Заңды қайталау 31
31
Мұсаның ізбасары Ешуа
1Бұдан кейін Мұса бүкіл Исраил халқына тағы мына сөздерді айтты:
2— Жасым енді жүз жиырмаға келді, бұдан былай сендерді жетелеп бастай алмаймын.#31:2 Рул 27:17. Жаратқан Ие маған: «Сен Иордан өзенінің арғы жағына өтпейсің», — деген болатын. 3Сендерді сол өзеннен бастап өткізетін Құдайларың Жаратқан Иенің Өзі. Ол алдарыңдағы жау халықтардың бәрін қырып, сендер осы елді иемденетін боласыңдар. Жаратқан Иенің айтқанындай, Ешуа да сендерді бастап өзеннен өтеді.#31:3 9:3; 31:7-8; Жыр 43:3-5; 145:3-5. 4Аморлықтардың патшалары Сихон мен Огты өздерінің елдерімен бірге құртып жібергені сияқты, Жаратқан Ие өзеннің арғы жағындағы халықтарға да солай істейді. 5Жаратқан Ие оларды қолдарыңа тапсырады, ал сендер мен өздеріңе табыс еткен бұйрықтардың бәрін оларға орындауға тиіссіңдер. 6Қайратты да батыл болыңдар, жауларыңнан еш үрейленіп қорықпаңдар! Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. Ол сендерді ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды.#31:6 1:29; 7:18; 20:1,4; Еш 1:5; 10:25.
7Бұдан кейін Мұса Ешуаны шақырып алып, бүкіл Исраил халқының алдында оған былай деді: «Қайратты да батыл бол! Себебі сен осы халықты ертіп Жаратқан Ие оларға сыйлауға ата-бабаларына уәде еткен елге кіресің. Сол елді оларға мұралық меншікке үлестіріп беруге тиіссің. 8Жаратқан Иенің Өзі алдыңда жүріп саған жар болады. Ол сені ешқашан тастап та кетпейді, жалғыз да қалдырмайды. Еш нәрседен уайымдап, қорқушы болма!»#31:8 1:21; Еш 1:9.
Таурат заңын дауыстап оқу жайлы нұсқау
9Сонымен Мұса (пайғамбар) осы Таурат заңын жазып қойды. Оны Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүретін леуілік діни қызметкерлерге және Исраилдің күллі рубасыларына тапсырып, 10оларға былай деп өсиет етті:
— Әр жеті жылдың соңындағы қарыздар кешірілетін жылғы Күркелер мейрамы кезінде 11бүкіл Исраил халқы Құдай Иеміз таңдап алған жерде Оның алдына жиналсын. Сол кезде осы Таурат заңын бүкіл жамағатқа дауыстап оқып беріңдер! 12Олар Таурат заңын тыңдап, үйреніп, Құдай Иемізді терең қастерлеп, Таураттың барлық ережелерін сақтап орындаулары керек. Бүкіл халықты жинауға тиіссіңдер. Еркек не әйел болсын, балалар не қалаларыңда тұрып жатқан жат жұрттықтар болсын, бәрі де келуге міндетті. 13Сендер Иордан өзенінен өтіп, кірген соң иемденетін елді мекендеген барлық кездеріңде осы Таурат заңын білмей өскен ұрпақтарың да оны тыңдап, Құдайларың Жаратқан Иені терең қастерлеуді үйренулері қажет.
Халықтың болашақтағы опасыздығы
14Содан кейін Жаратқан Ие Мұсаға тіл қатып былай деді: «Біліп қой, бұ дүниеден өтетін уақытың таяп қалды. Ешуаны шақырып алып, екеуің кездесу шатырында тұрыңдар. Мен оған сол жерде нұсқауларымды тапсырамын». — Сонымен Мұса мен Ешуа кездесу шатырының алдына келді.
15Жаратқан Ие бағана тәрізді бұлт#31:15 Мыс 33:9-10; 40:38. ішінде кездесу шатырында пайда болды. Бұлт шатырдың кіреберісінің үстінде тұрды. 16Жаратқан Ие Мұсаға тағы былай деді: «Міне, сенің көз жұмып, ата-бабаларыңа аттанатын уақытың жетті. Ал содан кейін бұл халық кіргелі тұрған елде азғындыққа салынып, сол елдің бөгде тәңірлерінің жолына түсетін болады. Осылай халық Менен бас тартып, олармен жасаған Келісімімді бұзады. 17Сонда қаһарым оларға жалындай лаулап, Мен олардан бас тартып, бет-жүзімді жасырамын. Олар қырғынға ұшырап, бастарына көптеген бақытсыздықтар мен ауыртпалықтар түседі. Сол күндері халық: «Осы бақытсыздықтардың басымызға түскені Құдайымыздың бізбен бірге жүріп, жар болмағандығынан емес пе?» деп сұрайтын болады. 18Ал Мен олардың бөгде тәңірлерге бұрылып, істеген барлық әділетсіз іс-әрекеттері үшін олардан бет-жүзімді шүбәсіз жасырамын.
19Сонымен Исраил халқына қарсы Менің айғағым болу үшін мына жырды жазып қойып, оларға үйретіп, ән салғыз. 20Себебі Мен оларды ата-бабаларына уәде еткен, ағы мен балы ағыл-тегіл елге бастап апарғаннан кейін олар ішіп-жеп тойынып, семіріп, бөгде тәңірлерге бет бұрып, құлшылық ететін болады. Сонда олар Менен бас тартып, өздерімен жасаған Келісімімді бұзады. 21Уақыты келіп, көптеген бақытсыздықтар мен ауыртпалықтар бастарына түскен кезде осы жыр оларға қарсы айғақ болады. Себебі бұл жыр ұрпақтарының аузынан түспейтін болады. Мен оларды антпен уәде еткен елге кіргізбей тұрып-ақ, олардың қазіргі ой-ниеттерін жақсы білемін».
22Сол күні-ақ Мұса осы жырды жазып алып, Исраил халқына үйретті.
23Мұнан кейін Жаратқан Ие Нұн ұлы Ешуаға бұйрық беріп былай деді: «Қайратты да батыл бол! Өйткені исраилдіктерді Мен оларға антпен уәде еткен елге бастап алып кіресің. Мен Өзім сенімен бірге жүріп жар боламын».
Мұсаның леуіліктер мен халыққа берген нұсқауы
24Мұса осы Таурат заңының күллі сөздерін бір кітапқа#31:24 17:18. жазып бітіргенде, 25Жаратқан Иенің Келісім сандығын көтеріп жүретін леуіліктерге былай деп бұйырды: 26«Мына Таурат заңының кітабын алып, Құдайларың Жаратқан Иенің Келісім сандығының бір жағына салыңдар. Ол халыққа қарсы айғақ болып сол жерде қалсын». 27Сендердің қандай бас көтергіш, тоңмойын қыңыр халық екендеріңді білемін. Мен әлі де тірі болып, қастарыңда жүрсем де, сендер Жаратқан Иеге бағынбай келесіңдер. Ендеше мен өлгеннен кейін одан бетер болмай ма?! 28Барлық рубасыларың мен басқарушыларыңды маған жинап алып келіңдер! Осы сөздерімді дауыстап айтып беріп, көк пен жерді оларға қарсы айғақ болуға шақырамын.#31:28 30:19; 4:26. 29Мен өлгеннен кейін сендердің азғындыққа салынып, мен өздеріңе бұйырған жолдан тайып кететіндеріңді білемін. Сондықтан болашақта бастарыңа бақытсыздық түседі. Себебі Жаратқан Иеге жек көрінішті істер істеп, өз қолдарыңмен жасап алған тәңірсымақтарыңмен Оның ашуын туғызасыңдар».#31:29 4:25; Бил 3:7; 6:1.
30Содан кейін Мұса бүкіл Исраил халқының алдында төмендегі жырды басынан аяғына дейін айтып берді.
Currently Selected:
Заңды қайталау 31: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.