Мысырдан шығу 3
3
Құдайдың жанып жатқан тікенді бұтадан Мұсаға аян беруі
1Мұса қайын атасы — мадияндық діни қызметкер Етордың#3:1 Етор: өзге аты Рәгуел (2:18). ұсақ малдарын бағып жүрді. Бір күні ол отарын айдаланың алыс түкпіріне, Құдайдың тауы деп те аталатын Хориб тауына#3:1 Хориб: Синай тауының бір бөлігі (19:11). айдап барды. 2Сол жерде оған Жаратқан Иенің періштесі бір тікенді бұтаның ортасынан жалындап жанған от ішінен аян берді. Мұса бұтаның от болып жалындап тұрғанымен өртеніп кетпегенін байқаған еді. 3Сонда ол іштей: «Мынау қызық көрініс екен, сол жерге жақынырақ барып, бұтаның неліктен өртеніп кетпей жатқанын қарайыншы», — деп ойлады. 4Жаратқан Ие Мұсаның қарау үшін жақындап келгенін көрді. Содан Құдай бұта арасынан оған:
— Мұса! Мұса! — деп дауыстады. Ол:
— Тыңдап тұрмын, — деп жауап берді. 5Құдай:
— Мұнда жақындама, аяқкиіміңді шеш! Сен басып тұрған осы жер киелі, — деп бұйырып, 6— Мен әкеңнің Құдайымын әрі Ыбырайым, Ысқақ және Жақыптың Құдайымын, — деді.
Мұса Оған қарауға дәті бармай, бетін жауып алды. 7Жаратқан Ие:
— Мен халқымның Мысырда шеккен жәбіріне назар аударып, олардың айдаушыларынан қаналып, қинала айқайлағандарына құлақ салып келемін; олардың көрген азаптарын түгел білемін. 8Сондықтан Мен халқымды мысырлықтардың қолынан азат ету үшін көктен түстім. Оларды Мысырдан алып шығып, қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер қоныстанған елге бастап алып барамын. Сол елдің жері шұрайлы, кең-байтақ, ағы мен балы ағыл-тегіл мол.#3:8 Немесе: сүті мен балы молынан ағып жатыр. 9Енді мынаны біліп қой: исраилдіктердің қинала айқайлаған дауыстары құлағыма жетіп, Мен мысырлықтардың оларды аяусыз қанағандарын көріп тұрмын. 10Кәне, жүр, Мен сені перғауынға жіберемін. Сен халқым Исраилді Мысырдан бастап алып шығасың! — деп бұйырды. 11Ал Мұса Құдайға:
— Перғауынға барып, исраилдіктерді Мысырдан алып шығатындай соншама мен кіммін? — деп жауап қайырды. 12Құдай:
— Мен саған жар боламын. Сен халықты Мысырдан алып шыққан соң, сендер Маған осы таудың маңында ғибадат ететін боласыңдар. Сені Өзім жібергендігімнің дәлелі сол болмақ, — деді. 13Ал Мұса Құдайға:
— Енді мен исраилдіктерге барып, «Мені ата-бабаларыңның Құдайы сендерге жіберді» десем, олар менен «Оның есімі кім?» деп сұрайды ғой. Сонда не деп жауап беруім керек? — деген сұрақ қойды. 14Құдай оған былай деп жауап қатты:
— Мен (Мәңгі) Бар Болушымын.#3:14 Немесе: Мен кім болсам (мәңгі) Сол боламын. Яки: Мен (мәңгі) Өзім болып қала беремін; Мен сендерге Жар Болушымын; Мен Жаратқан Иемін. Исраилдіктерге: «(Мәңгі) Бар Болушымын деген мені сендерге жіберді» деп айт. — 15Құдай сөзін жалғап тағы былай деді: — Исраилдіктерге мынаны да айт: «Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие#3:15 Түпнұсқада: «Яһуә». (Мағынасы: «(Мәңгі) Бар Болушы», «Жаратушы» яки: «Сендерге Жар Болушы».) мені сендерге жіберіп отыр. Мәңгі бақи Менің атым осылай болмақ. Күллі келер ұрпақтар да Мені осы есіміммен естеріне сақтасын».
16Бар да, Исраилдің рубасыларын жинап алып, оларға былай де: «Ата-бабаларыңның Құдайы, Ыбырайым, Ысқақ, Жақыптың сиынған Құдайы — Жаратқан Ие маған аян беріп, мынаны айтты: Мен сендерді назарымда ұстап келемін, Мысыр елінде көрген жәбірлеріңді түгел білемін. 17Сендерді Мысырдың езгісінен құтқарып, қанахандықтар, хеттіктер, аморлықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктер қоныстанған, ағы мен балы ағыл-тегіл елге алып баруға уәде бердім».
18Сонда Исраилдің рубасылары сенің айтқандарыңа ден қоятын болады. Мұнан кейін оларды ертіп, Мысыр патшасының алдына бар. Оған былай деңдер: «Біз, исраилдіктер, сиынатын Құдайымыз — Жаратқан Ие бізге аян берді. Енді үш күндік жердегі айдалаға барып, Құдайымыз Жаратқан Иеге арнап құрбандық шалуға бізге рұқсат етіңіз».
19Алайда құдіретті күш көндірмесе, Мысыр патшасының сендерді жібермейтінін білемін. 20Сондықтан Мен Мысырға құдіретті қолымды созып, оны керемет істеріммен ойрандаймын. Содан кейін ғана перғауын сендерді қоя бермек.
21Ал Мен мысырлықтарды халқыңа оң көзбен қаратамын, кеткен кездеріңде құр қол аттандырмаймын. 22Араларыңдағы әрбір әйел көршілес және бірге тұрған мысырлық әйелдерден алтын-күміс бұйымдар мен әсем киімдерді сұрап алсын. Бұларды ұл-қыздарыңа сәндеп кигізіңдер, осылайша мысырлықтардың байлығын олжалайтын боласыңдар.
Currently Selected:
Мысырдан шығу 3: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.