YouVersion Logo
Search Icon

Заңды қайталау 21

21
Кім өлтіргені беймәлім кісі өлімінің кінәсінен тазару
1Құдайларың Жаратқан Ие сендерге иемденуге табыстап отырған елдегі ашық далада өлген кісінің сүйегі табылса және оны кім өлтіргені беймәлім болса, 2онда былай істеулерің керек: сендердің ақсақалдарың мен төрешілерің сүйек табылған жерге барып, оның маңайындағы жақын орналасқан елді мекендерге дейінгі қашықтықты өлшесін. 3Мұнан кейін сүйекке ең жақын жатқан елді мекеннің ақсақалдары ешқашан жұмысқа жегілмеген жас сиырды#21:3 Яки: қашарды. таңдап алсын. 4Малды топырағы жыртылып, тұқым себілмеген, суы тоқтаусыз ағып жатқан бір сайға алып барсын. Олар сайдың ішінде сиырдың мойнын үзсін. 5Сонда леуілік діни қызметкерлер алға шықсын. Себебі Құдайларың Жаратқан Ие Өзіне қызмет етіп, өз атынан бата беріп, әрбір дау мен шабуыл жайлы үкім шығаруға оларды таңдап алған.#21:5 10:8; 17:9; 18:5; Рул 6:23.
6Өлген адамның сүйегі табылған жерге ең жақын орналасқан елді мекеннің барлық ақсақалдары сол сайда мойны үзілген сиырдың үстінде қолдарын жуып, былай десін: 7«Осы кісінің қанын төккен біздің қолдарымыз емес, сол қылмысты кім істегенін де көздеріміз көрген жоқ! 8Уа, Жаратқан Ие, Өзің құтқарған халқың Исраилден осы құрбандықты қабылдап, кешірім бере гөр! Жазықсыз өлтірілген осы кісінің қанын халқыңның мойнына жүктей көрме». Сонда олар сол төгілген қанның кінәсінен тазарады. 9Бұлай істегендеріңді Жаратқан Ие құптап, жазықсыз өлтірілген кісінің қанының кінәсі сендерден алынып тасталады.
Түрлі отбасылық және әлеуметтік жағдайлар
10Сендер жауларыңа қарсы соғысқа шығып, Құдайларың Жаратқан Ие оларды қолдарыңа табыстап, тұтқынға алғанда, 11араларынан бір көрікті әйел затын көріп, ұнатып қалсаң, оған үйленуіңе болады. 12Сол әйелді үйіңе әкеліп, шаш-тырнағын алғызып, 13қолға түскенде киіп жүрген киімдерін ауыстырғызуың керек. Әйел сенің үйіңде толық бір ай бойы тұрып, әке-шешесін жоқтасын. Содан кейін онымен жақындасып, сен оған күйеу, ол саған әйел боласыңдар. 14Ал егер кейінірек ұнатпай қалсаң, оны қалаған жағына қоя беруің керек. Оны сатуға немесе өзіңе күң етіп алуыңа болмайды, себебі оның абыройын төктің.
15Бір адамның екі әйелі болып, ол біріншісін сүйіп, екіншісін жаратпаса, әрі екі әйелі де оған ұл туып берсе, ал тұңғыш ұлын жаратпайтын әйелінен көрген болса, 16сол адамның мал-мүлкін балаларына мұра етіп үлестіргенде, тұңғыш ұлға тиісті мұраны өзінің нағыз тұңғышына емес, сүйетін әйелінен туған ұлына беруге қақы жоқ. 17Ол жақтырмайтын әйелінен туған шын тұңғышын танып, оған тиісті екі есе үлкен үлесті беруі керек. Тұңғыш ұл — әкесінің қайратының тұңғышы, сондықтан тұңғыштың мұрасы онікі.
18Егер біреудің баласы әке-шешесіне мойынсұнбайтын қиқар болып, жөнге салғанмен оларды мүлдем тыңдамайтын болса, 19онда әке-шешесі оны ұстап, ақсақалдардың алдына алып келсін. 20Оларға былай десін: «Мына баламыз бізге мойынсұнбайтын қиқар, былапыттап ішіп-жеп, айтқанымызды тыңдамайды». 21Сонда қаланың барлық адамдары оны таспен атқылап өлтіруге тиіс. Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар! Бүкіл Исраил халқы мұны естіп, (жамандық істеуден) қорқатын болады.#21:21 17:13.
22Егер ауыр қылмысы үшін өлімге кесілген бір кісінің мәйітін ағашқа іліп қоятын болсаңдар, 23оны түні бойы ағашта қалдырмай, сол күні жерлеңдер.#21:23 Еш 8:29. Себебі ағашқа ілінген әркім Құдайдың қарғысына ұшырап тұрады. Осылайша Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемденуге табыстап отырған елді арамданып кетуден сақтаңдар!

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in