Билер 20
20
Сұмдықты қолдаушы Бунямин руының жазалануы
1Сонда Дан мен Бер-Шебаның арасында жатқан бүкіл елден#20:1 18:29; Жар 21:31-33; Еш 19:2; Пат1 3:20. және оған қоса Ғилақад аймағынан#20:1 Еш 17:1; 22:9. Исраил халқы Миспаға#20:1 Пат1 7:5-6,16; 10:17. жиналып, барлығы бір адамдай#20:1 20:8,11; Пат1 11:7. Жаратқан Иенің алдында тұрды. 2Құдай халқының жиналысына бүкіл басшылар және Исраилдің барлық рулары — семсер асынған төрт жүз мың жаяу жасақшы қатысты. 3Сол кезде буняминдіктер де өзге исраилдіктердің Миспаға өрлеп барғаны туралы естіді, (бірақ өздері сол жерге бармай қойды). Жиналыста исраилдіктер:
— Айтып беріңдерші, осы сұмдық қалай болды? — деп сұрады.
4Сонда өлтірілген әйелдің күйеуі — леуілік адам жауап беріп былай деді:
— Буняминнің жеріндегі Гибея қаласына кәнизагым екеуіміз түнеуге тоқтаған едік. 5Бірақ Гибеяның азаматтары маған қарсы шығып, өлтірмек болып, біз жатқан үйді түнде қоршап алды. Олар кәнизагымды зорлап, ақыры өлтіріп тынды. 6Мен әйелдің мәйітін бөлшектеп, Исраилдің бүкіл мұралық жеріне таратып жібердім. Өйткені олар Исраилде масқара сұмдық істеді. 7Ал енді, уа, Исраил халқы, барлығыңыз бұл істі осы жерде қарап, ақыл-кеңестеріңізді айтыңыздар!
8Мұны естіп отырған халықтың бәрі бір адамдай орындарынан тұрып:
— Ешқайсымыз да қосымызға оралмаймыз, жоқ, ешқайсымыз да үйімізге қайтпаймыз! 9Қайта, жеребе тастап, Гибеяға қарсы аттанамыз! 10Сол жерге баратындарды азық-түлікпен қамтамасыз етуді барлық рулардың әрбір жүз адамынан онына, әрбір мың адамынан жүзіне, әрбір он мыңынан мыңына тапсырамыз! Содан жасақ Гибеяға жеткенде Исраилде жасаған сол сұмдығы үшін оны жазалайтын болады, — деп шешті.
11Осылайша бүкіл исраилдіктер сол қаланы жазалауға бір адамдай бірікті. 12Исраилдің рулары Бунямин руына жіберген елшілері арқылы: «Араларыңнан орын алған бұл не қылған сұмдық? 13Енді Гибеядағы сол сұмырайларды өлтіру үшін бізге ұстап беріңдер! Солай Исраилді бұл сұмдықтан тазартайық», — деген хабарды жіберді.
Бірақ Бунямин руының адамдары ағайынды исраилдіктердің айтқандарына құлақ асқан жоқ. 14Қайта, олар өздерінің барлық қалаларынан Гибеяға жиналып, исраилдіктермен соғысуға дайындалды. 15Сол күні буняминдіктер Гибея қаласының тұрғындарының таңдаулы жеті жүз жасақшысын қоспағанда, өздерінің басқа қалаларынан семсер асынып келгендерден жиырма алты мың адамды жинады. 16Олардың арасында жеті жүз таңдаулы адам солақай болатын. Бұлардың әрқайсысы сақпанмен атқан тасы тимей қоймайтын қас мергендер еді.
17Ал исраилдіктер болса, Бунямин руын есептемегенде төрт жүз мың семсер асынған адамды түгендеп санады. Олардың барлығы да тәжірибелі сарбаздар болатын. 18Исраилдіктер Бетелге#20:18 Немесе: (Шилодағы) Құдайдың (киелі) үйіне (18:31; 20:23,26-28; Рул 27:21; Еш 18:1); Бетел «Құдайдың үйі» дегенді білдіреді: Жар 28:17-19,22. өрлеп барып, сонда Құдайдан:
— Буняминдіктерге қарсы шайқасуға қай ру бірінші болып өрлеп барсын?#20:18 Сол заманда қалалар әдетте төбе бастарында салынатын. — деп сұрады. Жаратқан Ие оларға:
— Яһуда руы бірінші болып өрлеп барсын! — деп бұйырды.#20:18 1:1-2.
19Исраилдіктер таңертең тұрып, Гибеяның маңына барып, қостарын тікті. 20Содан Исраил сарбаздары Буняминге қарсы шайқасуға шығып, Гибеяның түбінде шеп құрып тұрды. 21Ал буняминдік жасақшылар Гибеядан аттанып келіп, сол күні жиырма екі мың исраилдік адамды баудай түсірді.
22Кейін исраилдіктер күш-қайратын жинап, бірінші күні шайқас болған жерде тағы да шеп құрып тұрды. 23Себебі олар Жаратқан Иенің алдына барып, сонда кешке дейін қайғырып жылап, Жаратқан Иеден былай деп сұраған еді:
— Ағайынымыз Бунямин руына қарсы қайтадан аттанып шайқасуға тиістіміз бе? — Жаратқан Ие:
— Оларға қарсы аттаныңдар! — деп жауап берген болатын.
24Содан исраилдіктер екінші рет буняминдіктерге таяп барды. 25Бунямин руының жасағы сол күні де Гибеядан оларға қарсы аттанып келіп, исраилдіктердің он сегіз мыңын жер жастандырды. Олардың бәрі де семсер асынған сарбаздар болатын.
26Сонда исраилдіктердің барлығы, бүкіл жасақ, Бетелге#20:26 20:18. қайта оралды да, Жаратқан Иенің алдында қайғырып жылап, сол күні кешке дейін ораза ұстады. Содан соң Жаратқан Иенің алдында түгелдей өртелетін және Онымен қарым-қатынастарына ризашылықтарын білдіретін құрбандықтарын ұсынды. 27Сол кездері Құдайдың Келісім сандығы Бетелде орналасқан еді. Һаронның немересі Елазар ұлы Пінехес#20:27 Рул 25:7; Еш 22:13; Пат1 4:3-4. оның алдында діни қызмет атқаратын. Сонда исраилдіктер Жаратқан Иеден:
28— Шынымен ағайынымыз Буняминнің адамдарымен тағы да шайқасқа шығуға тиістіміз бе, жоқ па? — деп ақыл сұрады. Жаратқан Ие:
— Аттаныңдар! Ертең мен оны сендердің қолдарыңа тапсырамын! — деп әмір берді.
29Содан исраилдіктер Гибея қаласын айналдыра тосқауыл құрды. 30Олар үшінші күні де буняминдіктерге қарсы өрлеп барып, бұрынғыдай Гибея қаласының маңында шеп құрып бекінді. 31Буняминдіктер олармен шайқасу үшін шығып, қала маңынан алшақтап кетті. Олар шабуыл жасап, бұрынғы кездегідей исраилдіктерге шығын келтіре бастады: Бетел мен Гибеяға баратын жолдардың үстінде және егістік жерінде болған шайқастарда олар отыз шақты адамды өлтірді.
32Буняминдіктер: «Оларды бұрынғыдай күйретіп жатырмыз!» — деп ойлады. Бірақ исраилдіктер: «Кері шегініп, оларды жолдарға қарай бастап әкетіп, қаладан біршама алыстатып жіберейік!» — деп келіскен еді.
33Олардың бәрі өз орындарынан кері шегініп, Бағал-Тамар деген жердің маңында шеп құрды. Сол сәтте тосқауылда жатқан исраилдік сарбаздар Гибеяның батысындағы өз орындарынан лап етіп шыға келді. 34Осылай бүкіл Исраилден жиналған он мың таңдаулы жасақшы Гибея қаласына бас салды. Шайқас аса қызу болды, ал буняминдік жасақшылар бастарына төнген қасіретті еш аңғармады. 35Жаратқан Ие Буняминді Исраилдің алдында ойсырата талқандап, исраилдіктер сол күні олардың жиырма бес мың бір жүз адамын құртты. Солардың бәрі семсер асынған сарбаздар еді. 36Сонда буняминдіктер өздерінің жеңілгендеріне көз жеткізді.
Ал шайқас басында исраилдіктер Гибеяның маңында тығылып жатқан тосқауыл топтарына сеніп, буняминдіктерден кері шегінген болатын. 37Тосқауыл топтары Гибеяға ентелеп кіріп, қаладағы адамдардың бәрін семсердің жүзімен қырып тастаған еді. 38Исраилдіктердің негізгі жасағы мен тосқауылда тығылып жатқандардың арасындағы келісім мынадай болатын: тосқауылдағылар қаланың үстінен түтінді будақтатқанда, соны көрген жасақшылар 39кері бұрылып, буняминдіктерге қарсы шайқасуға тиіс болды.
Бұған дейін буняминдіктер исраилдіктердің отыздайын өлтіргендіктен, «бұларды бұрынғыдай жеңіп жатырмыз» деп ойлаған еді.#20:39 20:31. 40Алайда қаланың үстінен түтін бағанадай будақтап көтеріле бастағанда, буняминдіктер арттарына қарап, бүкіл Гибея қаласының түгелдей өртеніп, жалыны аспанға көтеріліп жатқанын көрді. 41Сонда Исраилдің жасақшылары бұларға қарай бұрылды. Бастарына қасірет түскенін ұққан буняминдіктер сасқалақтап, 42елсіз далаға қарай қаша бастады. Бірақ олар енді шайқастан қашып құтыла алмады, өйткені басқа қалалардан шыға келген#20:42 Немесе: өйткені (өртеу үшін Гибея қаласына от қойып) шыққан. исраилдіктер оларды ортадан тықсырып қыра бастады.
43Исраилдіктер буняминдік сарбаздарды қоршап алып, еш тоқтаусыз соңдарынан өкшелеп, Гибеяның шығыс маңында қуып жетті. 44Сонда буняминдіктердің он сегіз мың адамы жер жастанды. Олардың бәрі мықты сарбаздар болатын. 45Қалғандары бұрылып, елсіз далаға, Риммон жартасына қарай қаша жөнелді. Алайда исраилдіктер олардың бес мыңына үлкен жол бойларында тап беріп, қырып-жойып, басқаларын Гидомға дейін қуып барып, сонда тағы екі мың буняминдіктің көзін құртты.
46Осылайша сол күні жиырма бес мың семсер асынған буняминдік адам өлім құшты. Олардың барлығы да мықты сарбаздар болатын. 47Ал алты жүз адам бұрылып, елсіз даладағы Риммон жартасына дейін қашып үлгеріп, сонда төрт ай бойы бас сауғалады. 48Сол кезде исраилдіктер буняминдіктердің жеріне бас салып, олардың қалаларынан тапқан адамдарын да, малдарын да түгелдей семсердің жүзімен қырып салды. Олар кездестірген қалаларының барлығына от қойып өртеп жіберді.#20:48 Заң 13:14-17.
Currently Selected:
Билер 20: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.