YouVersion Logo
Search Icon

Билер 1

1
Яһуда руының үлесіне тиген жерін иемдене бастауы
1Ешуа қайтыс болғаннан кейін#1:1 2:8; Еш 24:29-30. исраилдіктер Жаратқан Иеден:
— Қанахандықтарға қарсы қайсымыздың бірінші болып өрлеп барып, шабуыл жасағанымызды қалайсың? — деп сұрады. 2Жаратқан Ие:
— Яһуда руы өрлеп барсын! Мен елді оның қолына тапсырып отырмын, — деп жауап берді.
3Яһуда ағайынды Шимон руына:
— Үлесімізге тиген жерге бірге өрлеп барып, қанахандықтармен бірігіп соғысайық. Сонда біз де сендермен бірге үлестеріңе тиген жерге барамыз, — деп ұсынды. Шимондықтар мұнымен келісіп, яһудилермен бірге аттанды.
4Яһудилер өрлеп барғанда, Жаратқан Ие қанахандықтар мен перездіктерді олардың қолына тапсырды. Олар Безек қаласының маңында жаудың он мың адамына шабуыл жасап, күйрете соққы берді. 5Безекте олар Адони-Безек есімді патшаға тап болып, онымен шайқасты. Сонда қанахандықтар мен перездіктер ойсырай жеңілді. 6Адони-Безек қашып кетті, бірақ яһудилер оны қуып жетіп, қолға түсіріп, оның қол-аяғындағы бас бармақтары мен үлкен бақайларын кесіп тастады.
7Адони-Безек: «Аяқ-қолдарының бас бармақтары мен үлкен бақайларын өзім кестірген жетпіс патша дастарқанымның астынан тамағымның қиқымын теріп жеп күндерін көретін еді. Енді Құдай істегендерімнің есесін өзіме қайтарып отыр»,#1:7 Мыс 21:23; Леу 24:19-21. — деп мойындады.
Кейін яһудилер Адони-Безекті Иерусалимге#1:7 Еш 10:1,5-7,23-26. алып барып, ол сол қалада қайтыс болды. 8Себебі яһуданың жасақшылары Иерусалим қаласына да шабуыл жасап, оны басып алды. Оның тұрғындарын семсердің жүзімен қырып-жойып, қаланың өзін өртеп жіберді.#1:8 Алайда олар сол кезде қаланың Ебус атты қорғанын иемдене алмады (1:21; Пат2 5:6-10).
9Бұдан кейін яһудилер қыратты аймақты, оңтүстіктегі Негев атты иен даланы және батыстағы төменгі қыраттарды мекендейтін қанахандықтармен соғысуға аттанды. 10Олар Хебронда тұратын қанахандықтармен де шайқасып, Шешай, Ахиман және Талмайды жеңді.#1:10 Бұлар аса алып жауынгерлер болатын (1:20; Еш 15:15-19). Хебронның бұрынғы аты Кирият-Арба болатын.#1:10 Еш 15:13.
Отниелдің Дебирді иемденуі және Ахсаның бұйымтайы
11Сол жақтан олар Дебир қаласының тұрғындарына қарсы аттанды. Дебир бұрынырақ Кирият-Сефер деп аталатын. 12Халеп: «Кирият-Сеферге шабуыл жасап, оны басып алған адамға мен өз қызым Ахсаны қосамын», — деп уәде етті. 13Халептің інісі Кеназдың ұлы Отниел қаланы басып алды. Содан Халеп Отниелге қызы Ахсаны қосты.#1:13 3:9; Еш 15:16-17.
14Оған ұзатылар кезінде Ахса (Отниелді қайын) атасынан егістік жер сұрап алуға көндірді. Мұнан кейін Ахса келіп, есегінен түсіп жатқанда, Халеп одан:
— Ал сенің қандай бұйымтайың бар? — деп сұрады. 15Ахса:
— Маған бір айрықша жақсылық жасай көріңізші, әкетайым. Оңтүстіктегі сусыз даланы сыйлап отырсыз. Енді оған қоса су көздерін де берсеңіз екен, — деп жауап берді. Сонда Халеп Ахсаға Жоғарғы және Төменгі деп аталатын су көздерін атады.
Яһуда руының өзге жеңістері
16Яһуда руы және Мұсаның кендік қайын атасының ұрпақтары#1:16 4:11; Мыс 2:21. «Құрма ағаштарының қаласы» Иерихоннан#1:16 3:13; Заң 34:3. шығып, Арад қаласының оңтүстігінде жатқан Яһуданың елсіз даласына көшті де, сондағы халықтың арасына қоныстанды.
17Яһудилер ағайындары шимондықтармен бірге аттанып, Сефаттағы қанахандықтарға шабуыл жасап, қаланы толығымен жойылуға бағыштады. Мұнан кейін қаланың аты Хорма (демек, Бағышталған) деп аталып кетті. 18Яһудилер Газа, Ашқалон, Әкрон қалаларын да төңірегіндегі жерлерімен қоса басып алды.
19Жаратқан Ие Яһуда руына жар болып, олар елдің таулы аймағын да иемденді. Бірақ олар темір соғыс күймелері бар алқаптардың тұрғындарын қуып шыға алмады. 20Мұса айтып кеткендей, Хеброн қаласы Халепке берілді.#1:20 Рул 14:24; Еш 14:9-14; 15:13-14. Ол сол қаладан Анақтың үш алып ұрпағын қуып шықты.
Үлестірілген жерлерін толық иемденбеген рулар
21Бунямин руы Иерусалим қаласын мекендеген ебустіктерді қуып шығармады. Ебустіктер осы күнге дейін Иерусалим қаласында буняминдіктермен бірге тұрып келеді.#1:21 Ебус Бунямин мен Яһуда руларының арасындағы шекарада орналасқан еді (19:10; Еш 15:63; 18:21,28).
22Жүсіптің (Ефрем, Манаса есімді екі ұлынан тараған) ұрпақтары Бетелге қарсы аттанып өрлеп барғанда, Жаратқан Ие оларға жар болды. 23Бұрын Бетел Лұз деп аталатын. Олар Бетел қаласын#1:23 Жар 28:19; 35:6; 48:3. барлауға адамдарын жіберді. 24Барлаушылар қаладан шығып келе жатқан бір адамды кездестіріп, оған: «Бізге қалаға кіретін жолды көрсете көрші, кейін біз саған мейірім көрсетеміз», — деді. 25Әлгі кісі оларға жолды көрсетті. Жүсіптің ұрпақтары қалаға кіріп, оның бүкіл халқын семсердің жүзімен қырып тастады. Ал жол көрсеткен адамды және оның бүкіл отбасын аман-есен жібере салды.#1:25 Еш 6:25. 26Сол адам хеттіктердің еліне барып, сол жерде қала салып, оны Лұз деп атады. Қала күні бүгінге дейін осылай аталып келеді.
27Бірақ Манаса руы Бет-Шан, Тағанах, Дор, Ибелам, Мегидо қалалары мен оларға қарасты елді мекендердің тұрғындарын қуып шығармай, қанахандықтар сол аймақта тұра беруге бел байлады. 28Исраил халқы кейін күшейген кездерінде қанахандықтарды басыбайлы қызметші етіп жұмыс істетіп қойды, бірақ оларды толықтай қуып шыққан жоқ.
29Сол сияқты Ефрем руы да Гәзерде тұрып жатқан қанахандықтарды қуып шығармай, қанахандықтар Гәзерде олардың арасында тұра берді. 30Забулон руы да Қитрон мен Нахалолдың тұрғындарын қуып шығармады. Қанахандықтар олардың арасында тұра берді, бірақ басыбайлы қызметші болып оларға жұмыс істеді.
31Ашир руы Акко, Сидон, Ахлап, Ахзиб, Хелба, Әфек және Рехоб атты қалалардың тұрғындарын қуып шығарған жоқ. 32Қайта, аширліктер осы аймақты мекендеген қанахандықтардың арасында тұрды.
33Нафталим руы Бет-Шәміш пен Бет-Анаттың тұрғындарын қуып шығармай, өздері сол жерді мекендеген қанахандықтардың арасында тұрды. Бірақ Бет-Шәміш пен Бет-Анаттың тұрғындары Нафталим руына басыбайлы қызметші болып жұмыс істеді.
34Аморлықтар Дан руын таулы аймаққа тықсырып тастап, алқаптарға түсулеріне жол бермеді.#1:34 18:1; Еш 19:40-48. 35Аморлықтардың өздері Херес тауы, Аялон, Шағалбим атты қалаларда тұра беруге бел байлады. Бірақ Жүсіптің ұрпақтары кейін күшейген кездерінде оларды басыбайлы қызметші етіп жұмыс істетіп қойды. 36Аморлықтардың шекарасы Шаяндар асуынан басталып, Селаға дейін және одан әрі қарай кете берді.#1:36 Шаяндар: яки Ақрабим (Рул 34:4; Еш 15:3). Села: Пат4 14:7; Иш 16:1; 42:11.

Currently Selected:

Билер 1: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in

Video for Билер 1