Елшіл. істері 21
21
Пауылдың Иерусалимге сапары
1Олардан айырылысқаннан кейін біз теңізге қайта шығып, тура жүзе отырып Қос аралына, ертеңінде Родосқа, ал одан Патараға жеттік. 2Сол қаладан Финикия еліне тіке баратын бір кеме тауып алып, соған отырып, жүріп кеттік. 3Кипр аралы көрінгенде, оны оңтүстік жағынан айналып өтіп, Сирияға беттедік те, Тирге келіп тоқтадық. Себебі кеме сол қалаға жүгін түсіретін еді. 4Иеміздің жолын қуушы шәкірттерін тауып алып, олармен жеті күн болдық. Киелі Рухтан хабар алған олар Пауылға «Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз» дей берді. 5Әйтсе де, сол күндер өткен соң сапарымызды әрі қарай жалғастырдық. Сенушілердің бәрі әйелдерімен, бала-шағасымен бізді қаланың сыртына дейін шығарып салды. Жаға бойында тізе бүгіп мінажат еттік. 6Бір-бірімізбен қош айтысқаннан кейін біз кемеге отырдық, ал олар үйлеріне қайтты.
7Тирден шығып, Птолемайс қаласына жеткен соң, мұндағы бауырластармен амандасып, бір күн бірге болдық. 8Ертеңіне Кесарияға бардық. Сол қалада біз Иерусалим қауымының жеті қызметшісінің бірі — Ізгі хабарды уағыздаушы Філіптің#21:8 Елш 6:5; 8:5. үйіне түсіп, сонда қалдық. 9Оның тұрмысқа шықпаған төрт қызы да пайғамбарлық сөз айтады екен.#21:9 Яки: Құдайдың хабарын жеткізетін дарындары бар болатын (Лұқ 2:36; Қор1 12:8-10; 11:5; Түсіндірмені де қараңыз).
10Біз Кесарияда бірнеше күн болғаннан кейін, Яһудея аймағынан Агаб есімді пайғамбар келді. 11Ол қасымызға келіп, Пауылдың белбеуін алып, сонымен өз аяқ-қолдарын байлады да:
— Киелі Рух былай дейді: осы белбеудің иесін Иерусалимдегі яһудилер дәл осылай байлап, басқа ұлт адамдарының қолына ұстап береді, — деді. 12Осыны естіген біз және жергілікті бауырластар Пауылдан:
— Иерусалимге бармай-ақ қойыңыз, — деп өтіндік. 13Бірақ ол:
— Неменеге жылап, жүрегімді ауыртып тұрсыңдар? Мен Иеміз Исаның атын жариялау үшін Иерусалимде қол-аяғымды байлатпақ түгіл, жанымды қиюға да дайынмын, — деп жауап берді. 14Оны көндіре алмағаннан кейін, біз тынышталып:
— Иеміздің еркі болсын! — дедік.
15Осыдан кейін біз жолға дайындалып, Иерусалимге қарай өрледік. 16Кесариядан бірнеше бауырластар еріп, бізді бастапқы кезден бері Иеміздің жолын қуып келген Мынасон есімді кипрлікке алып барды. Бізге соның үйінде қонуға тура келді.
Иерусалимдегі қауым жетекшілерінің берген кеңесі
17Иерусалимге жеткенде, сондағы бауырластар бізді құшақ жая қарсы алды. 18Ертеңіне біз Пауылмен бірге Жақыпқа#21:18 15:13; Ғал 1:19; 2:9; Жақ 1:1. бардық, қауымның барлық басқа жетекшілері де сонда жиналды. 19Олармен сәлемдескен соң Пауыл өзінің қызметі арқылы Құдайдың басқа ұлттар арасында не істегенін егжей-тегжейлі айтып берді. 20Оны тыңдап болған соң, бәрі Құдайды дәріптеп мадақтады.
Содан кейін олар Пауылға былай деді:
— Уа, бауырласымыз, мынаны білесің: сан мыңдаған яһудилер Иемізге сенеді, барлығы да — Таурат заңын қызу жақтап, қатаң ұстанушылар.#21:20 15:1; 22:3; Ғал 1:14. 21Олар сен туралы: «Шетелде тұратын күллі яһудилерге: Мұса арқылы берілген Таурат заңынан бас тартып, балаларыңды сүндеттемеңдер, басқа да әдет-ғұрыптарымызды ұстамаңдар деп үйретіп жүр» деген хабар алды. 22Ал бұған не істейік? Халықтың сенің осында екеніңді біліп, жиналатыны сөзсіз. 23Сондықтан айтатынымызға құлақ сал! Арамызда назир антын#21:23 18:18; Рул 6:13-21; Түсіндірмені де қараңыз. берген төрт кісі бар. 24Соларды ертіп алып, тазару рәсімін бірге жаса. Сондай-ақ шаштарын алдырулары үшін қажетті құрбандықтың құнын өзің төле. Сонда бәрі сен туралы естігендерінің жалған екеніне, қайта, өзіңнің де Таурат заңын орындап жүргеніңе көз жеткізетін болады.
25Ал басқа ұлттық сенушілерге келсек, біз қабылдаған шешіміміз туралы жазып жібердік қой: олар жалған тәңірлерге арналған құрбандықтардан, қаннан, арам өлген малдың етінен және неке адалдығын бұзудан аулақ жүруге тиіс.#21:25 15:20,29.
26Сонымен Пауыл келесі күні әлгі кісілерді ертіп алып, бірінші тазару рәсімінен бірге өтті. Содан кейін ғибадатханаға барып, тазару мерзімінің аяқталып, әрқайсысы үшін құрбандық шалынатын күнді діни қызметкерге хабарлады.
Ғибадатхана алаңындағы толқу және Пауылдың тұтқындалуы
27Тазару мерзімінің жеті күні аяқталар шақта, Азия аймағынан келген яһудилер Пауылды ғибадатханада көріп, халықты оған қарсы айдап салды. Олар Пауылды ұстап алып, былай деп айқайлады:
28«Уа, исраилдік ер азаматтар, келіп, көмектесіңдер! Мына кісі барлық жерде біздің халыққа, Таурат заңымызға және осы жерге қайшы ілімін таратып жүр. Оның үстіне өзге ұлт адамдарын#21:28 Яки: грекше сөйлейтін басқа ұлттық адамдарды (Жох 12:20). ғибадатханаға кіргізіп, киелі жерді арамдады!
29Себебі олар осының алдында Пауылдың қалада ефестік Трофиммен бірге жүргенін көріп, сол шетелдікті ғибадатхананың ішкі ауласына#21:29 Ғибадатхананың ішкі ауласы (яки: алаңы) яһуди дініне кірмеген басқа ұлт адамдарына тыйым салынған жер болатын. алып келген екен деп ойлады. 30Бүкіл қала толқып, халық жан-жақтан ағылып жиналды. Олар Пауылға бас салып, оны ғибадатханадан сүйреп шығарды. Сол заматта-ақ ғибадатхананың қақпалары жабылып қалды.
31Олар Пауылды өлтірмекші болып жатқанда, Рим әскерінің мыңбасына: «Бүкіл Иерусалим бүлік шығарып жатыр!» — деген хабар жетті. 32Ол дереу жасақшылар мен жүзбасыларын алып, тобыр жиналған жерге қарай асықты.#21:32 Әскердің Антоний қорғаны ғибадатхананың қасында орналасқан әрі онымен баспалдақ арқылы байланысқан еді. Әлгі адамдар мыңбасы мен жасақшыларды көргенде, Пауылды ұрып-соғуларын доғарды. 33Мыңбасы жақындап келіп, Пауылды тұтқынға алды да, екі шынжырмен қол-аяғын бұғаулауға бұйырды. Бұдан кейін адамдардан Пауылдың кім екенін, оның не істегенін сұрады. 34Жиналған тобырдың ішінен біреулері анау деп, біреулері мынау деп айқайлап жатты. Осындай у-шуда жөнді жауап ала алмаған соң, мыңбасы Пауылды қамалға айдап әкетуге әмір етті. 35Пауыл баспалдаққа жетіп қалғанда, ашулы халық қыспаққа алғандықтан жасақшылардың оны көтеріп жүрулеріне тура келді. 36Өйткені үлкен тобыр артынан қалмай: «Оны өлтіріңдер!» — деп айқайлай берді.
37Жасақшылар Пауылды қамалға кіргізейін дегенде, ол мыңбасына тіл қатып:
— Сізге бір сөз айтуға бола ма? — деді. Анау қатты таңғалып:
— Сен грекше білесің бе? 38Демек, сен біраздан бұрын көтеріліс ұйымдастырып, төрт мың қарақшыны#21:38 Яки: (Қанжармен қаруланған) көтерілісшіні (5:36-37; Мат 24:26). айдалаға жетелеп кеткен мысырлық емессің ғой? — деп сұрады. 39Пауыл:
— Жоқ, мен яһудимін, Кіликияның танымал қаласы Тарстың азаматымын.#21:39 9:11,30; 15:23,41; 16:37; 22:25-29. Маған халыққа арнап сөз сөйлеуге#21:39 Пет1 3:15; 4:15-16. рұқсат етсеңіз екен, — деді. 40Әскербасы рұқсат берген соң, Пауыл баспалдақ сатысында тұрған күйі қолын жоғары көтеріп, халыққа белгі берді. Тыныштық орнағанда, оларға еврейше сөзін бастады:
Currently Selected:
Елшіл. істері 21: КК 2010
Highlight
Share
Copy
Want to have your highlights saved across all your devices? Sign up or sign in
© Киелі Кітап, Қазақша аудармасы және көркемделуі «Орта Азия баспасы ЖШС», 1993, 1996, 2000, 2010, 2015, 2021.