YouVersion Logo
Search Icon

Даниял 5

5
Белшазардың еркінсіп Құдайды қорлауы
1Көп жылдан кейін Белшазар патша#5:1 Бұдан басқа да тарихи деректерге сай, Бабыл патшасы Набонидтың мұрагері Белшазар б.з.д. 556-539 жж. әкесінің Бабылдан алшақ кеткен кездерінде оның орнын басып билік жүргізіп, патша (не билеуші) деген атаққа ие болды. өзінің қол астындағы бір мың басшы-ұлығына арнап үлкен қонақасы беріп, сонда бәрінің көз алдында шарап іше бастады. 2Соның дәмін татқаннан кейін Белшазар: «Атам Набуходоносор#5:2 Немесе: (Бабыл патшалығына) бұрынырақ билік құрған Набуходоносор. (Сол заманда бір патша бұрынғы патшалардың әулетінен шықпаса да, соларды өз әкесі не атасы, ал өзін солардың ұрпағымын деп атайтын.) кезінде Иерусалимдегі ғибадатханадан алып келген ыдыстар#5:2 (1:2; Шеж2 36:7; Пат4 24:13) Бұл ыдыстар жалғыз Құдайға бағышталған қасиетті бұйымдар еді (Мыс 37:16; Шеж2 4:8; 5:1,5; 6:1,14,18,41). келтірілсін!» — деп бұйырды. Себебі Белшазар өзінің басшы-ұлықтары, әйелдері әрі кәнизактарымен#5:2 Яғни әйелдері әрі күңдерімен. бірге сол қасиетті ыдыстардан шарап ішпек болды. 3Содан Құдайдың Иерусалимдегі киелі үйінен тонап алынған алтын ыдыстар әкелінді. Патшаның өзі, оның басшы-ұлықтары, әйелдері мен кәнизактары сол ыдыстарға шарап құйып, іше бастады. 4Олар ішіп отырғанда, алтын, күміс, қола, темір, ағаш және тастан жасалған жалған тәңірлерін дәріптеп, мақтау айтты.
Сарай қабырғасындағы ғажап жазу
5Сол сәтте кенеттен адам қолының саусақтары пайда болып, шам қойғыштың тұсында сарайдың әктелген қабырғасына бір нәрсені жаза бастады. Патша жазып жатқан қолға қарап, 6қатты абыржып кетті. Ол қорыққанынан қалш-қалш етіп, өңі қуарып, екі тізесі бір-біріне соғыла дірілдеп отырды.
7Патша қатты айқайлап, балгерлер, жұлдызшылар және сиқыршыларды шақыртып алды. Бабылдың білімпаздары жиналған соң, Белшазар оларға былай деді: «Кімде-кім осы жазуды оқып, оның мағынасын түсіндіріп берсе, сол патшалықтың үшінші билеушісі болады! Оған күрең қызыл шапан жабылып, мойнына алтын алқа тағылады»,#5:7 Патшалар, ханзадалар және бас уәзірлер ғана осындай қымбат киім киіп, алқа тағатын (Жар 41:42; Ест 3:10; 6:11). — деді.
8Патшаның шақырған білімпаз адамдарының бәрі алдына келді, бірақ ешқайсысы да жазуды не оқи, не түсіндіре алмады. 9Бұған Белшазар одан бетер үрейленіп, жүзі құп-қу болып қуарып кетті. Оның басшы-ұлықтары да дал болып састы.
10Осы кезде қонақасы беріліп жатқан жерге патша мен оның басшы-ұлықтарының айтқандары туралы хабар алған патшайым#5:10 Немесе: патшаның анасы. кіріп келді. Ол былай деді:
— Уа, патша, өміріңіз ұзақ болсын! Ой-пікірлеріңіз сізді абыржытпасын, бет-жүзіңіз де қуаң тартпасын. 11Патшалығыңызда киелі тәңірлердің рухы қонған бір адам#5:11 (4:5-6,15; 5:14) Немесе: Патшалығыңызда бойында Киелі Құдайдың Рухы бар бір адам. бар. Атаңыздың#5:11 Яғни Набуходоносордың (5:2). көзі тірісінде сол кісінің тәңірлердікі сияқты ақыл-парасаты мен көрегендігінің бар екендігі анықталған болатын. Сол адамды атаңыз Набуходоносор патша сәуегейлер, балгерлер, жұлдызшылар және сиқыршылардың үстінен қарайтын басшы етіп тағайындаған еді.#5:11 2:48; 4:6. 12Менің айтып отырған адамым Набуходоносор патша Балташазар деп ат қойған Даниял деген кісі. Ол өте зерделі, білімді және көреген адам. Оның түс жоритын, жұмбақтарды#5:12 Яки: қиын сұрақтар мен сөздерді. түсіндіретін және қиын мәселелерді шеше алатын қабілеті де бар. Даниялды шақыртыңыз, ол мына жазудың мағынасын түсіндіріп береді.
Даниялдың ғажап жазуды түсіндіруі
13Сонда Даниял патшаның алдына әкелінді. Патша оған:
— Атам Набуходоносор патша Яһуда елінен жер аударып алып келгендердің бірі — Даниял, осы сен емес пе едің? 14Сен туралы киелі тәңірлердің рухы саған қонған, әрі ақыл-парасатың мен көрегендігің ерекше деген мәлімет алдым. 15Мына жазуды оқып, түсіндіріп берсін деп алдыма келтірілген білімпаздар мен балгерлердің ешбірі соны істей алмады. 16Бірақ сені түрлі жайттардың мағыналарын түсіндіріп, қиын мәселелерді шешіп бере алады деп естідім. Егер мына жазуды оқып, оның мағынасын түсіндіріп берсең, үстіңе күрең қызыл шапан жауып, мойныңа алтын алқа тағып, сені патшалықтың үшінші билеушісі етіп тағайындаймын, — деді.
17Даниялдың жауабы мынау болды:
— Маған сый беруге әуре болмай-ақ қойыңыз, тартуларыңызды басқа біреуге сыйлай беріңіз. Ал сізге мына жазуды оқып, мағынасын айтып берейін.
18Уа, патша, Алла Тағала атаңыз Набуходоносорға патшалық билік пен ұлылық, даңқ, қадір-құрмет пен салтанат сыйлаған еді. 19Осындай ұлылыққа ие болған атаңыздан күллі ұлттар, халықтар мен тілдердің адамдары дірілдеп қорқатын. Патша өзі қалаған кісілерін не өлімге кесіп, не тірі қалдырып отырды, әрі өз еркіне сай олардың дәрежелерін не көтеріп, не төмендететін.
20Бірақ жүрегі тым тәкаппар болып қасарысқан кезде Набуходоносор патша тағынан айырылып, бар салтанатынан жұрдай болды. 21Ол адамдардың арасынан аластатылып, ақыл-есі өзгеріп, хайуандікіндей болып қалды. Сонда құландармен#5:21 Немесе: жабайы есектермен (Жар 16:12). бірге даланы мекендеп, өгіз сияқты шөппен қоректеніп, шыққа малынып жүрді. Ол Алла Тағаланың пенделердің патшалықтарына үстемдік жүргізіп, оларға Өзі қалаған кісісін басшылыққа тағайындайтынын ұққанға дейін#5:21 4:14,22,29. ол сондай күйінде қалды.
22Ал сіз, оның ұрпағы#5:22 Немесе: оның ұлы (яки: оның тағына отырған патша: 5:2). Белшазар, осының бәрін білсеңіз де, кішіпейіл болған жоқсыз. 23Керісінше, Көктің Иесіне#5:23 4:23,34. қарсы бас көтердіңіз! Оның киелі үйінен тонап алынған ыдыстарды алдыртып, солармен басшы-ұлықтарыңыз, әйелдеріңіз әрі кәнизактарыңызбен бірге шарап іштіңіз, оның үстіне күміс, алтын, қола, темір, ағаш және тастан жасалған, ештеңені көріп-естімейтін әрі түсінбейтін тәңірсымақтарды мадақтап отырдыңыз. Алайда өміріңіз бен барлық жолдарыңызды қолында ұстап отырған Құдайға ешқандай мадақтау айтқан жоқсыз! 24Сол себептен де Ол осы қолды жіберіп, мына жазуды жаздыртты.
25Жазылған сөздер мынадай: «Мене, мене, текел, у-парсин».#5:25 Яғни: Бір мина, бір мина, бір текел және жарты (мина). (Мина, текел, жарты мина кәдімгі күміс не бақыр теңгелер болатын. Түпнұсқадағы «у» «және» дегенді білдіреді. Сол сөздерді былай деп те аударуға болады: «Саналған, саналған, таразыда тартылған және жартыланған», яғни бөлінген.) 26Олардың түсіндірмесі мынау: «мене» — «Құдай патшалығыңның күндерін санап, оны тоқтатты» дегенді, 27«текел» — «Сен таразыға тартылып, жеткіліксіз деп табылдың» дегенді, 28ал «перес»#5:28 Перес: (парсин сөзінің жекеше түрі) түпнұсқа тілінде «жарты мина», «жартыланған» (яки: «бөлінген») және «парсы» деген сөздерді білдіре алады. — «Патшалығың бөлініп, мидиялықтар мен парсыларға берілді» дегенді білдіреді.
29Сонда Белшазардың әмірі бойынша Даниялға күрең қызыл шапан жабылып, мойнына алтын алқа тағылды. Ол патшалықтың үшінші билеушісі деп жарияланды.
30Дәл сол түні халдей патшасы#5:30 Яки: Бабыл елінің билеушісі (5:2; 1:4). Белшазар өлтірілді. 31Оның патшалығын мидиялық Дарий иемденді.#5:31 6:28. Сол кезде Дарий шамамен алпыс екі жаста болатын.

Currently Selected:

Даниял 5: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in