YouVersion Logo
Search Icon

Ишая 9

9
Дәуіттің Ұрпағының ізгілікті патшалығы туралы уәде
1Забулон мен Нафталимнің отанын
Иеміз бұрыннан масқараға ұшыратқан.#9:1 Ассур патшасы Тиғлат-Пеләсер ІІІ (б.з.д. 734 және 732 жж.) солтүстік Исраилдегі осы екі рудың жерін басып алып, елдің өзге бөлігінен бұрын өз отарына айналдырып, басқа ұлт адамдарын сонда қоныстандырған еді (Пат4 15:29).
Ал болашақта осы бір аймақты —
Теңізге баратын жол бойындағы
Әрі Иорданның батыс жағындағы
Бөтен ұлттар тұрған Ғалилея аймағы
Зор абыройға бөлейтін болады!
2Халық қараңғыда ғұмыр кешіп келеді,
Ал енді бір ғаламат Нұрды көреді,
Түнек басқан жерде#9:2 Яки: өлім көлеңкесінде. Немесе: үмітсіздік жайлаған жерде. тұратын елге
Таңның шапағы сәулесін төгуде!
3Уа, Ием, Сен санын көбейтіп халқыңның,
Оған үлкен қуаныш та сыйлайсың.
Адамдар өнім жинау маусымында,
Не жау олжасын бөлісіп алғанда
Қатты қуанатындары сияқты,
Халқың шаттанады Сенің алдыңда.
4Себебі Сен өз ата-бабаларын
Ежелде Мадиянның зорлығынан
Шексіз құдіретіңмен құтқарғансың!#9:4 Құдай сол кезде Исраилдің Гедеон батыры мен үш жүз-ақ жасақшыларына Мадиянның сансыз көп жауынгерлерінің үстінен жеңіс сыйлады (10:26; Бил 7:16-22).
Енді тағы да меншікті халқыңның
Еңсесін басқан езгіні құртасың,
Арқасын ұрып-соққан жау сойылын,
Қатал қанаушының асатаяғын
Біржола сындырып, жойып тастайсың!
5Әскердің жер таптаған етіктері
Әрі қанға малынған киімдері
Енді өртелуге белгіленеді,
Бәрі де отқа жем болып кетеді.
6Себебі Сәби дүниеге келді,
Біз үшін осы Ұл сыйға берілді!
Билік Оның қолында қала береді:#9:6 Яки: Билік Оның мойнында қала береді! (22:21-22; Жыр 2:6-12; 109:1-3).
Ол «керемет ақылды Кеңесші,#9:6 Яки: керемет (таңғажайып) ақылды шешімдер қабылдаушы Көсем.
Құдіретті Құдай, Мәңгілік Әке,
Тыныштықты#9:6 Яки: Тыныштық пен амандықты. сыйлайтын Әмірші»
Деп те аталатын болады.
7Оның құрған билігі арта түсіп,
Орнатқан тыныштығы шексіз болады,
Өзі Дәуіттің тағына отырып,#9:7 11:1.
Мәңгі патшалығын сол кезден бастайды,
Әділдікпен нығайтып, жалғастырып,
Ақиқатты да ұстанатын болады.
Барлық қайрат-жігерімен#9:7 (37:32; 59:17) Немесе: (Өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігі әрі) қызғанышымен. бұларды
Әлемнің Иесі іске асырады!
Жауыз да асқақ Солтүстік Исраилдің жазалануы
8-9Жасаған Ие Жақыптың үрім-бұтағына үкім шығарды, әрі бұл шешімін олардың арасында жүзеге асырады. Солтүстік Исраилдің#9:8-9 Яки: Ефремнің (7:2). бүкіл халқы, Самария қаласының әрбір тұрғыны мұны ұғынатын болады. Олар өркөкіректеніп, менменсіп: 10«Саман үйлеріміз құлады, бірақ біз қашалған тастан қалап мықтылап қайтадан үй саламыз! Тұт ағаштарымыз кесіліп тасталды, бірақ орнына әлдеқайда құнды балқарағайлар отырғызамыз!» — деп, қиқарлық көрсетіп келді.
11Алайда Жаратқан Ие Ресин патшаның жауларын күшейтіп, Солтүстік Исраилге қарсы 12шығыстан Араманы, батыстан філістірлерді аттандырды.#9:12 Яки: шығыстан арамалықтарды, батыстан філістірлерді арандатты (Амо 1:3,6; Шеж2 28:5,18,20). Олар Исраилді жалмап қоюға құнығып, ауыздарын арандай ашты.
Соның өзінде Жаратқан Иенің қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!
13Алайда осы халық өзін жазалаған Әлемнің Иесіне қайтадан бет бұрып, Оның еркін білуге ұмтылған жоқ. 14Сол себепті бір-ақ күн ішінде Жаратқан Ие Исраилдің басы мен құйрығын, оның үлкенді-кішілі барлығын#9:14 Немесе: оның (жоғарыдағы) құрма бұтақтары мен (төмендегі) қамысын (19:15). да шауып тастайды: 15рубасылар мен атақтылар — елдің басы, ал құйрығы — жалған тәлім беруші көріпкелдер. 16Бұл халықты өз жетекшілері адастырады. Соларға еріп жүргендер теріс жолға азғырылады.#9:16 Немесе: құрдымға кетіп, тозаққа түседі. 17Сондықтан Жасаған Ие осы халықтың жас жігіттерін аямайды, жетім-жесірлеріне де жаны ашымайды. Себебі бәрі де арсыз зұлымдар, ауыздарынан шыққан сөздері өтірік!
Алайда Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!
18Расында адамдардың әділетсіздігі от іспетті лаулап жанып, тікенді бұталарды әрі жантақ, ошағанды жалмап, ну орманды да өртеп жібереді. Түтін бағаналары зәулім биікке дейін көтеріледі. 19Әлемнің Иесінің лаулаған қаһарынан жер өртеніп, халық отқа жем болады. Сонда адамдар жақындарын да аямай, әркім өз қара басын ғана қорғайды. 20Олар оңды-солды тапқандарын жалмап жеп жатса да, көрген аштығының беті қайтпайды. Адам тіпті өз қандастарын да жалмап,#9:20 Немесе: Адамдар тіпті өз қолының етін жеуге дейін аштық көріп. 21Манаса Ефреммен, Ефрем Манасамен соғысып,#9:21 Яки: Ефрем мен Манаса өзара соғысып. (Екеуі де Жүсіптің ұлдарынан тараған ағайынды рулар: Жар 41:50-52; 48:8-16.) содан екеуі бірігіп Яһудаға шабуыл жасайды.
Соның өзінде Жаратушының қаһары әлі де басылған жоқ, Оның құдіретті қолы жазалау үшін көтеріліп тұр!

Currently Selected:

Ишая 9: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in