Езекиел 46
46
Киелі орынға кіріп-шығу жайлы ережелер
1Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: «Ішкі ауланың Шығыс қақпа ғимараты алты жұмыс күні бойы жабық тұрып, демалыс күндері мен әр айдың алғашқы күні ашық тұрсын.#46:1 Сыртқы ауланың Шығыс қақпа ғимараты ұдайы жабық тұратын (44:2). Ішкі ауланың Шығыс қақпа ғимараты тек демалыс және мейрам күндері ашылатын. 2Әмірші сырттан осы қақпа ғимаратының бағаналы кіреберісі арқылы кіріп, оның ішімен өтетін жолда орналасқан бағананың қасында тұрсын. Діни қызметкерлер әміршінің түгелдей өртелетін және Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықтарын шалып, өртеп Өзіме ұсынсын. Әміршінің өзі қақпа табалдырығының қасында иіліп ғибадат етсін.#46:2 Сол жерден әмірші ішкі ауладағы үлкен құрбандық үстелінде құрбандықтардың Жаратқан Иеге ұсынылғанын байқай алатын. Бірақ оның ішкі аулаға кіруіне болмайтын (44:3; 45:19; 46:8,12; Шеж2 26:16-21; Рул 16:40; 18:7). Содан соң ол сыртқы аулаға шығып кетеді. Қақпа ғимараты кешке дейін жабылмайды. 3Елдің халқы демалыс күндері мен әр айдың алғашқы күні Шығыс қақпа ғимаратының кіреберісінің қасында Менің, Жаратқан Иенің, алдында иіліп ғибадат етсін.
4Әміршінің демалыс күні Маған, Жаратқан Иеге, арнап алып келетін, шалынып, түгелдей өртелетін құрбандықтары мінсіз алты еркек тоқты және мінсіз бір қошқар болсын. 5Қошқарға қоса ұсынылатын астық тартуы бір пұт бидай ұны, ал тоқтыларға қоса берілетін астық тартуы әміршінің өз еркіне қарай болсын. Әмірші әр пұт ұнға тоғыз қадақтан#46:5 Пұт, қадақ: 45:10,24. зәйтүн майын қоса ұсынуы керек.
6Айдың алғашқы күні әмірші бір жас бұқаны, алты тоқты мен бір қошқарды құрбандыққа ұсынуы керек. Малдардың бәрі де мінсіз болуға тиіс. 7Әмірші жас бұқаға және қошқарға қоса бір пұттан бидай ұнын тарту етсін. Ал тоқтыларға қоса ол астық тартуын өз еркіне қарай барынша берсін. Оның әр пұт ұнға тоғыз қадақтан зәйтүн майын қоса беруі де қажет.
8Әмірші қақпа ғимаратына кіргенде, соның бағаналы кіреберісі арқылы өтіп, сол жолмен кері шығып кететін болсын.#46:8 44:3; 46:2. 9Елдің халқы белгіленген мейрамдарды тойлауға Жаратқан Иенің алдына келгенде, Солтүстік қақпа ғимаратынан кіргендері Оңтүстік қақпа ғимаратынан, ал Оңтүстік қақпа ғимаратынан кіргендері Солтүстік қақпа ғимаратынан шығатын болсын. Әркім кірген қақпа ғимаратынан шықпай, қарама-қарсы қақпа ғимаратынан шығатын болсын. 10Сол мейрамдарда әмірші халықтың арасында болып, аулаға олармен бірге кіріп, бірге шығатын болсын.
11Сонымен ғибадатханадағы арнайы жиындарда#46:11 45:18-25. және белгіленген мейрамдарда құрбандыққа шалынатын әр бұқа мен қошқарға қоса ұсынылатын астық тартуының мөлшері бір пұттан болсын. Тоқтыларға қоса ұсынылатын бидай мөлшері құрбандық шалушының еркіне сай болмақ. Тарту етілген әр пұт ұнға тоғыз қадақтан зәйтүн майы қоса әкелінсін.
12Әмірші Жаратқан Иеге арнап не шалынып, түгелдей өртелетін, не Жаратқан Иемен қарым-қатынасына ризашылық білдіретін құрбандықты ерікті тарту ретінде ұсынбақ болғанда, оған ішкі ауланың шығысқа қарап тұрған қақпа ғимараты ашылуы керек. Ол өзінің құрбандықтарын демалыс күні жасалатындай етіп ұсынсын. Содан соң әмірші шығып кетіп, қақпа қайтадан жабылсын.#46:12 44:3; 45:17; 46:1-2,8; Леу 1:3; 23:38.
Күн сайын ұсынылатын құрбандықтар мен сый-тартулар
13Әр күні таңертең мінсіз бір жасар тоқтыны Жаратқан Иеге арнап түгелдей өртелетін құрбандық қылып шалыңдар. 14Оған қоса әр таңертең сайын пұттың алтыдан бір бөлігі мөлшерінде#46:14 Яки: ефаның алтыдан бір бөлігі (шамамен 3,6 л: 45:10) мөлшерінде. астық тартуын да жасаңдар. Ұнға қосып араластыру үшін үш қадақ#46:14 Яки: һіннің үштен бір бөлігі (шамамен 1,3 л: 4:11; 45:24) мөлшерінде. зәйтүн майын да әкеліңдер. Жаратқан Иеге осы астық тартуын ұсынып тұру тұрақты ереже болады. 15Осылайша күн сайын таңертең түгелдей өртелетін құрбандыққа арналған тоқты, астық тартуы және зәйтүн майы ұдайы қамтамасыз етіліп тұратын болады».
Әміршінің мұралық жері жайлы ережелер
16Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны да айтады: «Егер әмірші ұлдарының біріне өз мұралық жерінен сый жасаса, осы жер сол ұлының ұрпақтарының да меншігіне өте береді. Бұл атадан балаға өтетін сол үрім-бұтақтың мұрасына айналады. 17Ал егер әмірші өз меншікті жерінен қызметкерлерінің біріне сый жасаса, бұл Мерекелі жылға#46:17 Мерекелі жыл әрбір 50 жылда тойланатын (Леу 25:13). дейін ғана сол қызметкердің иелігінде болады. Мерекелі жылда сол жер үлесі әміршіге қайтып оралады. Себебі әміршінің меншікті жері өз ұрпақтарына ғана мұра болып қала алады, ол тек соларға ғана тиісті.
18Әмірші ешкімді оның мұралық жерінен қуып шығып, соны иемденіп алмасын! Әмірші ұлдарына мұраны тек өзінің меншікті жер үлесінен ғана берсін. Менің халқымның ешбір адамы өзіне тиісті мұралық жерінен айырылып қалмасын!»#46:18 45:8; Пат3 21:1-19.
Құрбандықтардың етін пісіретін арнайы асүйлер
19Енді әлгі хабаршы мені қақпа ғимаратының жанындағы кіреберіс#46:19 42:9. арқылы діни қызметкерлерге арналған, солтүстік жаққа қарайтын қасиетті бөлмелерге де ертіп алып барды. Маған сол бөлмелердің батыс шетіндегі бір жерді көрсетті де, 20былай деді: «Осы жерде діни қызметкерлер айыпты өтеу және күнәнің құнын өтеу құрбандықтарының етін пісіріп, астық тартуларының нанын жабады. Бұл тартулар мен құрбандықтарды сыртқы аулаға алып шығуға болмайды. Себебі олай етілсе, онда ауладағы халық та Құдайға ерекше бағышталып киелі болар еді».#46:20 Құдайдың қызметіне айрықша тағайындалмаған адамдар содан зиян шегер еді (42:13-14; 44:19).
21Содан соң хабаршы мені (халыққа арналған) сыртқы аулаға алып шықты да, ауланың төрт бұрышын түгел аралатты. Төрт бұрыштың әрқайсысынан мен бір-бір шағын ауладан көрдім. 22Қабырғамен қоршалған осы шағын аулалардың әрқайсысының ұзындығы қырық, ені отыз шынтақтан болды. 23Әлгі қабырғалардың ішкі жағын айналдыра тас үстелдер тұрды. Барлығының астында от жағылатын ошақтары бар екен. 24Хабаршы маған былай деп түсіндірді: «Бұлар ғибадатханада қызмет ететін леуіліктердің халық ұсынған құрбандықтардың етін пісіретін асүйлері».
Currently Selected:
Езекиел 46: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.