Ишая 49
49
Құдайдың Қызметшісі — барлық халықтар үшін жарық Нұр
1Аралдар мен теңіз жағалауларындағы елдер, алыстағы халықтар, сөзіме құлақ түріп, тыңдаңдар: мені ана құрсағынан-ақ Жаратқан Ие тағайындады, есімімді туған кезімнен-ақ есінде сақтады. 2Ол сөзімді#49:2 Немесе: аузымды (11:4; Жыр 44:4-6; Ош 6:5). семсердей өткір етті. Мені қолының саясында қорғап үшкірленген жебеге ұқсас қылып «қорамсағында» сақтап келеді. 3Жаратқан Ие маған мынаны айтқан еді:
— Исраил, сен Менің Қызметшімсің.#49:3 Бұл жерде Исраил халқының таңдаулы өкілі, Құдай уәде еткен Құтқарушы Патшасы (Мәсіх) туралы сөз болып тұр (42:1-9; 49:1-13; 50:4-11; 52:13-53:12). Өзіңде#49:3 (40:5; 44:22-23; 52:10) Яки: Өзің арқылы. салтанатты ұлылығымды ашық көрсетемін.
4Ал мен былай деп жауап бердім:
— Бүкіл еңбегімді зая еттім, құр бекерге күшімді жұмсадым! — Бірақ Жаратқан Ие мені ақтайды,#49:4 Яки: Жаратқан Ие құқығымды (мүддемді) қорғайды. Құдайым еңбегімнің әділ бағасын сақтайды.
5Ал енді Жаратқан Ие сөйлейді. Ол мені анамның құрсағында қалыптастырып,#49:5 49:1; Жыр 138:13. Өзінің қызметшісі болуға дайындаған еді. Маған Жақыптың үрім-бұтағын, Исраил халқын, Өзінің қасына қайтарып жинауды тапсырды. Өйткені Жаратқан Иенің алдында қадірлімін, Құдайым маған күш-қуат сыйлайды.
6Жаратқан Ие мынаны да айтады: «Сен Менің Қызметшімсің, Жақыптың шашыраған руларын қайтадан біріктіресің. Сен тек Исраил халқынан аман сақтап қалғандарымды#49:6 11:12. ғана Өзіме қайтарып қоймайсың. Сені басқа ұлттар үшін де жарық Нұр болуға белгіледім! Сонда жердің түкпір-түкпіріндегі адамдарға Мен дайындаған құтқарылу жолын жария етесің!»#49:6 Яки: Мен дайындаған құтқарылуды жеткізесің (11:10; 42:6).
7Құдайдың Қызметшісі адамдардан қорлық көріп, халыққа#49:7 Немесе: басқа ұлттарға. жексұрын болып, билеушілердің құлына айналған еді. Ал Исраилді құтқарушы#49:7 Яки: Исраилді туысқан қамқоршыдай (құнын төлеп) құтқарушы (41:14; 48:17). Киелі Құдай — Жаратқан Ие оған тіл қатып былай дейді: «Сені көрген патшалар алдыңда тік тұрады, әміршілер де саған бас иетін болады. Себебі Мен — Исраил сиынған Киелі Құдай, сөзіне адал Жаратқан Ие, сені таңдап алдым!»
Исраил халқының өз еліне қайта оралуы
8Жаратқан Ие тағы мынаны айтады: «Мен мейірім көрсететін кезімде саған жауап беремін, халқымды құтқаратын күнім келгенде сені қолдап-қорғап жүремін.#49:8 Құдайдың бұл уәдесі Оның ежелде Исраилге бұйырған «Мерекелі жыл» салтына байланысты. Әр 49 жыл сайын исраилдіктер үлкен той тойлап, өздеріне бағынышты ұлттастарына бас бостандығын беріп, мұралық жер үлестерін қайтаруға тиісті еді. (Түсіндірмедегі «Мерекелі жылды» қараңыз). Енді Құдай жер аударылып, құлдыққа түскен халқына бас бостандығы мен мұралық жерін қайтарып бермекші. Өзіңді халқым үшін Келісімімнің кепілі етіп белгілеймін. Осылай Мен мына уәдемді бекітемін: ойран болған Исраилдің жерін қалпына келтіріп, оны халқыма қайтадан үлестіріп беремін.
9Сен арқылы қараңғыдағы тұтқындарды «Сыртқа шығып, көрініңдер!» деп шақырып, босатамын. Олар бағып, қамқорлайтын отарым іспетті жол бойында тамақтанатын болады, тіпті құнарсыз қыраттардан да жайылым табады. 10Енді қайтып олар аштық пен шөлді білмейді, күннің аптап ыстығы да күйдірмейді». Себебі халқының жанашыры Жасаған Ие оларды жетелеп, су көздеріне бастап алып жүреді. 11«Мен бүкіл тауларымды жолға айналдырып, даңғыл жолдарымды биіктетіп саламын.#49:11 (11:16; 35:8-9; 40:3-4; 57:14; 62:10) Жол биікте болғандықтан анық көрініп, жолаушылар адаспайды, әрі жыртқыш аңдардың шабуылынан сақтана алады.
12Міне, бұлар алыстан, көбі солтүстік пен батыстан, басқалары Асуан#49:12 Асуан (яки Сиен): Сол заманда көптеген яһудилер қоныстанған Мысырдың оңтүстігіндегі қала мен аймақ. Немесе: Синим. аймағынан келе жатыр!
13Ей, аспан, шаттана шырқап, жер де, қатты қуанып, тау-төбелер де, шуылдап мақтау айтыңдар! Жаратқан Ие өз халқын жұбатып, азап шеккендеріне жаны ашып мейірім танытады.
14Ал Сионның халқы#49:14 Яғни Иерусалим қаласының халқы. былай деген еді:
— Құдайым мені ұмытып, тастап кетті! — (Жасаған Иенің жауабы мынау:)
15— Әлде әйел өз сәбиін ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлын аямай ма?! Анасы ұмытып кеткен күнде де Мен сені ешқашан ұмытпаймын, Иерусалим! 16Есіміңді алақаныма ойып жазып алдым, қамалдарың әрдайым көз алдымда!
17Сені қайтадан салуға келе жатқан халқың өзіңе жетуге асығуда, ал сені қырып-жойып, талқандаған қарсыластарың қасыңнан кетуге мәжбүр болуда! 18Айналаңа көз жүгіртіп қарашы: бүкіл балаларың#49:18 Яки: тұрғындарың. жиналуда! — Мәңгі тірі Жаратқан Ие ант етіп былай деп уәде береді: — Сен осы адамдардың бәрін әшекей етіп таққандай өзіңе қабылдайтын боласың. Олармен қалыңдықтай сәнденіп, көркейіп салтанатқа бөленесің. 19Ойрандалып, қаңырап бос қалған орындарың енді ағылып келген тұрғындарыңның көптігінен тар болады. Ал сені қанап, жалмап келген дұшпандарың қасыңнан алшақ кетеді.
20Халқыңның жер аударылған кезеңде шетелде туған ұрпақтары қайтып келіп, сенен: «Бұл орын бізге тұруға тым тар. Кеңірек жер берсеңіз екен!» деп өтінетін болады.
21Сол кезде сен іштей былай дейсің: «Бұларды мен үшін туған кім? Мен құрсақ көтеріп, балалы болған емеспін. Халқым жер аударылып, қуылған еді.#49:21 5:13; 27:10; Жоқт 1:1. Сонда бұлардың бәрін кім өсірді екен?! Мен жападан-жалғыз болғанда бұлар қайдан шықты?!»
22Ал Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады: «Мен қолымды созып, туымды жоғары көтергендей барлық халықтарға белгі беремін. Олар ұлдарыңды кеуделеріне басып, қыздарыңды да иықтарына отырғызып, көтеріп алып келетін болады. 23Сонда патшалар кіндік әкелерің болып, ханымдары күтуші әйелдеріңе айналады. Олар саған жерге дейін иіліп тағзым етіп, аяғыңа жабысқан шаңды сүртіп құлдық ұрады. Осылай сен Менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың. Маған үміт артқандар ұятқа қалмайды!»
24— Күшті жаудың қолынан олжасын тартып алып, жеңімпаздың тұтқындарын босату мүмкін бе?! — (деп күдіктенесің.) 25Бірақ Жаратқан Ие мынаны айтады:
— Күшті жаудың тұтқындары тартылып алынып, жеңімпаздың олжасы қайтып алынады! Сенімен арпалысып келген жауыңмен Өзім алысып, адамдарыңды босатамын! 26Сені езіп-жаншығандар сол кезде өз тәндерін жейтін болады. Олар төгілген өз қандарына тәтті шарап ішкендей мас болады. Осылай бар адамзат Менің Жақып сиынған құдіретті Жаратқан Ие екенімді білетін болады: Мен сенің Құтқарушыңмын, сені азат ететін Қамқоршыңмын».#49:26 41:14.
Currently Selected:
Ишая 49: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.