YouVersion Logo
Search Icon

Амос 9

9
Елдің жойылуы жайлы аян
1Мен құрбандық үстелінің жанында тұрған Жасаған Иенің берген аянын көрдім. Ол маған тіл қатып былай деді: «Бағаналардың бастарын ұр, босағалары күйресін! Оларды халықтың үстіне құлат! Аман қалғандарын Өзім семсермен қырамын. Ешқайсысы қашып та кетпейді, ешқайсысы құтыла да алмайды. 2Олар тіпті жер астына түсіп, көміліп қалса да, Мен оларды қолыма түсірер едім. Аспанға шығып кетсе де, оларды төменге түсіремін.#9:2 Жыр 138:8-9; Ерм 51:53; Абд 1:4. 3Олар Қармил тауының төбесіне тығылып қалса да, сол жерден де тауып, ұстап алар едім! Менен теңіздің түбіне барып жасырынса, Мен улы жыланға оларды шағуға бұйырар едім. 4Жаулары оларды тұтқындап, басқа елге айдап әкетсе, сол жерде де семсерге оларды жалмауға әмір етер едім. Мен оларға назарымды тігіп, игілік емес, қасірет жіберемін».
5Әлемнің Әміршісі Жаратқан Ие қолын жерге тигізсе, ол балқи бастайды да, онда тұратындар қайғырады. Бүкіл жер Мысырдағы Ніл өзені сияқты көтеріліп әрі тасып, сосын қайтадан төмендейтін болады.#9:5 8:8. 6Ол Өзінің зәулім сарайын көкте салып, соның негізін жердің бетінде қалайды. Ол теңіздің суын жоғары көтеріп, оны жердің бетіне төгеді.#9:6 5:8; Жыр 103:1,3,13. Оның есімі — Жаратқан Ие.
7«Ей, исраилдіктер, сендерді қалай көрсем, құштықтарды#9:7 Иш 18:1; 37:9; 43:3. да солай көремін! — деп ескертеді Жаратқан Ие. — Әрине, ежелде Мен сендерді Мысырдан азат етіп алып шықтым. Бірақ Мен філістір халқын да Крит аралынан, әрі арамалықтарды (Бабыл еліндегі) Кир аймағынан алып шыққанмын.#9:7 1:5; 2:10; Мыс 12:51; Заң 2:23; Пат4 16:9.8Жаратушы Тәңір Ие тағы мынаны айтады: — Біліп қойыңдар, Менің назарым күнәға батқан Солтүстік Исраил патшалығына бағытталған. Оны жердің бетінен құртамын. Алайда Мен Жақыптың үрім-бұтағын толығымен жойып жібермеймін, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — 9Мен әмір бергенде, Солтүстік Исраилдің халқы бидай іспетті шайқатылып електен өткізіледі. Олар барлық халықтардың арасына шашырап тарап кетеді, әрі електің ішіндегі бірде-бір ұсақ тас (бидаймен бірге) өтіп, жерге түспейді.#9:9 Демек, зұлымдар Құдайдың халқынан аластатылмақ (9:10; Езк 20:38). 10Сонда Менің халқымның арасындағы «Біздің басымызға қасірет түспейді!» деп көкитін күнәкарлардың барлығы семсерден құриды».
Дәуіттің патшалығының қалпына келтіріліп, жарылқануы
11«Сол күні Мен Дәуіттің құлап қалған үйін қайтадан тұрғызамын;#9:11 Демек, Мен ежелгі Дәуіт пайғамбардың әулетінен шыққан Патшаға (Мәсіхке) билікті тапсырамын (Иш 16:5; 9:6-7; 11:1-3,10; Елш 15:16). оның жарылған жерлерін жөндеп, қираған қабырғаларын қаластырып, оны бұрынғы замандағыдай қалпына келтіремін. 12Сонда олар Едом халқының тірі қалғандарына және Өзім меншігім болуға тағайындаған барлық басқа ұлттарға ие болады. — Осыны айтқан Мен, Жаратқан Ие, оны іске асырамын.
13Сол кезде (өнімдеріңнің мол болатыны сонша,) астықты келесі жер жыртқан уақытқа дейін жинап, қамбаға құйып бітіре алмайтын боласыңдар. Әр жыл сайын жүзімдерің тез пісіп, артылып та қалатын болады. Жүзім шырыны таулардың беткейлерінен ағып, қыраттардан тамшылап түспек. 14Мен халқым Исраилді тұтқыннан қайтарып, игілікке кенелтемін. Олар қаңырап қалған қалаларды қайта тұрғызып, сонда қоныстанатын болады, жүзімдіктер мен бау-бақшалар отырғызып, солардың шырынын ішіп, жемісін жейтін болады. 15Осылай Мен халқымның тамырларын өз елінде терең жайдырамын. Олар Өзім табыстаған елден енді қайтып жұлынып тасталмайды. Мұны Мен, Құдайың Жаратқан Ие, уәде етемін».

Currently Selected:

Амос 9: КК 2010

Highlight

Share

Copy

None

Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in