Заңды қайталау 20
20
Соғыс туралы ережелер
1Жауларыңа қарсы соғысуға шығып, олардың аттары мен соғыс күймелерін көріп, әскерінің сендердікінен басым екенін байқасаңдар, олардан қорықпаңдар! Себебі өздеріңді Мысыр елінен алып шыққан Құдайларың Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. 2Шайқасқа аттанып бара жатқанда діни қызметкер әскердің алдына шығып, былай деп сөз сөйлесін: 3«Тыңда, уа, Исраил жасағы! Қазір сендер жауларыңа қарсы шайқасқа кетіп бара жатырсыңдар. Жүрексініп қорықпаңдар, үрейленіп қалтырамаңдар! 4Себебі Құдайларың Жаратқан Ие сендермен бірге жүріп жар болады. Ол жауларыңа қарсы соғысып, сендерге жеңіс сыйлайды».
5Ру басқарушылары#20:5 1:15. да жасаққа сөз арнап былай десін: «Жаңадан үй салып, оған әлі қоныстанып үлгермеген біреу бар ма араларыңда? Сондай адам үйіне қайта берсін! Әйтпесе, ол шайқаста қаза тапса, үйін басқа біреу қоныстанып жүрер. 6Немесе жүзімдік отырғызып, жемісін әлі жинап үлгермеген біреу бар ма араларыңда? Ол да үйіне қайта берсін! Әйтпесе, ол шайқаста қаза тапса, жүзімдігінің жемісін басқа біреу жинап жүрер. 7Айттырылған қалыңдығы болып, әлі үйленіп үлгермеген жігіт бар ма араларыңда? Ол да үйіне қайта берсін! Әйтпесе, шайқаста қаза тапса, оның қалыңдығына басқа біреу үйленіп жүрер». 8Басқарушылар әскерге тағы былай десін: «Жүрексініп қорқып тұрған адам бар ма араларыңда? Ол да үйіне қайта берсін! Әйтпесе, оған қарап бауырластары да үрейленіп, қорқып жүрер!» 9Басқарушылар жасақшыларға арналған сөздерін бітірген соң, олардың үстінен қолбасшыларын тағайындасын.
10Бір қалаға қарсы соғысу үшін таяп келгендеріңде оған бітімге келіп, берілсін деген ұсыныс жасаңдар. 11Егер сол қала бітімді қабылдап, қақпаларын айқара ашса, онда қаладағы барлық адамдар сендерге міндетті жұмыс істеп, қызмет көрсететін болсын. 12Егер қала бітімге келмей, өздеріңе қарсы соғыс бастаса, оны қоршап алыңдар. 13Құдайларың Жаратқан Ие оларды қолдарыңа түсірген кезде қаладағы барлық еркектерді семсердің жүзімен құртыңдар, 14ал әйел, бала-шаға, мал-мүлікті өздеріңе алуға болады. Құдай Иеміз қолдарыңа табыстаған жауларыңның олжасын алып, өз қажеттеріңе жаратуларыңа болады.
15Қанахан елінен алыста орналасқан, осындағы халықтарға жатпайтын қалаларға осылай істеңдер.#20:15 Еш 9:3,9,15-18,21. 16Бірақ Құдайларың Жаратқан Ие өздеріңе иемденуге беріп отырған елдегі халықтардың қалаларында ешбір жан иесін тірі қалдырмаңдар! 17Керісінше, Құдай Ие сендерге әмір бергендей, хеттіктер, аморлықтар, қанахандықтар, перездіктер, хевтіктер және ебустіктерді түгелдей құртуға тиіссіңдер. 18Әйтпесе, олар өз жалған тәңірлеріне табынатын кезде істейтін жексұрын істерінің бәрін сендерге де үйретеді. Сонда өз Құдайларың Жаратқан Иеге қарсы күнә жасайсыңдар.
19Бір қаланы қолға түсіру үшін ұзақ уақыт қоршап тұрғанда айналасындағы ағаштарды шауып құртушы болмаңдар! Олардың жемістерін жей аласыңдар ғой. Далада өсіп тұрған ағаштар оларға қарсы соғысатындай, адамдар емес қой! 20Бірақ жемісі жеуге жарамайтыны белгілі ағаштарды кесіп, олардан сол қаланы қоршап, қолға түсіруге арналған құрал-жабдықтар жасауларыңа болады.
Currently Selected:
Заңды қайталау 20: КК 2010
Highlight
Share
Copy

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.