YouVersion Logo
Search Icon

Жаратылыстың баст. 35

35
Жаратқан Иенің Жақыпқа Бетелде бата беруі
1Мұнан кейін Құдай Жақыпқа: «Жинал да, Бетелге өрлеп барып, сол жерді мекенде. Сонда Есаудан қашып кетіп бара жатқан жолыңда саған аян берген Өзіме#35:1 28:13. арнап құрбандық ұсынатын орын сал», — деп бұйырды.
2Содан Жақып үй ішіне және еріп жүрген адамдарының бәріне былай деп тапсырма берді: «Қолдарыңда бар бөтен тәңірлердің мүсіндерін#35:2 31:19,30-32; Мыс 20:3,23; Заң 7:25. лақтырып тастап, жуынып-тазарып, киімдеріңді ауыстырыңдар! 3Содан кейін жиналып, Бетелге өрлейік. Сол жерде мен Құдайға арнап құрбандық ұсынатын орын салмақпын. Күйзелген кезімде Ол маған құлақ асып, жүрген жолдарымда жар болып келеді». — 4Сонда Жақыптың қасындағы адамдары оған қолдарындағы мүсінделген бүкіл бөтен тәңірлерді және тұмар-сырғаларын табыстады. Ол соларды Сихем қаласының қасындағы бір емен ағашының түбіне көміп тастады. 5Сонан соң олар жолға шықты. Құдай төңіректегі қалаларға үрей төндіргендіктен#35:5 34:30; 31:42,53. Жақыптың ұлдарының артынан ешкім қуғындаған жоқ.
6Осылайша Жақып және оған еріп жүрген барлық адамдар Қанахан еліндегі Лұз (яғни Бетел) қаласының маңайына жетті. 7Сонда Жақып Құдайға арнап құрбандық ұсынатын орын салып, оны «Ел-Бетел» («Бетелде (аян берген) Құдай») деп атады. Себебі ағасынан қашып бара жатқан кезінде Құдай оған сол жерде аян берген еді.
8Осы шамада Рабиғаның күтуші шешесі Дебора қайтыс болды. Ол Бетелден төменірек жердегі емен ағашының түбіне жерленді. Сондықтан сол ағаш «Жоқтау емені» деп аталып кетті.
9Жақып Месопотамиядан қайтып келгеннен кейін Құдай оған тағы да аян беріп: 10«Сенің есімің — Жақып. Бірақ бұдан былай сен Жақып емес, Исраил деп аталасың, — деп батасын берді. Сонымен Құдай оның Исраил деген жаңа атын бекітті.#35:10 32:28. 11Ол сөзін жалғастырып: — Мен құдіреті шексіз Құдаймын. Өсіп-өніп, ұрпақтарың көбейсін!#35:11 9:1,7. Сенен халық, тіпті көптеген халықтар тарап, патшалар да шығатын болады. 12Ыбырайым мен Ысқаққа беруге уәде еткен елді Мен саған да, кейінгі ұрпақтарыңа да беремін», — деді. 13Бұдан соң Ол Жақыпқа сөзін арнаған жерден жоғары көтеріліп, ғайып болды.
14Жақып өзіне Құдай тіл қатқан сол жерде ескерткіш тас орнатып, оның үстіне Құдайға арнап сый-тарту ретінде сусын құйды. Содан кейін біраз май да құйып, ескерткішті Құдайға бағыштады. 15Құдай өзіне тіл қатқан сол жерді ол Бетел («Құдай үйі») деп атайтын.#35:15 28:18-19.
Рахиланың Буняминді туып, қайтыс болуы
16Жақыптың көші Бетелден шығып, Ефратаға біраз шақырым қалғанда, Рахила толғата бастады. Ол қатты қиналып босанды. 17Рахила босанып қиналып жатқанда босандырушы әйел оған: «Қорықпа, сен бұл жолы да ұл туасың», — деп жұбатты. 18Рахила хал үстінде жатып, соңғы демін шығарарда, баланы Бенони («Бәлемнің ұлы») деп атады. Бірақ әкесі Жақып оған Бунямин («Бақыт ұлы») деген ат қойды.
19Осылайша Рахила қайтыс болды. Оның мәйіті Ефратаға бара жатқан жолда, қазір Бетлехем деп аталатын жерде, қабірге қойылды. 20Жақып қабірдің басына құлпытас#35:20 Яки: тас ескерткіш. орнатты. Рахиланың құлпытасын осы күнге дейін көруге болады.
21Исраил (яғни Жақып) әрі қарай көше отырып, шатырын Мығдал-Едердің ар жағына тікті. 22Ол сол елде тұрған кезде тұңғышы Рубен әкесінің кәнизагы Балхамен жақындасты. Ал Исраил бұл туралы біліп қойды.
Жақыптың ұлдары
Жақыптың он екі ұлы болды.
23Лиядан туғандары: Жақыптың тұңғышы Рубен, одан кейін Шимон, Леуі, Яһуда, Исашар, Забулон.
24Рахиладан туған ұлдары: Жүсіп пен Бунямин.
25Рахиланың күңі Балхадан туған ұлдары: Дан мен Нафталим.
26Лияның күңі Зилпадан туған ұлдары: Ғад пен Ашир.
Жақыптың солтүстік Месопотамияда туған ұлдары осылар болды.#35:26 Кенже ұлы Бунямин ғана Қанахан елінде дүниеге келген болатын (35:16-18).
Жақыптың әкесіне қайтып оралуы
27Ақырында Жақып Хеброн деп те аталатын Кирият-Арбадағы Мамреге әкесі Ысқаққа қайтып келді. Бұл жерде Ыбырайым мен Ысқақ жат жұрттық болып тұрып жатқан еді. 28Ысқақ жүз сексен жыл жасады. 29Ол мағыналы өмір сүріп, жасы ұлғайған шағында жан тапсырып, о дүниеге, ата-бабаларының қасына аттанды. Үрім-бұтағы оны азалап, ұлдары Есау мен Жақып мәйітін қабірге апарып қойды.

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in