Аббақұқ 1
1
Кіріспе
1Мұнда Аббақұқ пайғамбардың Құдайдан алған аянындағы ауыр хабар берілген.
Пайғамбардың Яһуда еліндегі әділетсіздік туралы шағымы
2— Уа, Жаратқан Ие, қашанғы мен көмек сұрап, Сен құлақ салмай қала бересің? «Барлық жерде зорлық!» деп қанша шағымдансам да, Сен құтқармайсың. 3Неге мені әділетсіздікке қарауға, зұлымдықты көруге мәжбүрлейсің? Күн сайын көретінім құрып-күйреу мен зорлық-зомбылық, айналам ұрыс-керіс пен дау-жанжал. 4Сондықтан да Таурат заңы күшінен айырылған, әділ үкімдер еш орындалмайды. Зұлымдар адал жанды қоршап алып, қыспақтайды, осылай әділ сот бұрмаланады.
Жаратқан Иенің жауабы
5— Халықтарға көз тастап, назар аударыңдар! Таңғалып, таңдай қағыңдар! Себебі көздеріңнің тірісінде Мен бір істі жүзеге асырмақпын. Оны біреу алдын ала айтып берсе де, сендер сенбес едіңдер: 6Мен бабылдықтарды#1:6 Яки: халдейлерді. (Сол заманда Бабылға халдей патшалары билік құрды: Пат4 24:1-2; Дан 1:1-4.) — сол бір қатыгез де қарқынды халықты қолдап, көтеремін. Олар жердің шалғайларына дейін аттанып, өзгелердің қоныстарын тартып алады. 7Бабылдықтар — қорқынышты да айбынды халық, заңдары мен билігі өздерінен ғана туындайды. 8Аттары қабыланнан жүйрік, кешқұрым жортып жүретін қасқырдан айбарлы. Атты әскері құйғыта шабады, салт аттылары алыстан зулап келіп, олжасына тап берген бүркітке ұқсайды. 9Барлығы тонауға аттанып, шөл даладан соққан дауылдай алға басып, тұтқындарын құмдай жинайды. 10Олар патшаларды мазақтап, әміршілерді күлкі етеді; қамалды қалаларды келекелеп, қабырғасына қарай үймек үйіп, қаланы басып алады. 11Содан олар жел сияқты соғып өтеді.#1:11 Немесе: Содан олардың рухтары тәкаппарланады. Бұлар кінәлі адамдар, олар өз күш-қуаттарына құдайдай табынады.#1:11 1:16.
Пайғамбардың жазаны тартқызбақ бабылдықтар туралы шағымы
12— Уа, Жаратқан Ие, Сен мәңгі тірі, киелі Құдайым емессің бе? Бізді өлімге қимағаның ғой?#1:12 Немесе: Біз өлмейміз. О, Ием, Сен бізді соттауға Бабыл халқын тағайындағансың, уа, жартастай Қорғанымыз, бізді жазалауға дәл соларды белгілеп қойғансың!#1:12 Заң 32:4. 13Ал Сенің көздерің зұлымдыққа қарауға тым пәк, озбырлыққа қарап тұра алмайсың. Ендеше неге сол опасыздарға жол бересің? Осы зұлым жау өзінен әділірек басқаларды жалмап жеп жатқанда, Сен неге үндемейсің? 14Осылайша адамдарды теңіздегі балық сияқты қыласың, әрі әміршісі жоқ, бауырымен жорғалаушы жәндіктер іспетті етесің! 15Содан Бабыл біздің бәрімізді қармағымен ұстап, ауына түсіреді, торымен жағаға тартып шығарып, соған қуанып мәз болады. 16Сондықтан Бабыл ауына құрбандық шалып, торына табынып хош иісті зат түтетеді.#1:16 Мұндағы «ау» мен «тор» Бабыл патшалығының зор әскер күшін астарлап білдіреді (1:11). Өйткені солар арқылы олжаға кенеліп, майлы тамаққа тойынады. 17Сонда қалай, Бабыл өз торына тыным бермей халықтарды аяусыз құрта берсін бе?!
Currently Selected:
Аббақұқ 1: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.