Ишая 2
2
Құдайға мойынсұнған халықтардың Сионда татуласуы
1Құдайдың Яһуда елі мен Иерусалим қаласы туралы Амос ұлы Ишаяға аян арқылы білдірген хабары:
2Кейінгі заманда#2:2 Яғни Құдай өз халқын күнәларынан тазартып, жау қолынан құтқарып алған алдағы заманда (1:18-19,24-27; Мих 4:1). Жаратқан Иенің
Киелі үйі тұрған Сион тауы
Бастысы болады бар тау-төбелердің,
Бәрінен де оның атақ-даңқы
Әлдеқайда жоғары болып қалады.
Барлық халықтардың адамдары
Соған қарай ағылатын болады.
3«Енді жүріңдер, Жаратқан Иенің,
Жақыптың халқы сиынған Құдайдың,
Сион тауындағы киелі үйіне
Өрлеп барайық барлығымыз, кәне!
Сол жерде Жасаған Иеміз бізге
Ақ жолын нұсқайды, сонымен жүрейік,
Оның әділ еркін орындай берейік!»
Деп, көп ұлттар жолға шығады бірігіп.
Сөзін таратады тәлімін#2:3 (Мих 4:2) Яки: Таурат заңын. үйретіп
Жаратқан Ие Иерусалимнен,
Сиондағы өз киелі үйінен.
4Сонда Иеміз халықтар арасында
Төрелік етіп, көптеген ұлттарға
Шығаратын болады әділ үкімін.
Енді олар төс үстінде қаруларын
Қайта соғып соқаға қылыштарын
Айналдырады, ораққа найзаларын.#2:4 Жое 3:10; Мих 4:3.
Содан халықтар енді қайтып ешқашан
Бір-біріне қарсы қару көтермейді,
Олар соғысуды тіптен үйренбейді.
5Жақыптың үрім-бұтағы, келіңдер,
Жаратқанның нұрында жүрейік біздер!
Тәкаппарлар жазаланатын сот күні
6О, Иеміз, Сен бізді: Өзің таңдап алған халқыңды, Жақыптың үрім-бұтағын тастап кеттің! Себебі ел іші шығыстан келген жаман әдет-салттарға толып тұр. Халқың Өзіңе мойынсұнбаған бөтендермен қол алысып, келісім жасайды, әрі філістірлердей сәуегейлікпен, сиқыршылықпен айналысады. 7Бұл халықтың жері алтын-күміске кенелген. Қазынасының шегі жоқ, мінетін аттары мен соғыс күймелері де сансыз көп. 8Осы ел пайдасыз «қуыршақ тәңірлерге»#2:8 Яки: тәңірсымақтарға, жалған тәңірлердің мүсіндеріне (2:18; 19:1,3; 31:7; Леу 19:4; Абқ 2:18). толы, адамдар өз қолдарынан шыққан заттарға табынады! 9Әрбір адам төмендетіліп,#2:9 Немесе: бүгіліп. бәрі де масқараланады. О, Иеміз, соларға кешірім бермейсің!#2:9 Яки: (Қасарысқан) оларды жазалаусыз қалдырмайсың! (Мыс 34:7)
10Ей, опасыздар, Жаратқан Иенің қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан құз-шатқалдардың қуыстарына қашып барып, жердің ой-шұңқырларына жасырынуға тырысыңдар! 11Менменнің көзі төмен түсіп, адамзаттың асқақтығы талқандалатын күн#2:11 Яғни Жаратқан Иенің халықтарға сот жүргізетін күні (2:12,17,20; 3:7,18; 4:1-2). туады! Сонда жалғыз Жаратқан Иенің ғана мерейі үстем болады.
12Әлемнің Иесінің сот жүргізетін сол күні күллі мақтаншақтар мен тәкаппарлар, өзін-өзі дәріптеуші әркім де масқараланып төмендетіледі! 13Сонда Ливан тауындағы зәулім самырсындар, Башан#2:13 Ғалилея көлінің солтүстік-шығыс жағындағы таулы аймақ (33:9). тауындағы күллі емендер шабылады, 14тіпті асқар биік тау-төбелер, 15заңғар мұнаралар мен мықты қамалдардың бәрі де тегістеліп, жермен-жексен болады. 16Қандай да алып сауда кемесі#2:16 Яки: (Испаниядағы) Тарсис қаласына дейін жүзе алатын үлкен кеме (23:1; Жүн 1:3). мен көз тартатын әшекейлі бейне#2:16 Немесе: әдемі кеме. болмасын, барлығы да құртылады. 17Сол күні адамның өркөкіректігі басылып, пенденің менмендігіне шек қойылып, жалғыз Жаратқан Иенің ғана мерейі үстем болады! 18Ал сол пайдасыз жалған тәңірлер#2:18 2:8. мүлдем ғайып болып жоғалады.
19Жаратқан Ие жерді сілкінту үшін тағынан тұрған сол кезде Оған мойынсұнбағандар құз-шатқалдардың қуыстарына әрі жердің ой-шұқырларына қашып барып, Жаратқан Иенің қорқынышты қаһарынан, Оның айбынды ұлылығынан жасырынып қалуға тырысады.#2:19 2:10; Нқм 3:11. 20Сол күн туғанда күнәкарлар табыну үшін өздері жасап алған алтын, күміс тәңір мүсіндерін лақтырып, көртышқандар мен жарқанаттарға қалдырып кетеді. 21Жаратқан Ие жерді сілкінту үшін тағынан тұрған сол кезде олар құз-шатқалдардың ішіндегі үңгірлер мен қуыстарға қашып кіріп, Оның қорқынышты қаһарынан әрі айбынды ұлылығынан тығылып қалмақ болады.
22Ендеше пендеге арқа сүйеулеріңді доғарыңдар! Онда тұрған не бар? Ол алған деміндей өткінші ғой.#2:22 Яғни Жаратқан Иенің Өзі мұрнына тіршілік лебін жіберген адамға (Жар 2:7) арқа сүйеуге болмайды.
Currently Selected:
Ишая 2: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.