Билер 18
18
Дан руының өзіне белгіленген жерін тастап кетуі
1Сол заманда Исраилде әлі де патша жоқ болатын.#18:1 17:6; 19:1; 21:25. Дан руының адамдары сол кездері өздері қоныстанатын мұралық жер іздестіріп жүрді. Өйткені олар Исраил руларының арасында өздеріне белгіленген мұралық жерді иемденіп алмаған еді.#18:1 Дан руына белгіленген мұралық жер філістірлер үстемдік еткен өлкеде болып, дандықтар оны иемдене алмай қалған еді (Еш 19:40-48). 2Сондықтан дандықтар өз әулеттерінен бес мықты жігітті таңдап алып, оларды бір жерді барлап қайтуға Сора мен Ештағолдан жұмсап жіберді. Оларға: «Сол жерді барлап, жақсылап зерттеп келіңдер!» — деп тапсырды.
Бес барлаушы Ефремнің таулы аймағына барып, Миханың үйіне түсіп, сонда түнеп шықты. 3Олар Миханың үйіне жақындағанда леуілік жас жігіттің даусын естіп, сөйлеу мәнерінен (оның бөтен келімсек екенін) біліп қойған еді. Барлаушылар жолдан бұрылып, леуіліктің қасына барып:
— Сені бұл елге кім алып келді? Мұнда не істеп жүрсің? Неліктен мұндасың? — деп сұрады. 4Сонда леуілік оларға Миханың өзіне істегендері туралы айтып:
— Миха мені жалдап алды. Мен оның діни қызметкерімін, — деді. 5Барлаушылар:
— Біздің осы сапарымыз сәтті бола ма, жоқ па, соны Құдайдан сұрап біліп берші, — деп өтінді. 6Діни қызметкер оларға:
— Тыныштықпен жүре беріңдер! Жүретін жолдарыңа Жаратқан Ие оң көзімен қарайды, — деген жауап берді.
7Сол бес жігіт сапарларын жалғастырып, Лаишқа#18:7 (Еш 19:47) Осы қала атының Ләшем деген түрі де бар. жетті. Ондағы халықты бақылап, олардың сол қалада сидондықтар іспетті аман-есен тұрып, тыныш та бейқам өмір сүріп жатқандарын көрді. Оның үстіне олар сидондықтардан алыс қоныстанып, ешкіммен де қарым-қатынас жасамайтын.#18:7 Немесе: арамалықтармен (сириялықтармен) де келісім жасамайтын.
8Барлаушы жігіттер Сора мен Ештағолдағы руластарына қайтып оралғанда, бұлар:
— Не көріп-біліп келдіңдер? — деп сұрады. 9Жігіттер былай деп жауап берді:
— Жиналыңдар, оларға қарсы аттанып, тап берейік! Біз әлгі өлкені барлап шығып, оның өте жақсы екенін көрдік! Осылай отыра бересіңдер ме? Сол жаққа барып, оны иемденуден жалтармаңдар! 10Сонда жеткенде сендер ұлан-ғайыр аймақта тұрып жатқан бейқам халықты көресіңдер. Құдай аймақты қолымызға түсіріп отыр! Сол өңірде жер бетіндегі игілікті атаулының бәрі де бар! — деді.
11Осылай Дан руының қаруланған алты жүз адамы Сора мен Ештағолдан аттанып, 12Яһудадағы Кирият-Иғарымның маңына қостарын тігіп түнеді. Кирият-Иғарымның батысында орналасқан сол орынның осы күнге дейін Махане-Дан «Данның тұрағы» деп аталуы да осы себепті. 13Дандық жасақ тоқтаған жерінен шығып, Ефремнің таулы аймағынан өтіп бара жатқанда Миханың үйіне таяп қалған еді.
Дан руының жалған тәңірлерге табынып кетуі
14Бұрын Лаиштың жерін барлап қайтқан бес жігіт руластарына: «Мына үйлердің біреуінде (діни қызметкер киетін) жеңсіз сырт киім, шағын тәңір мүсіндері, ағаштан ойылған және күмістен құйылған тәңір мүсіндері бар екенін білесіңдер ме? Енді не істеу қажет екенін ойластырып көріңдер», — деді. 15Олар сол жаққа бұрылып, Миханың үйінің жанындағы жас леуіліктің үйіне келіп, онымен амандасты. 16Қару-жарақ асынған алты жүз дандық қақпаның кіреберісінде тұрды. 17Елді барлап қайтқан бес адам ішке кіріп, ағаштан ойылған мүсінді, жеңсіз сырт киімді, шағын тәңір мүсіндерін және күмістен құйылған мүсінді алып шықты. Сол кезде діни қызметкер алты жүз жасақшымен бірге қақпаның кіреберісінде тұрды.
18Әлгі адамдардың Миханың киелі үйіне кіріп, сол мүсіндерді және жеңсіз сырт киімді алып шыққандарын көргенде, діни қызметкер:
— Оу, бұл не қылғандарың? — дей беріп еді, 19олар:
— Тыныштал! Аузыңды жап та, бірге жүр! Бізге ақыл-кеңесші#18:19 17:10. және діни қызметкер бол! Тек бір ғана адамның діни қызметкері болған артық па, әлде Исраилдің түгел бір үрім-бұтағының, бір руының діни қызметкері болған артық па? — деп жауап қайырды.
20Діни қызметкер қуанып кетті. Ол жеңсіз сырт киімді, шағын тәңір мүсіндерін және ағаштан ойылып, күміспен қапталған тәңір мүсінін алып, жасақтың арасында олармен бірге жолға шықты. 21Дандықтар өздерінің бала-шаға, мал-мүлкін алдарына түсіріп, сапарларын жалғастырды.
22Олар сол жерден біраз ұзап кеткенде, Михамен көршілес тұрған адамдар жиналып, Михаға ілесіп бұлардың арттарынан қуып жетті. 23Олар дандықтарға айқай салғанда, бұлар арттарына бұрылып Михаға:
— Саған не болып қалды, адам жинап, артымыздан қуып шығатындай? — деп дүрсе қоя берді. 24Миха оларға жауап қайырып:
— Менің жасап алған тәңір мүсіндерімді әрі діни қызметкерді алып кетіп қалдыңдар. Енді менің өзіме не қалды? Сонда менен қалайша «Саған не болды?» деп сұрайсыңдар? — деді. 25Бірақ дандықтар:
— Енді дыбысыңды шығарма! Әйтпесе арамыздағы қызба жігіттер бас салып, өзің де, әулетің де өмірлеріңмен қош айтысасыңдар, — деп, 26әрі қарай кете берді. Олардың өзінен тым басым екенін ұққан Миха кері бұрылып, үйіне қайтып кетті.
Дан руының Лаишқа қоныстануы
27Осылай Миханың жасап алған тәңір мүсіндерін тартып алып, оның діни қызметкерін өздеріне ілестіріп алған дандықтар ақырында Лаишқа жетті. Оның тыныш та бейқам тұрып жатқан халқына семсерлерімен тап беріп, қаланы өртеп жіберді. 28Лаиштықтарды құтқаратын ешкім болмады. Себебі Сидоннан алыс қоныстанған олар басқа да ешкіммен қарым-қатынас жасамайтын.#18:28 18:7. Қала Бет-Рехоб өңіріндегі аңғарда орналасқан болатын. Дандықтар оны қайтадан салып, соған қоныстанып алды. 29Олар қалаға өздерінің түп аталары Исраил#18:29 Яғни Жақып (Жар 32:28). ұлы Данның құрметіне Дан деген ат қойды. Қаланың бұрынғы аты Лаиш болатын.
30Дандықтар өздеріне жалған тәңір мүсіндерін орнатып алды. Мұса ұлы#18:30 Немесе: Манаса ұлы. Гершомнан тараған Жонатан дандықтардың діни қызметкері болды. Халық жер аударылғанға дейін Жонатанның ұрпақтары Дан руының діни қызметкерлері болды. 31Құдайдың киелі шатыры Шилода тұрған кездің бәрінде#18:31 Еш 18:1; Пат1 1:3. дандықтар Миханың ойдырып жасатқан тәңір мүсініне#18:31 17:4. табынуларын жалғастыра берді.
Currently Selected:
Билер 18: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.