Ишая 3
3
Яһуда мен Иерусалимге шығарылған үкім
1Сондықтан біліп алыңдар, енді Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие Иерусалим мен Яһуда елін барлық сүйеніштерінен ада етеді: олардың ас-су қорларын жоқ қылып, 2батырлары мен жауынгерлерін, төрешілері мен пайғамбарларын, сәуегейлері мен рубасыларын, 3елубасылары мен лауазымдыларын, кеңесшілері мен шебер ұсталарын және білгір бақсыларын#3:3 Яки: және алдап-арбаушыларын. да халық арасынан алып кетеді.
4(Жаратқан Ие былай дейді:) «Бұл елді жас балаларға басқартамын, жүгенсіз жасөспірімдерді билеушілері етіп қоямын. 5Бұдан былай адамдар бір-бірін қанап, әркім өз жақын-жарандарына қысымшылық жасайды. Жастар паңданып үлкендерге қарсы шығады, қадірсіздер менменсіп беделділерді сыйламайды.
6Сол кезде адамдар ағайындарының біреуіне жармасып: «Үстіңде киімің бар ғой. Біздің басшымыз болып, қираған осы жерді қол астыңа алып, қалпына келтіре гөр!» деп жалынатын болады. 7Бірақ ол кісі қарсы шығып: «Халықтың қасіретін емдеп жазатындай құдіретім жоқ! Жеуге тамақ, киюге киім өз үй ішіме де жетіспейді! Мені басшыларың қыла көрмеңдер!» деп бас тартпақ.
8Иерусалим қаласы осылай шайқалып, Яһуда елі осылай құлайды! Себебі олар сөздерімен де, істерімен де Жаратқан Иеге қарсы шығып, Оның көз алдында салтанатты ұлылығын менсінбей келеді. 9Бұлардың бет-әлпеттері өздерін әшкерелейді.#3:9 Немесе: Олар адамдардың бет-әлпеттеріне қарайды (біреулерге жағымпазданып, басқаларды менсінбейді). Олар ежелгі Содом халқы сияқты ашықтан-ашық күнә жасап,#3:9 1:9. соларын мақтан да етеді. Өз бастарына өздері пәле тілеген олар қасіретке қалады!
10Ал әділ жандарға мына ізгі хабарды жеткізіңдер: олар еңбектерінің жемісін жеп, игіліктерін көреді. 11Бірақ зұлымдар қасіретке қалады! Істеген жамандықтары өз бастарына түседі.
12Балалар#3:12 Немесе: Бала іспетті әрекет ететіндер. халқыма зорлық-зомбылық жасап, әйелдер оған билік жүргізеді. Ей, халқым менің, жетекшілерің сендерді адастырып, теріс жолға түсіруде!»
13Жаратқан Ие халықтарды соттауға дайын тұр. 14Сонда Жаратқан Ие таңдап алған халқының рубасылары мен әміршілеріне айыптарын атап көрсетеді: «Сендер Менің жүзімдігімді ойрандадыңдар!#3:14 (5:7) Яғни Менің таңдап алған халқымды қырып-жойдыңдар! Өз сарайларыңды бейшаралардан тонап алған дүние-мүлікпен толтырдыңдар. 15Менің халқыма қысымшылық жасап, кедейлерді езіп-жаншығандарың не?!» — деп нық айтады Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие.
Иерусалимнің қыз-келіншектеріне ескерту
16Жаратқан Ие тағы былай дейді: «Сион шаһарының қыз-келіншектері қандай менмен! Олар бастарын қақшитып, көздерін қылмыңдатып жүреді, қадамдарын кербездене басып, аяқтарындағы сылдырмақтарын сыңғыр-сыңғыр еткізеді». 17Содан Жасаған Ие Сионның қыз-келіншектерін жазалайды: Жаратқан Ие олардың бастарына жара қаптатып, таз қылады.
18Сол күні Жасаған Ие Иерусалимнің әйелдерін өздерінің мақтан тұтатын әшекейлерінен де айырады: аяқ сылдырмақтары мен шашбауларын, айшықты алқаларын, 19-22сырға-білезіктерін және бет перделерін, әдемі баскиімдері мен аяқ білезіктерін, белбеулері мен әтірлі құтыларын, бой тұмарларын, жүзіктерін#3:19-22 Немесе: мөрлі сақиналарын. және мұрындық сырғаларын, сондай-ақ сәнді киімдері мен шапандарын, халаттары мен әмияндарын, айналары мен бәтес киімдерін, шәлілері мен бөкебайларын — осылардың бәрін де Тәңір Ие Иерусалимнің әйелдерінен алып қояды.
23Сонда хош иісті иіссуларының орнын сасық иіс басады. Әшекейлі белбеулердің орнына олар кендір жіп байлап, тым баптаған шаш орнына тақыр бас болады. Сәнді киімдер орнына азалы киім киіп, сұлулықтың орнын құлдықтың таңбасы басады.
24Иерусалимнің ер адамдары семсерден өліп, жауынгерлері ұрыста қаза табады. 25Қала қақпаларының басында жоқтау айтылып, жылап-сықтау болады. Қаңырап бос қалған астана тақыр жерде отырған әйелге ұқсап қалады.
Currently Selected:
Ишая 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.