Езекиел 3
3
1Көктегі дауыс маған тағы да тіл қатып былай деді: «Ей, пендем, Мен өзіңе ұсынып жатқан осы шиыршық кітапты жеп қой! Содан соң исраилдіктерге бар да, оларға оның мазмұнын жеткіз!»
2Мен аузымды ашқанда, Ол маған шиыршық кітапты жеуге беріп, 3былай деді: «Ей, пендем, Мен өзіңе берген осы кітапты жеп, ішіңді толтыр!» Мен оны жегенде, дәмі аузымда балдай тәтті болды.#3:3 Осындағы пайғамбардың «жеуі» оның Құдайдың сөздерін қабылдауын білдіреді (2:8; 3:4; Ерм 15:16; Аян 10:8-11). 4Ол маған тағы былай деді: «Ей, пендем, енді Исраил халқына бар да, оларға Менің сөздерімді айтып бер. 5Сені тілі түсініксіз, міңгірлеп сөйлейтін халыққа емес, Исраил халқына жіберіп отырмын. 6Олар тілдері түсініксіз, міңгірлеп сөйлейтін, айтқандары саған беймәлім болатын көп халықтың бірі емес. Ал егер Мен сені сондай халықтардың біріне жіберсем, олар саған сөзсіз құлақ асар еді.#3:6 Жүн 3:5-10. 7Бірақ Исраил халқы сені тыңдағысы келмейді, себебі олар Мені тыңдағылары келмейді. Өйткені бүкіл Исраил халқы тоңмойын қыңыр. 8Бірақ сені солардың өздері сияқты бетіңнен қайтпайтын, маңдайы қатты қайсар етемін. 9Мен маңдайыңды тіпті шақпақ не алмас тастан да қатты қыламын! Олар бас көтергіш халық болса да, солардан қорқып, сұсты бет-әлпеттерінен шошушы болма!»
10Осыларға қоса Ол маған тағы былай деді: «Ей, пендем, Менің өзіңе айтатын сөздеріме құлақ түріп, барлығын есіңе сақтап ал! 11Сосын өзіңмен бірге жер аударылып келген елдестеріңе бар. Олардың тыңдағандарына да, тыңдамағандарына да қарамастан тіл қатып: «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады!» деп жарияла!»
12Бұдан кейін Рух мені көтеріп алды. Сонда мен арт жағымнан: «Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты Өзінің тұрағында мадақталсын!» деген күркіреген зор дауысты естідім.#3:12 Немесе: Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты өз тұрағынан көтерілгенде күркіреген зор дауысты естідім (10:4,15-18). 13Бұл төрт нөкердің бір-біріне тиген қанатының сыбдыры және олардың жанындағы дөңгелектердің күркіреген зырылы екен.
14Сонымен Рух мені көтерді де, алып кетті. Мен қайғырып, іштей қатты наразыландым.#3:14 Езекиел халықтың қыңырлана күнә жасай бергеніне және Жаратқан Иенің сол себепті халықтың арасындағы Өзінің тұрағынан бас тартпақшы болғанына қатты қайғырды (3:7,12; 10:4,15-18). Бірақ Жаратқан Иенің үстімдегі рухани құдіреті#3:14 (1:3) Немесе: үстімдегі қолы. өте күшті болды. 15Мұнан кейін мен жер аударылып келгендер тұрып жатқан Хобар өзенінің жағасындағы Тел-Абибке жеттім. Сол жерде қатты таңырқаған күйімде#3:15 Езр 9:4; Әйүп 2:13; 40:4-5. жеті күн бойы олардың араларында болдым.
Исраилді сақтандыру жайлы тапсырма
16Сол жеті күн өткеннен кейін Жаратқан Ие маған сөзін арнап былай деді: 17«Ей, пендем, Мен сені Исраил халқына күзетші#3:17 33:7-9; Ерм 6:17; Ош 9:8; Абқ 2:1-2. етіп тағайындадым. Сондықтан Менің аузымнан шыққан сөзімді естіген сайын халыққа Менің атымнан ескерту жаса! 18Егер Мен зұлым жанға: «Сен жазаңды тартып сөзсіз өлесің!» деген хабарымды (өзің арқылы) жіберсем, ал сен оған соны ескертпесең, әрі оның өмірін сақтап қалу үшін жаман іс-әрекеттерін тастауын айтпай, үндемей қалсаң, онда сол зұлым адам өз күнәларының жазасын тартып өледі. Бірақ сен оның өліміне кінәлі боласың. 19Ал егер сен сол әділетсіз адамға ескертіп, ол бәрібір теріс жолынан қайтпай, зұлым істерінен бас тартпаса, онда ол өз әділетсіздігінің жазасын тартып өледі, бірақ сен өз өміріңді сақтап қаласың. 20Егер әділ адам өзінің ізгі іс-әрекетінен бас тартып, әділетсіздікке салынса, әрі Мен оған сүріндіретін бөгет қойғанмен соған мән бермесе, ол күнәларының зардабын тартып өлімге душар болады.#3:20 18:24. Егер сен оған ескертпесең, ол өз күнәсі үшін өледі. Оның бұрын істеген әділ істері ескерілмейді. Бірақ сен оның өліміне кінәлі боласың. 21Егер сен әділ адамға күнә жасамауды ескертіп, содан ол күнә жасамайтын болса, ол ескертуге құлақ асқандықтан сөзсіз өмір сүре беретін болады. Сен де өз жаныңды аман сақтап қаласың».
Пайғамбардың сөйлей алмайтын кезеңі
22Жаратқан Иенің рухани құдіреті сол жерде тағы да маған қонды.#3:22 1:3; 3:14. Ол маған: «Тұр да, жазық алқапқа бар! Мен сол жерде сенімен сөйлеспекпін», — деді. 23Мен тұрдым да, жазық алқапқа бардым. Сол жерде Жаратқан Иенің нұрлы салтанаты менің Хобар өзенінің жағасында көргенімдей болып тұр екен. Сондықтан мен жерге етпетімнен жата кеттім. 24Сонда бойыма Рух еніп, мені аяғыма тік тұрғызды. Ол маған тіл қатып былай деді: «Үйіңе бар да, есікті ішінен бекітіп ал. 25Пендем, сол жерде сені арқанмен байлап-матап тастайды. Сондықтан сен жұрттың арасына шыға алмайтын боласың. 26Мен сенің тіліңді таңдайыңа жабыстырып тастаймын. Сөйлей алмайтындықтан сен оларға ескерту жасайтын адам бола алмайсың.#3:26 24:27; 33:22. Себебі олар әбден бас көтергіш, қыңыр халық. 27Бірақ Мен саған тіл қатқан кезде аузыңды ашамын. Сонда оларға: «Жаратушы Тәңір Ие мынаны айтады!» деуге тиіссің. Тыңдағысы келгендер тыңдасын, ал тыңдағысы келмегендер тыңдамай-ақ қойсын. Өйткені олар бағынбайтын бас көтергіш халық қой!»
Currently Selected:
Езекиел 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.