Даниял 7
7
Даниял пайғамбар түсінде көрген төрт айуан
1Белшазардың Бабыл еліне билік құрған бірінші жылы Даниял төсегінде жатқанда түсінде түрлі көріністер көрді. Содан ол түсінің мазмұнын жазып қалдырды. 2Онда Даниял былай деп баяндады:
— Түнде көрген түсімде аспанның төрт бағытынан қатар соққан желдің ұлан-ғайыр теңіздің астан-кестенін шығарып, сапырып жатқанын көрдім.#7:2 Сол замандағы исраилдіктерге ұлан-ғайыр, тынымсыз теңіз құпия да қауіпті болып көрінетін. Олар бір-бірімен жауласып отыратын басқа халықтарды кейде осы теңізбен салыстыратын (Иш 57:20; 17:12-13; Жыр 106:23-29). 3Сол кезде теңізден бір-біріне ұқсамайтын үлкен-үлкен төрт айуан шыға келді.
4Біріншісінің сырт көрінісі арыстанға ұқсады, бірақ оның бүркіттің қанатындай қанаттары болды. Мен қарап тұрғанда қанаттары жұлынып тасталды. Айуан жерден көтеріліп, адам сияқты артқы екі аяғымен тұрғызылды. Бұған қоса оған адамдікіндей ақыл-сана да#7:4 Немесе: адамдікіндей (яғни жай пенденікіндей) жүрек те. (Бұл айуан Бабыл патшалығын бейнелейді: 7:17. Осы көріністің Бабылдың ең күшті патшасы Набуходоносордың бір кезде билігінен айырылғанына сілтеуі де мүмкін: 2:37,38; 4:28-34; Ерм 49:19-22; Жыр 48:21.) берілді.
5Тағы қарағанымда екінші айуанның көрінісінің аюға ұқсайтынын байқадым. Ол бір жағымен көтеріле бастаған еді. Аузында тістеген үш қабырға бар екен.#7:5 Немесе: Оның аузынан үш азу тіс шығып тұр екен. (Бұл айуан мидиялықтар мен парсылардың патшалығын білдіреді: 8:20.) Осы айуанға: «Орныңнан тұр да, бас салып, етті молынан жалмай бер!» — делінді.
6Содан кейін қарасам, қабыланға ұқсаған тағы бір айуан тұрды. Оның арқасында құстікі сияқты төрт қанаты бар екен, әрі төрт басы да болды. Осы айуанға билік жүргізу тапсырылды.#7:6 Бұл айуан Ескендір Зұлқарнайын мен оның ізбасарларының патшалықтарын білдірсе керек (2:39; 8:21-25).
7Содан соң түнгі түсімде төртінші айуанды да көрдім. Ол өте қорқынышты, үрей туғызатын және асқан қуатты екен. Оның үлкен-үлкен темір тістері болды. Айуан алдына келгеннің бәрін жалмап, парша-паршасын шығарып, қалғанын аяқтарымен таптап жүрді. Ол бұған дейінгі барлық айуандардан өзгеше болды. Оның он мүйізі де бар еді.#7:7 Осы төртінші айуан Рим патшалығын бейнелесе керек (2:40).
8Сол мүйіздерге назар салғанымда, араларынан тағы бір кішкентай мүйіз шықты. Сонда оған орын босату үшін жаңағы мүйіздердің үшеуі түбімен жұлынып қалды. Осы мүйіздің адамдікіндей көздері және бөсіп мақтанған аузы болды.
Құдайдың және Ол тағайындаған Билеушінің сот жүргізуі
9Мен қарап тұра бердім. Соңында тақтар орнатылып, «Мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағала»#7:9 Немесе: Ежелгі заманнан бері жасап келе жатқан (Алла Тағала: 7:13,22; Жыр 89:2-3; Иш 6:1; 9:6; Езк 1:25-28). өз тағына отырды. Оның киімі мен шашы қардай аппақ, таза еді; отырған тағы лапылдап жанған оттан, ал тақтың дөңгелектері лаулаған жалыннан тұратын.#7:9 Езк 1:13-19. 10Тақта Отырғанның алдынан отты өзен шығып, ағып жатты. Сан мыңдаған нөкерлер Оған қызмет етіп, он мыңдаған түмендер Оның еркін орындауға дайын тұрды. Бүкіл сот тақтарына отырып, арнайы кітаптар ашылды.#7:10 Мыс 32:32; Жыр 55:9; Мал 3:16.
11Содан кейін мен бөсіп мақтанған сөздерін айтқан жаңағы мүйізбен#7:11 7:8,25. не болатынына назар аудардым. Кенеттен көз алдымда сол төртінші айуан өлтіріліп, денесі лапылдап жанып тұрған отқа тасталып құртылды. 12Қалған айуандар билігінен айырылды, әйтсе де белгілі бір уақытқа дейін тірі қалдырылды.
13Мен сол түні көріп жатқан көріністерде#7:13 Яки: аяндарда. кенеттен адам баласына ұқсайтын Біреудің аспандағы бұлттармен#7:13 Осында Құдайдың қасынан келетін Құтқарушы «Мәсіх» туралы астарлап айтылған. Аспандағы бұлттар мұнда Құдайдың нұрлы салтанатын білдіреді (Мыс 16:10; 19:9; 24:16; 40:34-38; Шеж2 5:13-14). келе жатқанын байқадым. Ол мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағалаға жақындап келіп, Оның алдына әкелінді. 14Оған құдірет, салтанатты ұлылық және патшалық билік тапсырылды. Барлық халықтар, ұлттар және тілдердің адамдары Оған бой ұсынып құрмет көрсетуге тиіс болды.#7:14 Немесе: Оған бас ұра тағзым етіп, қызмет көрсететін болады. Ол ешқашан өшпейтін мәңгілік билік құрады, Оның патшалығы еш уақытта жойылмайды!
Аяндардың мағынасы
15Ал мен, Даниял, жаным түршіге қиналдым. Осы көрген көріністерім#7:15 Яки: аяндарым. мені қатты абыржытты. 16Сол жерде тұрған нөкерлердің#7:16 Яки: періштелердің (7:10). біріне жақындап келіп, осының бәрін жорып беруін өтіндім. Сонда ол солардың шынайы мағынасын түсіндіріп айтып берді: 17«Төрт үлкен айуан — жер бетінде пайда болатын#7:17 Немесе: жерден шығатын. төрт патшалық. 18Бірақ Алла Тағалаға#7:18 Яки: Құдай Тағалаға, яғни Жаратқан Иеге (7:22,27; Жар 1:1). бағышталған адамдар патшалық билікті қабылдап алып, соған мәңгілік, иә, мәңгі бақи ие болады!»
19Содан кейін мен басқалардан өзгеше, аса қорқынышты төртінші айуан туралы білгім келді. Ол темір тістерімен, қола шеңгелімен олжаларын езіп, жалмап, қалғандарын аяғымен таптайды екен. 20Мен тағы сол айуанның басындағы он мүйіз туралы, әрі кейін солардың үшеуін түсіріп тастап, орнына өсіп шыққан жаңа мүйіз#7:20 7:8,11. туралы да білгім келді. Соның көздері және бөсіп мақтанған аузы болды. 21Мен қарап тұрғанда осы мүйіз Құдайға бағышталған адамдарға қарсы соғыс бастап, оларды жеңіп отырды. 22Бірақ соңында мәңгі жасап келе жатқан Тәңір Тағала#7:22 7:9,13. келді. Сонда Өзіне бағышталған адамдарды қолдаған үкім шығарылды. Осылай Тәңір Тағалаға бағышталған адамдардың патшалық билікті иемденетін уақыты жетті.
23Әлгі нөкер маған тағы мына түсіндірмені де берді: «Төртінші айуан жер бетінде кейінірек пайда болатын патшалықты білдіреді. Ол басқа патшалықтардың бәрінен өзгеше болып, бүкіл жер бетін таптап, талқандап, жалмап қояды. 24Оның он мүйізі осы патшалықтан шығатын он патшаны бейнелейді. Кейін олардан өзгеше тағы бір патша пайда болып, патшалардың үшеуін өзіне бағындырып алады. 25Сол патша Алла Тағалаға қарсы сөйлеп, Оған бағышталған адамдарды жәбірлеп қалжырататын болады. Ол Құдайдың Тауратта белгілеген мейрамдары мен заңдарын өзгертуге ұмтылады. Құдайға бағышталған жандар бір кезеңге, екі кезеңге және жарты кезеңге#7:25 Яки: бір жылға, екі жылға және жарты жылға (8:24; 12:7,11-12). оның қол астына беріледі.
26Алайда сот жүргізілгенде сол зұлым патша билігінен айырылып, үстемдігі біржолата жойылып, құртылады. 27Содан соң аспан астындағы бүкіл патшалықтардың билігі, құдіреті және салтанатты ұлылығы Құдай Тағалаға бағышталған халыққа тапсырылады. Оның Патшалығы мәңгілікке орнайды. Билеуші атаулының бәрі де Оған сиынып, мойынсұнатын болады».
28Түсіндірменің соңы осы. Мен, Даниял, көріп-ойлағандарымнан қатты абыржып, жүзім құп-қу болып кетті. Бірақ та бұлардың барлығын көңіліме түйіп алдым.
Currently Selected:
Даниял 7: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.