Елшіл. істері 8
8
1Саул#8:1 7:58. да Степанды өлтіруді қоштаған еді. Сол күннен бастап Иерусалимдегі сенушілер қауымын қатты қудалау басталды. Елшілерден басқалардың бәрі Яһудея мен Самария аймақтарына бытырап кетті.#8:1 1:8. 2Ал Құдайды қастерлейтін бірнеше кісі Степанды қабірге қойып, қатты аза тұтып жоқтады.
3Саул болса, қауымға қырғидай тиді; үй-үйді аралап, әйелдер мен еркектерді сүйреп шығарып, түрмеге жапқызды.
Філіптің Ізгі хабарды Самарияға жеткізуі
4Бытырап кеткен сенушілер ел аралап, Ізгі хабарды таратып жүрді. 5Қауым қызметшісі Філіп Самарияның астанасына#8:5 Яғни Сихарға (Жох 4:5; Түсіндірмедегі «Самариялықтарды» да қараңыз). келіп, оның тұрғындарына Мәсіх туралы Ізгі хабарды жариялады. 6Көптеп жиналған халық Філіптің уағыздарын естіп, оның Құдайдың құдіретін көрсеткен кереметтерін көргенде, барлығы бірдей Філіптің айтқандарына зейін қойды. 7Өйткені көп кісілердің буып жүрген жындары қатты айқайлап бойларынан шығып кетті, әрі көптеген сал, мүгедек болғандар сауықтырылды. 8Содан қала халқы зор қуанышқа кенелді.
9Осы қалада бұрыннан сиқырлықпен айналысып келген Шимон есімді кісі тұрушы еді. Ол ұлы адаммын деп мақтанып, Самария халқын таңырқататын. 10Қатардағылардан бастап атақтыларға дейін бәрі оны жоғары санап: «Мына кісіде Ұлы күш деген тәңірдің құдіреті бар!»#8:10 Яки: «Мынау — Ұлы күш деген Құдайдың құдіреті!» (14:11; 28:6; Рим 1:21-23) дейтін. 11Шимон оларды едәуір уақыт бойы сиқырлық өнерімен баурап алғандықтан, халық оны пір тұтты. 12Ал енді Філіп Құдайдың Патшалығы және Исаның Мәсіх екендігі туралы Ізгі хабарды жариялағанда, олар соған сенді. Көптеген ер адамдар мен әйелдер (Мәсіхтің жолына түсіп) шомылдыру рәсімінен өтті. 13Шимонның өзі де сеніп, осы рәсімнен өтіп, Філіптен бір елі қалмай қойды. Ол Құдайдың құдіретін танытатын ұлы кереметтерді байқағанда қайран қалып жүрді.
Киелі Рухтың самариялықтарға қонуы, әрі сиқыршы Шимонның қатты сөгіс алуы
14Иерусалимдегі елшілер «Самарияның халқы#8:14 Яки: Самариялықтар (1:8; 8:5; Жох 4:35,39-42). Құдайдың Ізгі хабарын қабыл алды» дегенді естігенде, оларға Петір мен Жоханды жіберді. 15Екеуі келген соң, Киелі Рухты қабылдасын деп солар үшін сиынып мінажат етті. 16Себебі Киелі Рух әлі олардың ешқайсысына қонбаған еді. Олар тек Иеміз Исаның атынан#8:16 Яки: Исаның жолын қуушы шәкірттері ретінде (2:38; Мат 28:19). шомылдыру рәсімінен өткен болатын. 17Екі елші олардың үстеріне қолдарын қойғанда, самариялық сенушілер де Киелі Рухты қабылдады.#8:17 8:18; 6:6; 9:17; 19:6; Тім1 4:14; Евр 6:2.
18Шимон елшілердің алақан тигізуі арқылы адамдарға Киелі Рух берілгенін байқағанда оларға ақша ұсынып:
19— Маған да осындай билік беріңдерші, үстіне қолымды қойған әркім Киелі Рухты қабылдап жүрсін, — деді. 20Петір оған былай деп жауап берді:
— Құдайдың беретін дарынын#8:20 Яки: Құдайдың сыйын (2:38). ақшаға сатып аламын дегенің үшін, ақшаң өзіңмен бірге құрысын. 21Осы қызметті атқаруға сенің қақың жоқ,#8:21 Немесе: осы іске сенің қатысың мен үлесің жоқ (Еф 5:5). себебі Құдайдың алдында жүрегің таза емес. 22Сондықтан осы жаман қылығыңа өкініп, Құдай Иеге сиынып жалбарын! Мүмкін, Ол жүрегіңдегі қара ниетіңді кешірер. 23Жаман қызғаныш пен әділетсіздікпен шырмалғандығыңды#8:23 Немесе: Сенің ащы өтке толы әрі әділетсіздіктің құлы екеніңді. байқап тұрмын. — 24Ал Шимон олардан:
— Айтқандарыңның бірі де басыма келмесін деп сендер мен үшін Құдай Иеге жалына көріңдерші! — деп өтінді.
25Екі елші халық алдында Иеміз туралы Ізгі хабарға куәлік келтіріп, уағызын аяқтағаннан кейін, Иерусалимге қайта оралып, жол-жөнекей Ізгі хабарды Самарияның көптеген ауылдарында уағыздай жүрді.
Эфиопиялық уәзірдің Мәсіх жолына түсуі
26Бір күні Жаратқан Иенің періштесі Філіпке: «Жиналып, оңтүстікке қарай#8:26 Немесе: Орныңнан тұрып, түс кезінде. Иерусалимнен Газаға баратын елсіз жолға шық!» — деп тапсырды. 27Содан Філіп дайындалып, жүріп кетті. Жол бойында оған бір эфиопиялық адам#8:27 Ежелде «Эфиопия» деп те аталған Құш елі Ніл өзенінің жоғарғы жағында, бүгінгі Мысыр, Судан, Эфиопия мемлекеттеріндегі Нубия өлкесінде орналасқан еді (Жыр 67:32-33; 86:3-4; Соф 3:10). кез болды. Бұл Эфиопияның патшайымы Қандақидың барлық қазынасын басқаратын уәзірі екен. Ол Иерусалимге Құдайға ғибадат етуге келіп, 28енді еліне қайтып бара жатты. Уәзір күймесінде Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отыр екен. 29Киелі Рух Філіпке: «Күймеге жақындап, қатарласып жүр!» — деді. 30Філіп күймеге жүгіріп барғанда, сол кісінің Ишая пайғамбардың жазбасын оқып отырғанын естіді. Оған:
— Оқығаныңыз түсінікті ме? — деген сұрақ қойды. 31Уәзір:
— Біреу түсіндірмесе, қайдан түсінейін? Күймеге мініп, қасыма отырыңызшы, — деп Філіптен өтінді.
32Жазбадан оқып отырған жері мынау еді: Оны қой сияқты сойылатын жерге алып барды. Ол қырқылып жатқанда үні шықпайтын тоқты секілді тіс жармады. 33Ол жәбірленіп, әділ сотталу құқығынан айырылды. Оның ұрпақтары туралы кім айтып бере алады? Өйткені Оның жаны бұ дүниеден аластатылды.#8:33 Иш 53:7-8 көне грекше Септуагинта аудармасы бойынша.
34Уәзір Філіптен:
— Өтінемін, айтыңызшы: пайғамбар осы сөздерді өзі туралы айтып тұр ма, әлде басқа біреу туралы ма? — деп сұрады. 35Сонда Філіп Киелі жазбаның осы жерінен бастап, Иса туралы Ізгі хабарды айтып берді.
36Жолда осылай келе жатып, олар бір суға тап болды. Уәзір сонда:
— Мынау су ғой, менің шомылдыру рәсімінен өтуіме болмай ма? — деп өтінді. 37(Філіп:
— Шын жүректен сенсеңіз, болады, — деп жауап берді. Бұған ол:
— Мен Исаның Құдайдың рухани Ұлы#8:37 3:13,26; 4:27; 9:20; Лұқ 1:35. екеніне сенемін, — деді.) 38Уәзір күймені тоқтатуға бұйырды. Екеуі суға түсіп, Філіп уәзірді суға шомылдыру рәсімінен өткізді. 39Олар судан шыққанда, Жаратқан Иенің Рухы Філіпті білдірмей алып кетті.#8:39 Жар 5:24; Пат3 18:12; Пат4 2:16; Езк 3:12-15. Содан қайтып уәзір оны көрген жоқ. Солай болса да, ол қуанышқа кенеліп, өз жөніне кетті.
40Бұдан кейін жұрт Філіпті Азоттан көрді. Ол сол жерден ел аралап, Кесарияға#8:40 Азот қаласының көне аты: Ашдод (Еш 11:22). Кесария: 9:30; 18:22. жеткенше Ізгі хабарды барлық қалаларға таратып жүрді.
Currently Selected:
Елшіл. істері 8: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.