін бұза берген.#5:5 Яки: Бірақ олар да бәрі бірігіп мойынтұрықты сындырып, бұғауларды үзіп тастаған (6:13; Езк 22:6-8,22-29; Мих 3:1-4,11; 7:3; Соф 3:3-5).
6Енді орманнан шыға келген арыстан оларға бас салып, құла түзде жүрген қасқыр оларды жалмайды. Қалаларының маңында қабылан торуылдап, сыртқа шыққан кез келген адамды жарып тастауға дайын. Себебі олар әбден бас көтеріп, сансыз рет Жаратқан Иеге опасыздық жасап келеді.
7«Мен сендерді қалай кешіре аламын? Балаларың Менен бас тартып, ешқандай да құдай емес тәңірсымақтардың атымен ант ететін болды. Мен оларды асырап жүрсем де, олар азғындыққа салынып, жеңіл жүрісті әйелдердің үйлеріне топырлап барады. 8Олар күйттеген, тойынған айғыр сияқты, бір-бірінің әйеліне кісіней қарайды. 9Оларды бұлары үшін жазаламай қоя берейін бе? — дейді Жаратқан Ие. — Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!»#5:9 5:29; 9:9; 44:22; Леу 26:25; Ош 2:13.
10(Халық сапасыз жүзімдік іспетті азып барады.) Жүзімдіктің соқпақтарын аралап жүріп, бұталарын құртыңдар, дегенмен толығымен қырып-жоймаңдар! Бұталардың сабақтарын жұлып тастаңдар, өйткені бұл адамдар Жаратқан Иенікі емес!
11«Солтүстік Исраил халқы мен Яһуда халқы Маған зұлым опасыздық жасады, — дейді Жаратқан Ие. 12Олар Жаратқан Ие туралы өтірік айтып: «Ол жоқ, ештеңе істемейді! Басымызға пәле түспейді, не соғыс, не ашаршылықты ешқашан көрмейміз! 13Пайғамбарлардың сөздері ескен желдей бос, Құдайдың хабарлары оларда жоқ. (Олар қоқан-лоқы жасап) айтқандары өз бастарына түссін!»#5:13 18:18; 20:10-11. деді».
14Сондықтан Әлемнің Әміршісі Құдай Ие маған былай деді: «Мына халықтың осындай сөздерді айтқандары үшін Мен сенің аузыңдағы сөздерімді от, ал халықты отын қыламын. Олар бұл оттан тұтанып лапылдап жанатын болады!»
15«Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, — дейді Жаратқан Ие, — Мен сендерге қарсы алыстан бір халықты аттандырып әкелемін. Ол ежелден келе жатқан қуатты халық.#5:15 Бабыл және халдей халқы сол заманнан екі мың жыл бұрын да болған еді (Жар 11:9,28). Оның тілін білмейсіңдер, айтып тұрғандарын түсінбейсіңдер. 16Олардың қорамсақтары ашық жатқан көрдей, ерлерінің бәрі де мықты. 17Сол жасақшылар өнімдеріңді жеп, азық-түліктеріңді тауысады, ұл-қыздарыңды да жалмап қояды. Олар сендердің табын-отарларыңды, жүзімдерің мен інжірлеріңді жалмап, сенім артып отырған бекіністі қалаларыңды жермен-жексен қылады. 18Бірақ тіпті сол кездері де Мен сендерді толығымен құртып жоқ қылмаймын», — деп уәде береді Жаратқан Ие.
19«Халқың: «Бұның бәрін Құдайымыз Жаратқан Ие бізге неге істеді екен?» деп сұрайтын болса, сен оларға: «Себебі сендер Одан бас тартып, осы елдеріңде бөтен тәңірлерге беріліп табынып кеткенсіңдер. Сол себепті енді өз елдерің емес жерде бөтен халықтың құлы боласыңдар!» деп жауап бересің».
20«Мына хабарды Жақыптың үрім-бұтағына жеткізіңдер, оны Яһуда елінде жар салыңдар: 21Тыңдаңдар мынаны, ақымақ та түйсіксіз халық: көздерің болса да көрмейсіңдер, құлақтарың болса да естімейсіңдер.#5:21 6:10; Иш 6:9-10; 42:18-20. 22Мені неге қастерлемейсіңдер? — дейді Жаратқан Ие. — Менің алдымда неге қорқып дірілдеп тұрмайсыңдар? Теңіздің шетін құм төбелермен шектеп көмкердім. Соларды теңіз ешқашан өте алмайтын шекара етіп қойдым. Толқындар қанша буырқанып, толқыса да, Мен белгілеп қойған шектерінен өте алмайды.
23Бірақ мына халықтың жүрегі қасарысқан әрі бүлікшіл, олар сырт айналып, безіп кетті. 24Халық шын жүректен өзара: «Құдай Иеміз бізге күзгі де, көктемгі де жаңбырларын мезгілінде жауғызады, жыл сайын белгілі мерзімде өнім сыйлайды, Оны терең қастерлейікші!» десіп келмейді. 25Өз әділетсіз істеріңе бола осы жақсылықтардан құр алақан қалдыңдар, өз күнәларың сендерді бұл игіліктерден шет қалдырды.
26Менің халқымның арасында құсқа тұзақ құрғандай адамдарды аңдып жататын залымдар бар. Олар тор құрып, адамдарды қолға түсіреді. 27Тордың құсқа толы болатынындай, олардың үйлері алдамшылыққа толы. Соның арқасында олар байып, беделге ие болды. 28Олар әбден шел жинап жып-жылтыр болып алды. Зұлым істерінде енді шек жоқ, жетімнің ісін әділдікпен шешпейді, жарлының мүддесін де қорғамайды. 29Осы халықты сол үшін жазаламай қоя берейін бе? Егер мұндай халыққа лайықтысын қайтармасам, соным дұрыс болар ма еді?!» — деп сұрайды Жаратқан Ие.
30«Елде мейлінше қорқынышты да жиренішті іс болып жатыр: 31Пайғамбарлар жалған сөйлеп, діни қызметкерлер өз беттерімен өктемдік жүргізеді. Бұл Менің халқыма тіптен ұнайды! Бірақ ақыр соңы жеткенде сендер не істемексіңдер?!»

Currently Selected:

Еремия 5: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in